Бүгін Білім күнінде Жетісу облысында 2 жаңа мектеп, 2 күрделі жөндеуден өткен мектеп есігін айқара ашты. Жаңа мектептің екеуі де Көксу ауданында орналасқан. Бұған дейін 1972 жылы салынған ғимаратта болған бұл екі мектеп те бейімделген мектепті болдырмау шарасы ретінде іске қосылды, — деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Көксу ауданы Бесқайнар ауылындағы Бесқайнар орта мектебінің оқушылары Білім күнін жаңа ғимаратта қарсы алды. 25 орынды мектепке дейінгі шағын орталығы бар 120 орынға арналған жаңа мектеп заманауи жиһаздармен, интерактивті панельдермен жабдықталған, пәндік кабинеттерде барлық қажетті техника мен жабдықтар бар. Мектеп аумағы абаттандырылды, футбол стадионы, хоккей алаңы, воркаут-алаң, балаларға арналған ойын алаңы бар. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында бейнебақылау орнатылған. Мектепте 12 сынып жиынтығында 140 оқушы оқиды.
Бүгін Қазақстанның 10 жылдығы ауылындағы Р. Толқынбекұлы атындағы орта мектеп оқушылары да қос мерекеге қатар қуануда. Ескі мектеп ғимаратында тек 7 оқу бөлмесі бар еді, мәжіліс залы мен спорт залы мүлде болған жоқ. Енді бұл мәселе шешімін тауып, материалдық-техникалық базасы да толық жаңартылды. 120 орындық мектепке дейінгі шағын орталығы бар жаңа мектеп ғимаратының маңайы абаттандырылып, футбол стадионы, воркаут алаңы мен ойын алаңы жасалған. Мектептегі 11 сынып жиынтығында 81 оқушы бар.
Жаңа кейіптегі мектептер бүгін Қаратал және Кербұлақ аудандарында да іске қосылды. Сарыөзек ауылындағы 780 орынды №49 мектепті күрделі жөндеуді мердігер компания «Құрылыс-ТБС» ЖШС өткен жылдың маусым айында бастап, белгіленген мерзімде аяқтады. Құрылыс жұмыстарына шамамен 727 млн. теңге жұмсалды. Мектепте жалпы саны 878 оқушы оқиды.
Кальпе ауылындағы мектеп те күрделі жөндеуден өткізіліп, оған шамамен 1,6 млрд. теңге бағытталды. Құрылыс жұмыстарын «Sheberbuild» ЖШС жүргізді. Соңғы оқу жылында мұндағы білім беру сапасын бақылау көрсеткіші 65 пайызды құраған. Жөндеу жұмыстары кезінде балалар көрші ауылдағы мектепке барып-келіп оқыды, енді жаңарған өз мектептерінде білім алмақ. Мұнда музыка, сурет және компьютерлік графика сабақтарына арналған барлық қажетті сыныптар бар. Мектепте асхана, спорт залы мен акт залдары, жеке спорт алаңдары бар стадион қарастырылған. Сонымен қатар мектеп аумағында 50 орындық балабақша ашылды.
Жалпы осы жылы Жетісу облысында 16 білім беру нысанында құрылыс жұмыстары жүргізілуде, 10 нысан іске қосылады деп жоспарланса, соның 6-уы іске қосылды. Бұл қатарда бүгін ашылып отырған 3 білім мекемесі де бар. Атап айтқанда, Көксу ауданындағы 2 мектеп, Қаратал ауданының Үштөбе қаласында 30 орындық жатақханасы бар 100 орындық гуманитарлық колледж ғимараты. Қалған 4 нысанда құрылыс жұмыстары жалғасып жатыр.
Сондай-ақ биыл 6 білім беру нысаны күрделі жөндеуден өтуде, оның 2-еуі бүгін пайдалануға берілді, қалғандары жыл соңына дейін кезең-кезеңімен іске қосылады.
Атап өтсек, 2023 жылы облыстың 58 мектебін жаңғыртуға 2,9 млрд.теңге, оқулықтар сатып алуға 1,7 млрд. теңге бөлінді, оқулықпен қамтамасыз етілу деңгейі 100% құрайды.
Өңірде 69 елді мекеннен 1766 оқушы тасымалданады. Осы жылы 604,2 млн. теңгеге қосымша 12 автобус сатып алу жоспарланған, оның 7-еуі білім беру мекемелеріне күні кеше берілді. Қалған 5 автобус жыл соңына дейін жеткізіледі.
Жалпыға бірдей оқыту қорынан жекелеген санаттағы 23 486 оқушыны мектеп формасымен және оқу құралдарымен қамтамасыз етуге шамамен 1 млрд. теңге бөлінді. Бұл ретте жаңа оқу жылында бастауыш сыныптардың 52 000 оқушысы тегін ыстық тамақпен қамтылады. Осы мақсатта жергілікті бюджеттен 1,7 млрд. теңге бөлінді.
Облыстық білім басқармасының хабарлауынша, алдын ала есептеулерге сәйкес жаңа оқу жылында Жетісу облысында оқушылар саны шамамен 130 мың, бірінші сынып оқушылары 13 500 шамасында деп күтілуде. Сондай-ақ, мемлекеттік тапсырыс бойынша 4 мыңнан астам студент қабылданды, оның 2400-і жұмысшы мамандықтары бойынша оқиды.