Ана тілім – тағдырым

Тіл – қандай ұлтта, елде болмасын әрқашан қастерлі де құдіретті. Ол әрбір адамға ана сүтімен бірге еніп, қалыптасады. Адам баласы ес білген кезінен бастап айналадағы жаңа ұғымдарды ана тілі арқылы қабылдап, үйрене бастайды. Ана тілін балалар ананың әлдиінен, бесік жырынан, қоршаған ортасынан еліктеу арқылы үйренеді. Есейе келе кітаптан, қоғамнан, халықтан үйреніп, меңгереді. Осылай ана тіліміз ананың ақ сүтіндей бойымызға сіңе береді. Әркім өзінің ана тіліне деген құрметін ешқашан жоғалтпауға тиіс. Өйткені, ана тілі арқылы ғана маңайындағыны саралап ой түйетін адам өзінің еліне деген сүйіспеншілігін арттыра түседі.
Қазақтың ұлы тұлғалары мен алаш арыстарын сөйлеткен — қазақ тілі. Қазақ халқымен, бірге абыройлы да асқақ, сынақты да сындарлы тағдырды басынан кешірді. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін түйіп, жүйелі сөзбен алқалы топты еңсерген ойшыл, шешендерді ел басқару ісіне арластырып, халық жүрегінде жатталған дала данышпандары, кемеңгер ойдың кемелді арнасы, тілінен бал тамған, қара қылды қақ жарған әділетті би- шешендер ұлылық пен ұлағат, өнеге мен тағылымның мектебі, аталы ойдың алтын қазығы бола білді. Тек ана тіліміз арқылы ата-анаға, елге, Отанға, халыққа деген махаббатымызды жеткізе аламыз. Адам баласы өз анасын қалай сүйсе, өз тілін де солай сүюі тиісті екені анық.
Қазақстан Республикасы «Тілдер туралы» Заңында «Тіл – ұлттың аса ұлы игілігі әрі оның өзіне тән ажырағысыз белгісі, ұлттық мәдениеттің гүлденуі мен адамдардың тарихи қалыптасқан тұрақты қауымдастығы ретінде ұлттың өзінің болашағы – тілдлің дамуына, оның қоғамдық қызметінің кеңеюіне тығыз байланысты» делінген. Тіл – ойдың тікелей шындығы, тіл – барша білімдердің қазынасы. Тілдің көмегімен өнер-білімді, ғылымды игереміз, өткен-кеткен тарихымызды саралап, сабақ аламыз. Тіл арқылы рухани байлығымызды меңгереміз, өзіміз танып қоймай, сол асыл қазыналарымызды әлемге танытамыз. Әлемді танимыз. Сондықтан да адам баласының байлығының бірі – сөз өнері. «Өнер алды – қызыл тіл» деген аталы сөздің астарында қаншама сыр бар?!
Әрбір елдің қуатты күші, байлық – бақыты экономикалық даму деңгейімен ғана емес, сонымен бірге мәдени, рухани өрісімен айқындалады. Ал мәдени өре, рухани талғам деген халықтың ақыл-ойының көрінісі – тілге тәуелді екені белгілі. Атадан балаға жеткен ұлы құбылыс ретінде тіліміз талай сыннан сүрінбей өтті, дүние жүзіндегі ең бай, бейнелі, өткір, таза, терең, күшті, кең тіл – ана тілімізден артық халқымыз үшін қасиетті ештеңе болмаған. Себебі, тіл – тарихымыз, тіл – мәдениетіміз, тіл – әдебиетіміз. Тауып айтылған бір ауыз сөзге бір қауым ел тоқтаған. Бұл – халықтың тіл өнеріне деген ыстық сүйіспеншілігінің белгісі. Ана тілінің күші мен құдіретін туған халқымыз әуелден-ақ бағдарлап, сөз өнерін бар өнердің басы деп санаған.
Тіл- қастерлі де қасиетті ұғым. Өмірдің алмастай қырын, абзал сырын түсіне білуіне басты себепкер- ана тілі. Бүгінгі күні біздің елімізде тілдердің үш тұғырлығы деген жаңа термин де пайда болды. Әлемдік өркениетке қадам басу үшін қазақ тілімен қатар орыс және ағылшын тілдерін де жетік білуді талап етуде. Жас ұрпақтың білім ордаланыда осыған орай шет тілін меңгеру үшін білім алып жатқаны да қуантады. Әрине, әлемдік даму үрдістерінен кейін қалып қоюға болмайды. Бірақ онсыз да өз елінде еркін өркендей алмаған қазақ тілін кейінгі орынға ысыру қисынсыз деп ойлаймын. Мемлекеттік тіл, яғни қазақ тілі-әлемдегі барлық мемлекеттік тіл сияқты өзінің егемендігін алған тіл. Қазақстанда тұратын әрбір азамат мемлекеттік тілді білуге міндетті. Тілге деген құрмет, халыққа деген құрмет.

Айна Есбосынова,
Н.Алдабергеновтың
мемориалды музейінің
қор сақтаушысы