Жетісуда дәнді дақылдардың жартысынан астамы жиналды

Жетісу облысында егін орағы жалғасуда. Бүгінгі күнге дәнді дақылдардың 173,3 мың гектары немесе 53,4% орылды301,7 мың тонна астық бастырылды, соның ішінде 155,8 мың тн бидай, 145,0 мың тонна арпа, 907 тонна сұлы қамбаға құйылды. Орташа гектар өнімділігі 17,4 центнерді құрап отыр.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметіне қарағанда, картоптың 500 гектары қазылып, 10,5 мың тонна, көкөніс дақылдарының 1,8 мың гектары жиналып, 52,3 мың тонна өнім алынды. Ал, бақша дақылдарының 1,2 мың гектарынан 32,8 мың тонна өнім алынды.

Егін орағына 9,7 мың трактор, 993 комбайн жұмылдырылып, бір лицензияланған астық қабылдау пункті, жалпы сыйымдылығы 501,3 мың тонна болатын 380 астық сақтау қоймасы мен 81 механикаландырылған қырман және басқа да қажеттіліктер дайындалды. 

Күзгі дала жұмыстарына облысқа жалпы 7924 тонна кепілдендірілген дизель отыны бөлінген. Бүгінгі күнге  шаруашылықпен келісім-шарт жасалып, жеткізу басталды.

Аграрлық несие корпорациясы арқылы көктемгі және күзгі дала жұмыстарына 85 шаруа қожалығына 1,7 млрд. теңгеге жеңілдетілген несиелер, соның ішінде, «Кең Дала» бағдарламасымен — 800 млн.теңге, «АгроБизнес» бағдарламасы арқылы 900 млн.теңге берілді.

Өнім жинау әлі де жалғасуда.  

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.