Жетісу облысында жатақханасы бар жаңа коллежд ашылды

Бүгін Қаратал ауданы Үштөбе қаласында 30 орындық жатақханасы бар 100 орынға лайықталған жаңа гуманитарлық колледж ашылды. Бастапқы кезеңде колледжде мектепке дейінгі оқыту, бастауышты оқыту мен оқыту әдістемесі мамандықтары бойынша білім беріледі.

Жиналғандарды Білім күнімен және жаңа колледждің ашылуымен облыс әкімінің орынбасары Рустам Әли құттықтады. Колледж білімгерлерінің атынан бірінші курс студенті Жұлдыз Исаханова сөз сөйлеп, жаңа білім нысаны үшін  алғысын білдіріп, қатарластарына оқуда табыс тіледі.

Колледж басшысының м. а. Санат Рамазановтың айтуынша, қазіргі уақытта мұнда 50 студент қабылданған. Оқытушылардың сапалық құрамына келетін болсақ, педагог-зерттеуші, педагог-сарапшы, педагог-модератор біліктілігі бар оқытушылар жұмысқа қабылданған. Оқу орнында 17 заманауи аудитория, асхана, мәжіліс залы мен спорт залы, медициналық кабинет орналасқан, ал жатақханада жаттығу залы бар. Ерекше қажеттіліктері бар балаларға тиісті жағдайлар қарастырылып, арнайы лифт қойылған. Объектінің жобалық құны 1,6 млрд. теңгеден асады. Құрылысты 2022 жылдың қараша айынан бастап «Жөндеу Құрылыс» ЖШС жүргізді.

Еске салсақ, колледжден басқа, бүгінде өңірде 4 мектеп ашылды, оның 2-уі бейімделген мектептердің орнына салынған, 2-уі күрделі жөндеуден өткізілген. Сондай-ақ, биыл өңірде Талдықорған қаласында музыкалық колледжге арналған 100 орындық жатақхана салынып, пайдалануға берілді.

Облыстық білім басқармасының алдын ала деректері бойынша жаңа оқу жылында мемлекеттік тапсырыс бойынша 4 мыңнан астам студент қабылданған, оның 2400-і жұмысшы мамандықтарында оқиды.

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі