БЖЗҚ өзекті сауалдарға жауап береді

1.Әлеуметтік кодексте БЖЗҚ-дан кесте бойынша берілетін төлемдерге қатысты өзгерістер көзделген деп естіген едім. Нақты қандай өзгерістер енгізілгені туралы хабардар етіңізші?
БЖЗҚ-дан зейнетақы төлемдерін жүзеге асыру тәртібінде аса үлкен өзгерістер болған жоқ.
Әлеуметтік кодекс күшіне енген 2023 жылдың 1 шілдесінен бастап төлемдер зейнетақы төлемдерін жүзеге асыру сәтінде белгіленген тәртіп бойынша жүргізіледі. Бұған дейін, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 02.10.2013 жылғы № 1042 қаулысымен бекітілген зейнетақы төлемдерінің мөлшерін есептеуді жүзеге асыру әдістемесіне сәйкес ай сайынғы зейнетақы төлемінің мөлшері алушының өтініш берген күнгі зейнетақы жинақтары сомасынан есептелетін еді.
Мысалы, №521 Қағидалардың 3-тармағының 1) тармақшасына сәйкес, егер зейнетақы жинағының сомасы БЖЗҚ-дан төлем жасалған күнге тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгіленген ең төменгі зейнетақының он екі еселенген мөлшерінен аспаса, бұл сома алушыға БЖЗҚ-дан бір рет біржола төленеді.
Әйтпесе, кесте бойынша Төлем тәртібі өзгеріссіз қалды. Әлеуметтік кодекстің 207- бабының 1 тармағына сәйкес жасына байланысты зейнетақы төлемдерін тағайындау жүргізіледі:
Бұл ретте әйелдердің жасына байланысты зейнетақы төлемдерін тағайындау:
2023 жылғы 1 қаңтардан бастап 2028 жылғы 1 қаңтарға дейін — 61 жасқа толғаннан кейін;
2028 жылғы 1 қаңтардан бастап — 61,5 жасқа толғанда;
2029 жылғы 1 қаңтардан бастап — 62 жасқа толғанда;
2030 жылғы 1 қаңтардан бастап — 62,5 жасқа толғанда;
2031 жылғы 1 қаңтардан бастап — 63 жасқа толғанда жүргізіледі.
Зейнет жасына толуына байланысты кесте бойынша төлемдер тағайындалу үшін «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясына жүгіну қажет. 1 немесе 2 топтағы мерзімсіз мүгедектігі бар адамдар төлем тағайындалу үшін БЖЗҚ-ға жүгінуі тиіс.
Мұны Қор бөлімшелерінің бірінде немесе enpf.kz сайтындағы Жеке кабинетте жүзеге асыруға болады. Сонымен қатар, осы санаттағы алушылар enpf.kz сайтындағы «Электрондық қызметтер» бөлімінде электрондық өтінім беру арқылы БЖЗҚ мамандарының мобильді тобын шақыра алады.
2.Қайырлы күн, Мен жақында химия өнеркәсібі кәсіпорнына технолог болып жұмысқа орналастым. Мамандығым зиянды еңбек жағдайларындағы жұмыстарда еңбек ететін қызметкерлердің өндірістерінің, жұмыстарының, кәсіптерінің тізіміне кіреді. Менің жұмыс берушім міндетті кәсіби зейнетақы жарналарын өз бетінше төлеуге немесе оларды жалақымнан ұстап қалуға міндетті ме?
МКЗЖ-ны жұмыс берушілер Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2023 жылғы 24 мамырдағы №170 бұйрығымен бекітілген кәсіптері жұмыскерлердің өндірістерінің, жұмыстарының, кәсіптерінің тізбесінде көзделген, еңбек жағдайлары зиянды жұмыстарда істейтін жұмыскерлердің пайдасына өз қаражаты есебінен жүзеге асыратынын ескертеміз.
БЖЗҚ-ға төленуі тиіс міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарының (МКЗЖ) мөлшері қызметкердің МКЗЖ есептеу үшін қабылданатын ай сайынғы табысының 5% құрайтынын атап өткен жөн.
Өндірістік объектілерді аттестаттау нәтижесі бойынша бұған дейін расталған зиянды еңбек жағдайлары жойылған жағдайда, агенттер міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын төлеуді тоқтатады.
Агент БЖЗҚ-ға міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын төменде көрсетілген адамдар үшін төлеуден босатылады:
1) зейнет жасына толған қызметкер;
2) әскери қызметшілер (мерзімді қызметтегі әскери қызметшілерден басқа), арнаулы мемлекеттік және құқық қорғау органдарының, мемлекеттік фельдъегерлік қызметтің қызметкерлері, сондай-ақ, арнаулы атақтарға, сыныптық шендерге ие болу және нысанды киім кию құқықтары 2012 жылғы 1 қаңтардан бастап жойылған адамдар;
3) еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемдерін алушылар.
3.Қайырлы күн! Мен БЖЗҚ-дан қандай да бір қызмет алу үшін жеке деректерімді жинауға және өңдеуге келісімімді беруім керек екен. Ол не үшін қажет?
Сіздің сұрағыңызға жауап бере отырып, БЖЗҚ салымшыларға (алушыларға) зейнетақы қызметтерін заңнама талаптарына сәйкес көрсететінін ескерткіміз келеді.
БЖЗҚ өзінің заңнамалық функцияларын іске асыру кезінде салымшылардың (алушылардың), олардың сенім білдірілген адамдарының, заңды өкілдерінің дербес деректерін қамтитын ақпараттық жүйенің операторы/меншік иесі болып есептеледі.
Қызметтерді көрсету кезінде БЖЗҚ құрамына мемлекеттік органдар және (немесе) мемлекеттік заңды тұлғалар кіретін үшінші тұлғалардың ақпараттық жүйелерімен (дерекқорларымен) ақпарат алмасады.
Өтініш білдірген адамның жеке басын куәландыратын құжатының деректемелері БЖЗҚ ақпараттық жүйесіндегі өзектілігін осындай ақпарат алмасудың арқасында сақтайды. Сіздің деректеріңіз жеке немесе басқа заңды тұлғаларға берілмейтінін қатаң ескертіп өткіміз келеді.
Мемлекеттік құрылымдармен өзара іс-қимылдың және ақпарат алмасудың арқасында БЖЗҚ зейнетақы қызметтерін көрсету кезінде өтініш білдірген адамнан оның құжаттары және (немесе) ақпараттары мемлекеттік органдардың және (немесе) мемлекеттік заңды тұлғалардың ақпараттық жүйелерінде болған жағдайда көшірмелерін талап етпейді. Яғни, БЖЗҚ Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкес келетін жедел және тиімді қызмет көрсетуді қамтамасыз етіп, алаяқтық деректеріне тосқауыл қояды.Осылайша, БЖЗҚ зейнетақы қызметтерін сапалы көрсету мақсатында мемлекеттік органдардың және (немесе) мемлекеттік заңды тұлғалардың ақпараттық жүйелерінде қамтылған салымшылардың (алушылардың)/ олардың заңды өкілдерінің/сенім білдірілген тұлғалардың дербес деректерін жинау және өңдеуді жүзеге асырады.
4.Мен өзімнің зейнетақы жинағымды жеке инвестициялық портфельді басқарушы компанияларға 100 % көлемде аудара аламын ба?
Салымшылар міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ) және міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары (МКЗЖ) есебінен зейнетақы жинақтарының 50% аспайтын бөлігін инвестициялық портфельді басқарушының (ИПБ) сенімгерлік басқаруына ең төменгі жеткіліктілік шегін есепке алмай, осындай компанияны өз бетінше таңдай алады.
Ерікті зейнетақы жинақтары бар салымшылар ғана зейнетақы жинақтарының 100% дейін ИПБ-ға бере алады.
Бұл ретте мемлекет зейнетақы жинақтарының сақталу кепілдігін жинақтардың Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің (ҚРҰБ) қарамағындағы бөлігіне ғана беретінін атап өткен жөн. Ал жеке басқаруға берілетін зейнетақы жинақтарының сақталуына және олардың табыстылығына салымшы таңдаған компания жауапты болады. Сондықтан зейнетақы жинақтарының бір бөлігін ИПБ сенімгерлік басқаруына ауыстырмас бұрын, нарықтағы басқарушы компаниялардың қолданыстағы тізбесімен танысып, олардың БЖЗҚ сайтындағы инвестициялық декларацияларын, инвестициялық қызметке шолуларды зерделеп, таңдалған жеке компанияның тәжірибесі және жұмыс нәтижелерімен толығырақ танысып, ықтимал тәуекелдерді мұқият ескерген жөн. Сіз олар туралы ақпаратпен танысып, олардың инвестициялық декларацияларын www.enpf.kz сайтындағы «Қызметтер» — «Инвестициялық портфельді басқарушылар тізбесі» бөлімінен біле аласыз. МЗЖ және (немесе)
МКЗЖ есебінен зейнетақы жинақтарын сенімгерлік басқаруға беру жөніндегі толық статистика да www.enpf.kz сайтындағы «Көрсеткіштер» — «Зейнетақы жинақтарын басқарушы компанияларға беру» бөлімінде қолжетімді.
5.Егер мен зейнетақы активтерімді басқаратын компанияның инвестициялық қызметінің нәтижелеріне риза болмасам, оларды ҚРҰБ басқаруына қанша уақытта қайтара аламын?
ҚР Әлеуметтік кодексіне сәйкес, 01.07.2023 жылдан бастап зейнетақы жинақтарын ИПБ сенімгерлік басқаруынан ҚРҰБ сенімгерлік басқаруына қайтару мерзімі қысқарды. Яғни, Сіз БЖЗҚ-ға зейнетақы жинақтарын
ИПБ сенімгерлік басқаруына берген күннен бастап 1 жыл өткен соң ҚРҰБ сенімгерлік басқаруына қайтару туралы өтініш бере аласыз (бұрын мұндай өтінішті зейнетақы жинақтарын ИПБ сенімгерлік басқаруына алғаш бергеннен кейін тек 2 жылдан кейін ғана беруге болатын).
Зейнетақы жинақтарын бір немесе бірнеше ИПБ-ға аудару, сондай-ақ, жинақтарды ҚРҰБ басқаруына қайтару үшін салымшы БЖЗҚ-ға өтінішпен жүгінуі қажет. Оны Қор сайтындағы Жеке кабинет арқылы не БЖЗҚ-ның кез келген бөлімшесіне өзі жүгінген кезде беруге болады.
МЗЖ және (немесе) МКЗЖ есебінен зейнетақы жинақтарының бір бөлігін ИПБ-ға аудару кезіндегі барлық қажетті ақпарат пен қадамдық нұсқаулық www.enpf.kz сайтындағы «Қызметтер» — «Зейнетақы жинақтарының бір бөлігін сенімгерлік басқаруға аудару» бөлімінде орналастырылған.