Отбасы –өмір аясы

2013жылдан бері қыркүйек айының екінші жексенбісі күні «Отбасы күні» мерекесі аталып өтілуде. Мақсаты – жанұялық құндылықтарды нығайту және әрбір қазақстандық отбасының әл-ауқатын арттыру. Отбасының қоғамдық қасиеті мен құны дәулет пен меншікке, мұрагерлікке байланысты болмауы керек, ол жеке адамдардың жүрек қалауы мен ерік ырқына байланысты болуы қажет. Сондықтан да қоғам некелік — отбасылық қатынастың нығаюына, тату-тәттілігі мен берекесіне тікелей мүдделі, оған мейлінше қамқорлық жасауды мұрат етеді, ата-аналардың жауапкершіліктері арқасында көркеюін көздейді.
Отбасы – зиялы қоғамның діңгегі болғандықтан, әр шаңырақтың аман-саулығы кемел келешекке бастайды. Қысқа уақытта сан алуан өзгеріске ұшырап жатқан қоғамда отбасы құндылықтарын сақтап қалу аса маңызды. Бұл ретте ұрпақ тәрбиесіне ерекше мән беру керек. Себебі, өнегелі ұрпақ тұлға болып қалыптасуға ұмтылады.
Осы күнге орай, музей қызметкерлері мектеп оқушыларына отбасы туралы шара ұйымдастырды. Шара барысында отбасы жайлы көптеген мағлұматтар айтылып, музей экспозицияларының төрінен орын алған Екі мәрте Еңбек Ері Нұрмолда Алдабергеновтың отбасы туралы кеңінен экскурсия жүргізілді. Соныңда оқушылар сұрақтар қойып, өз ой- пікірлерін ортаға салып, бірі-бірлеріне әдемі де, әсерлі сөздер арнап, ерекше сыйластық көрсете білді.

Жанар Ахатаева,
Н.Алдабергеновтың
мемориалды музейінің
экскурсия жетекшісі