Жәңгір хан және Қарасай батыр

Қарасай Алтынайұлы – 1598 жылы туып, 1671 жылы 73 мүшел жасында қайтыс болған. Арқада Айыртау деген жерге жерленген. Қандыкөйлек досы арғын Ағынтай батыр…
Қарасай Алтынайұлы – 1598 жылы туып, 1671 жылы 73 мүшел жасында қайтыс болған. Арқада Айыртау деген жерге жерленген. Қандыкөйлек досы арғын Ағынтай батыр екеуін ел-жұрт бір қорымға қатар қойыпты. Қызылжар қаласындағы Қарасай мен Ағынтай ескерткішін көргенде, оны ескерген ұрпаққа өте риза болдым. Өйткені, екі батырдың достығы – барша қазаққа үлгі боларлық достық. Сан рет дода соғысқа түсе жүріп, екі батыр да жау қолынан емес, өз ажалынан өлген. Оның ең басты себебі: екеуінің бір-бірін қорғай білуінде. Қазақтың Ата шежіресін жазып қалдырған Қазыбек бек Тауасарұлының дерегіне қарағанда, Қарасай дода соғысқа кіріп кеткенде, оның ту сыртынан жау тимесін деп Ағынтай қорғаштай жүріп жауға шабады екен, ал Ағынтай додаға кіріп кеткенде Қарасай оның ту сыртынан қорғап соғысады екен. Сол дәстүрді үлгі еткен ұрпақ екі батырды өлгенде де бір араға қойыпты.

Қарасайдың батыр атағы алғаш он жеті жасында 1615 жылы Тобыл жерінде болған соғыста шығады. Ол соғысты Есім ханның өзі басқарады. Он жеті жасар жас жігіт Есім ханның алдына қалмақтың екі пайшысын жаяу айдап әкеліп: «Хан ием, бұдан былай қазаққа тиіскен жау өстіп алдыңызға тізе бүгеді», – депті. Сонда жас жігітке риза болған хан: «Сен енді қазақтың Қарасай батырысың», – депті.
Қарасайдың алғаш соғысқа қанша жасында қатысқанын шежіре анықтап айтпайды, алайда он жеті жасында Есім ханды риза еткен Қарасай батыр атағын әр соғыс сайын әйгілеп тұп-тура елу жыл бойы аттан түспей ел қорғапты, яғни 1615 жылдан 1664 жылғы соңғы жорығына дейін хас батыр деген атын досына да, қасына да жария етті.


Қазақ пен қалмақ соғысы ұзаққа жалғасқан соғыс, ХVI ғасырдан басталып, ХVIІІ ғасырдың бел ортасынан асып барып бітті (1758 ж.) Бұл соғыс әсіресе 1635 жылы Батұр қонтайшы билікке келіп, қалмақтардың басын бір мемлекетке бағындырған соң тіпті өршіді. Қазақ үшін өрескел саналатын өз атын өзгертіп, ол қонтайшы болған соң Батұр атын алды. Он мыңдай жақын туысының арқасында билікке жеткен ол бірден Есім хан билігіндегі қазақтарға тиісіп, күш басымдығын көрсетті. Басым түскені соншалық, Есім ханның ұлы Жәңгір сұлтанды қолға түсіріп байлап әкетті. Жәңгірдің дәл осы жылы тұтқында болғанын орыс тарихшылары да жазады, алайда олар оның ол тұтқыннан қалай босанып шыққанын білмейді, жазбайды. Ол кезде орыстар қалмақтармен жақсы қарым-қатынаста болатын. Соған қарамастан, қалмақтардың ол сырды оларға ашпағаны – масқара болғандарын жасырғаны, намыстанғаны. Жағдай, шынында намыстанатындай еді. Жәңгір қалмақ тұтқынында бір жылдай болады. Ұлы үшін алдымызға Есім ханның өзі кішірейіп келеді деп күткен Батұр қонтайшы Жәңгірді кісен салып өз ордасының қасында ұстайды. Ханзаданың бұл халі қазақ үшін де намысты жағдай екені сөзсіз. Сондықтан өзі он жеті жастағы кезінен бері білетін Қарасай батырға Есім хан айрықша сенім артқан болу керек. Оның батырлығы өз алдына, ауылы да қалмақ қотанымен іргелес, жұрты сыралғы. Ол кезде жалайыр, шапырашты, дулат тайпалары Жетісудың шығысында Балқаш маңын жайлайтын. Есім ханның ұлы қалмақтардың тұтқыны болыпты деген сөз қай қазақтың да қабырғасына қатты бататыны сөзсіз. Ердің де, елдің де намысына тиетін жағдай. Осыны жан-жақты ойластырған Қарасай батыр Жәңгірді тұтқыннан қалай босатудың жос¬парын ойдағыдай дайындаған тәрізді. Досы Ағынтай екеуі Сапы-Саты көлінің (қазір Көлсай) қасына қоныстанып, қазақ-қырғыз ауылдарынан сыр тартқан секілді. Ақырында Жәңгірдің қай арада, қандай күйде екеніне әбден көзін жеткізген соң, Ағынтай досын және бір батырды қасына алып, қонтайшы ордасына елеусіз ғана аттанып кетеді. Үш-ақ адаммен тұтқындағы ханзаданы құтқарып алам деу, бір қарағанда, тым ұшқары түсінік сияқтанады. Алайда, жан-жақты ақылға салып, бейқам қонтайшыны бейсауат кезде қапы қалдыруды қарастырған әрекет екеніне істің барысында ғана көзің жетеді. Көшпелі ауылдың кешкі, түнгі тіршілігін жете білетін және соны дәл пайдаланған ерлікке еріксіз риза боласың. Аттарын жақын маңдағы бір сайға тастап, олар қонтайшы ордасына ел жата ғана жақындайды. Орда міндетті түрде таза бастаудың төңірегіне тігіледі. Бастаудың басына әркім әртүрлі жағдаймен бара береді. Бір қалмақ жігіті ат суаруға келеді. Оны байлап, хал-жағдайдың бәрін сұрастырып білген соң, аузын таңып, бастаудың басына тастайды да, өздері ордаға кетеді. Келе бергендерінде алдарынан біреу шығады. Қарауыл қалмақтың бірі шығар деген Қарасай оны күре тамырын басып талдырып тастайды. Үн шығармаудың әдіс-айласын әбден меңгерген батырға ол әдіс аса қиынға соқпаған болу керек. Сол 1636 жылы Қарасай 38 жаста. Батыр атанғанына 20 жылдан асқан кез.
Ағынтай екеуі ұйқыда жатқан қарауылға да тимей, үйдің іргесін көтеріп жіберіп Жәңгірді шығарып алады. Бұл да киіз үйдің тігілу әдісін әбден білетін адам ғана істей алатын әдіс. Жәң¬гірді Қарасай көтеріп алса, Ағынтай бір өндір қымызды көтере кетеді. Оның өзі олардың емін-еркін жүрген жаужүрек жандар екенін әйгілейді. Айналада әскер жоғын, ордада қаптаған қарауыл да жоғын олар алдын ала біліп алған. Он шақты қалмақ жабыла кетсе, үшеуіне олардың түк болмасын тағы біледі.
Ағынтай бұлақтың қасына келген соң, Жәң¬гірді аяғындағы кісеннен босатады. Сөйтеді де, тағы қонтайшының үйі жаққа жүгіріп барып, қалмақтың қызы екен деп, біреуді көтеріп әкеледі. Қарасайдың талдырып кеткен қалмағы қонтайшының өзі екенін, ол далада ұзап кеткен соң, оны іздей шыққан адам әйелі екенін де олар кейін біледі.
Бұл ерлік – көшпенді елге ғана тән ерлік. Бір-бірінің тұрмыс-тіршілігін, бейғам өмірін өте жақсы білетін адамдардың ғана қолынан келетін ерлік. Жүректілік деген осы: жау ордасын¬да да өз үйінде жүргендей емін-еркін әрекет жасайды. Өйткені, қандай қауіп барын, оған өз шамаларының еркін жететінін әбден білетін адамдар ғана осындай ерлікке барса керек.
Қонтайшыны талдырып тастап, ордасын үш қазақ келіп ойрандап, үйқапаста ұстап отырған тұтқынын босатып әкету, онымен қоймай, қон-тайшының сұлу әйелін қоса алып кетті деген, шынында да масқара емес пе? Жастан да, достан да жасырасың, бірақ қанша жасырсаң да ел естіп қойса масқара ғой! Міне, қалмақтың да, орыстың да тарихшылары анық біле алмай, тек қазақтың ғана у-шу әңгіме қылатын себебі осыдан.
Қарасайды әкесі Есім ханды қалай бағалай¬тынын, Ағынтай екеуіне соншалық сенетінін, әрине, Жәңгір де білген болар. Сондықтан ол да екеуіне ең қиын сәтте арқа сүйеген деп ойлаймын. Оған дәлел – Орбұлақ оқиғасы.
Орбұлақ шайқасы 1643 жылы, шамамен шілде айында, Жетісудың шығысында, қазіргі Белжайлау деген жайлаудың батыс жақ шетінде болған. Оның қалай болғанын, немен аяқталғанын орыс пен қалмақ тарихшылары да, қазақтар да жазған. Соның ішінде оқиғаның болған-біткенін өз құлақтарымен Батұр қонтайшының ордасынан естіп шыққан орыс елшілері Ильин мен Кучембердейконың Тобыл әскербасы Куракинге жазған мәлімдемесі түпнұсқа дерекке жатады. Оны тарих ғылымдарының докторы В. Галиев өзінің «Хан Джангир и Орбулакская битва» деген кітабында (Алматы, «Ғылым», 1998), «Русско-монгольские отношения» деген кітаптан алып (Москва, «Наука, 1959) тұңғыш рет Қазақстанда жариялады.
Ильин мен Кучембердейко бұл соғысқа Батұр қонтайшы 50 мың қолмен аттанса, қазақ қолы 600 адам болды, ал оған Жалаңтөс батыр 20 мың қолмен көмекке келді деп жазады. Ал Қазыбек бек Тауасарұлы қалмақтың 50 мың қолына Жәңгір бастаған 700 батыр оқпана қазып, қарсы тұрды, Жалаңтөс 23 мың қолмен көмекке келді деп жазады. Мен Қазыбек бек бабамыздың жазғаны шындық деп ойлаймын. Өйткені, ол атасы жазып кеткен Матай шежіресіне сүйеніп айтып отыр. Өз тарихын қазақ өзгелерден гөрі анық білуге тиіс.
Орбұлақ шайқасы кезінде Қарасай батыр 45-те. Бұл – батыр үшін кемел жас. Әкесі Есім ханның бас батыры болған, өзін жау тұтқынынан жаужүректікпен құтқарып алған Қарасайды Жәңгір батыр деп қана емес, жанашыр досым деп те бағалаған болар. Оған айрықша сенгенін осы Орбұлақ шайқасында оған ең қиын тапсырманы сеніп тапсырғанынан да аңғаруға болады. Екі шақырымнан асатын оқпана ордың басшылығын Жәңгір Қарасайға сеніп тапсырады. 700 жаяу жауынгердің жартысы оқпанаға бекінсе, Жәңгірдің өзі басқарған 300 ат үстінде Қызылқия қалқасына бекінеді. Жер ыңғайын көрген адам ол соғыстың басты ауыртпалығы оқпана ішіндегі жаяу жауынгерлерге түскенін бірден аңғарады. Алайда, оқпана оңайлықпен алына қоймайтын қамалдан да мықты еді. Жер ыңғайының өзі сәтті табылған және қорғанысы мен шабуылы жан-жақты ойластырылған бекініс еді. Бекіністі қазған кездегі қазақ батырларының негізгі ойы жаудың 50 мың қолын бөгеу емес, оларды мейлінше мол қыру болғаны еріксіз таңдантады. Жауды қарауылға ілудің түр-түрі ойластырылған да, есесіне сол кезде өздеріне оқ тимеуі тіпті мұқият қарастырылған. Оқпанада түрегеп тұрған адамның тек басы ғана қылтиып көрінетіндей жағдай жасалған.
Шындығында солай болғанын Жарбұлақтың қасындағы Үшсудың құйғаны аталатын мүйістегі аз ғана көне бейіт әйгілеп тұрғандай. Тек Жарбұлақ үстіндегі Жалаулы жотасының желкесінде жатқан үлкен жалғыз бейіттің ғана болмысы жұмбақ. Кім жерленгені белгісіз. Бәлкім, әйгілі батыр шығар? Бәлкім, ол соғыстан не бұрын, не кейін жерленген біреу шығар? Дәл мойнаққа неге дара жерленгенін ешкім айта алмайды.
Біздің көп батырымыздың сан ерлігі айтылады да, бірақ сол ерлікті дәл қай жерде, қай жылы жасағаны көбіне белгісіз қала береді. Ал Қарасай батырдың жасаған ерліктерінің жылы мен жері көбіне нақты айтылады. Ал Орбұлақ шайқасының орнына дейін белгілі. Бірақ сол тарихи жердің тап бүгінгі күтімі мен еленуі еріксіз қынжылтады. Кеңес дәуірінде Ордың бұлағына сиыр малын жайғызбайтын. Қазір жапа мен тезектің бопырынан ордың сілемі күн сайын бітеліп барады. Аз жылда ізін де таба алмай қалатын сияқтымыз. Өзінен жетпіс еседен артық жауға жеті жүз адам¬ның қасқайып қарсы шығуы әлем тарихында кездеспейді. Бірақ сондай ерекше тарихты ерекше қастерлей алмай отырмыз. Ол – Жәңгір мен Қарасай батырдың ерлігіне ғана куә жер емес, халықтың ерлігіне куә болып жатқан қасиетті мекен. Ол қасиетті соғысқа арғын Ағынтай, Қомпай, найман Көксерек, Бөде, дулат Жақсығұл, Сырымбет, суан Елтінді, ұзынмұрт Ұзақ, қаңлы Сарбұқа, қырғыз Көтен, Табай, кіші жүз Жиембет, Жалаңтөс батырлар қатысқан. Атыраудан Алтайға дейінгі қазақтың хас батырлары түгел бас қосқан. Ол соғыста орыс мәліметі бойынша қалмақтың он мыңы, Қазыбек бектің айтуынша он бір жарым мыңы қырылған. Былайша айтқанда, оқпана мен Қызылқияға бекінген әр қазақ батыры орташа есеппен 16-17 қалмақты өлтірген. Бұған мақтану – обал, бағалай білу керек. Ел бастаған ханымыздың кемеңгерлігін, ел қорғаған батырларымыздың қасиетін қастерлей білуіміз керек.
Жәңгірдің әкесі Есім ханды халық құрметтеп «Еңсегей бойлы ер Есім» және «Есім ханның ескі жолы» деген. Оның негізгі жолы – ел іргесін берік сақтау. Ол үшін әуелі ел ішін бірлікте ұстауға тырысты. Оның хас батырлары бүкіл қазақ өңірінен бас қосқан шапырашты Қарасай, Сүлеймен, Сиқымбай, арғын Ағынтай, Қомпай, найман Көксерек, қоңырат Алатау, кіші жүз Жиембет, қаңлы Сарбұқа болатын. Тұрсын хан өз билігін үстем ету үшін Тәшкенді қорғаса, Есім хан қазақ жерін жырымдамау үшін соғысты.
Тобылды (1615 ж.) Хазар теңізін (Каспий), оңтүстік шекараны және Жетісуды қорғап соғысуы оның қазақ жерінің тұтастығына үлкен мән бергенін аңғартады. Қазыбек бектің жазуы бойынша, ол Жәңгір тұтқынға түскеннен бес жыл кейін 1640 жылы қайтыс болған. Орбұлақ шайқасына Жәңгірдің басшылық жасауы сондықтан. Есім ұзақ ауырған, сондықтан өз орнына Жәңгірдің хан болуын күні бұрын белгілеген де болу керек. Алайда, 1643 жылы Орбұлақ шайқасына басшылық жасаған Жәңгірді ешкім әлі хан деп айтпайды. Соған қарағанда және Жәңгірдің ел ішінен көмек іздемей, алыстағы Жалаңтөстен көмек сұрауы ел ішіндегі билікке таласқан алауыздықтан болуы керек. Орбұлақ жеңісінен кейін Жәңгірмен таласудың бекер екенін біліп, таққа таласушылардың көмейіне тас тығылған секілді. Орбұлақ шайқасына да Есім ханның хас батырлары түгел қатысқанына қарағанда ел қорғаған батырдың бәрі Жәңгірді қолдаған.
Халық Жәңгір ханды Салқам Жәңгір деп дәріптеген. Ол да әкесі Есім хан сияқты елін сүйген, ел батырларымен бірге жүрген, өзара сый¬ласқан адам болса керек. Оның өлімі – мәрттік пен намысқойлықтың көрінісі.
Қазақ-қалмақ соғысының өзге ел соғысына ұқсамайтын өзгешелігі көп. Мәселен, мүлде зерттелмеген Ошақ соғысы, Құйрық жеу соғысы, Ай қораланды соғысы және ғұн дәуірінен келе жатқан Үлкәр жәрік сияқты соғыс әдістері болған. Ең көп тараған әрі міндетті саналған соғыстың бір түрі – жекпе-жек. Оған екі жақ күні бұрын келіседі екен. Үш, төрт не он жекпе-жекке шығамыз немесе бес күн, он күн шығамыз деп келіскен. Сонан соң ғана жаппай дода соғысқа кірісетін болған. Мәселен, Хазар маңындағы соғыста қазақ-қалмақ қолы 83 күн бойы жекпе-жекке шығыпты, 1627 жылғы сол соғыста Қарасай батыр мен Ағынтай он бір рет жекпе-жекке шығып, жауын жер жас¬тандырады. Жекпе-жекке кім-кім шығатынын қолбасылар ақылдасып шешкен. Кейде күтпеген жағдайлар да болып тұрған. Кей-кейде кейбір батыр қарсы жақтың бір батырын атап тұрып жекпе-жекке шақырған. Ондай ұсыныстан бас тарту тірі өлім саналған, сондықтан одан бас тарту жағдайы не шежіреде, не жазба тарихта кездеспейді. Жекпе-жектің заңы бойынша қарадан шыққан батыр қарсы жақтың хан тұқымын шақыруға хақысы жоқ. Міне, осы заңды пайдаланып, 1653 жылы Сесен тайшының он жеті жасар баласы ол кезде егде тартқан Жәңгірді жекпе-жекке атап шақырады. Ондағы ойы – егде кісіні әбден шаршатып барып жеңу. Оның бұл ойы, өкінішке қарай, сәтті жүзеге асады. Ұзаққа созылған шайқаста Жәңгірдің шаршағанын пайдаланып, Сесеннің ұлы Ғалдама (қазақтар Қалдан дей салады) жеңіске жетеді. Бірақ сонан соң лап қойған қазақтар қалмақ қолын быт-шыт қылып жеңеді де, Жәңгір ханды сол араға жерлейді. «Жәңгірдің сүйегі өзі қаздырған оқпанадан ат шаптырым жердегі Сарыбелге қойылды», – деп жазады Қазыбек бек («Түп-тұқияннан өзіме шейін», 1993 ж., 204-бет). Бұл дерек Жәңгір жерленген жерді өте дәл көрсетеді. Ол айтып отырған Сарыбел бұл күнде сол Жәңгір жатқан бейітке бола Үйгентастың белі аталады. Ол Үйгентастың бейіт екенін 1856 жылы Қашғарға бара жатқан сапарында Шоқан да көріп, ол туралы бірер пікір де жазған. Ол ара Орбұлақтан шынында да ат шаптырым жерде, шамамен екі арасы он-он бес шақырым жер. Ортадағы үстіне тас үйілген бейіттің Жәңгірдікі екеніне де сенеміз. Қазіргі Итшоқы аталатын аласа таудың іргесінде шағын ғана қорым жатыр. Оның айналасын дөңгелене қоршаған елуден аса бейіт бар. Ортадағы хан Жәңгірдің бейіті болса, оны қоршап жатқандар шейіт болған батырлардың бейіті болу керек. Өмірде ханын қорғап соғысқан ерлер өлгенде де ханын қоршап, орталарына алып жатыр. Ал Жәңгір бұл жерді тірлігімде де қорғадым, өлгенде де қорғап жатырмын дегендей.
Өкінішке қарай, бұл бейіттің жай-күйі мәз емес. Осыдан отыз-қырық жыл бұрын көргенімде, сонадайдан көзге түсуші еді, қазір күн санап шөгіп барады. Тарихи ескерткіш ретінде Орбұлақ та, бұл бейіт те мемлекет қорғауына әлі алынбаған. Биыл жайлаудан электр бағанасын тартқан бәтшағарлар бір-екі бейітті трактормен таптап өтіпті. Жәңгір бейітінің бір жағы жол ашқан әлдекімнің кесірінен кетіліп жатыр. Қысқасы, хан бейіті деудің өзі ұят. Жалпылай сөйлегенде, шетімізден ел сүйгішпіз, хандарымызды қастерлегішпіз, ал нақтылап келгенде, тек тіл безегішпіз.
Сөйтіп, Жәңгір хан 1653 жылы ұрыста шейіт болыпты.
Ал оның ата жауы Батұр қонтайшы ше?
1652 жылы Батұр қонтайшы тағы қыр¬ғыздарды шабады. Қырғыз бауырларына көмек¬тесу үшін Қарасай батыр ол соғысқа бес мың қол бастап барады. Елу төрттегі хас батыр мұнда да теңдессіз ерлік жасайды. Ұрыстың қызу кезінде додаға кірген Қарасай алды-артын жапырып Батұр қонтайшының өзіне қарай ұмтылады. Оны да ең атақты батырлары қорғайды емес пе, соған қарамастан Қарасай Батұр қонтайшыға бұзып-жара келіп, оның оң қолын қылышпен шауып жібереді. Қонтайшысы жараланған қалмақтар қашып қана жан сақтайды. Алайда, Қарасайдың қылышы Батұрға ажал оғы болып қадалады. Келер жылы, яғни Жәңгір хан өлген 1653 жылы ол да жарасы асқынып көз жұмады. Жәңгірдің кегін, ойлап қарасақ, Қарасай батыр осылай алған.
Жәңгір ханды да, Қарасай батырды да Қазақ хандығының 550 жылдығында өстіп бір еске алуды өзімнің парызым санадым. Өйткені, екеуінің өмірін елестететін Орбұлақты да, Жәңгірдің бейітін де мен жылына ең кем дегенде бір көріп, бір рет дұға қыламын. Шамам соған ғана жетеді.
Ел билеген ханымыз бен ел қорғаған баты¬рымыздың бауырмал сыйластығы, ынтымақты сенімділігі – ұрпақ үшін ұмытылмас үлгі.

Дереккөз көздерінен