«Мектепке жол» акциясы аясында облыста 15 мыңнан аса балаға көмек көрсетіледі

2023 жылы балалардың құқықтары мен мүдделерін қорғауды қамтамасыз ету мақсатында Оқу-ағарту министрлігінің тапсырмасымен «Жақсылықты жаса» ұранымен Республикалық «Мектепке жол» акциясы 1 тамызда басталды, акция 30 қыркүйекке дейін жүргізіледі, — деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Облыстық білім басқармасының мәліметіне сүйенсек, акция аясында өңірде 15 мыңнан аса балаға көмек көрсетіледі деп жоспарланып отыр. Акция барысында 1 сыныпқа қабылданған оқушылар, сонымен қатар әлеуметтік көмек алуға тиісті, құжат жинауға мүмкіндігі жоқ, тұрмысы қиын жанұя балалары және жазғы мезгілде республиканның басқа өңірлерінен облысымызға көшіп келген әлеуметтік көмек алуды қажет ететін балалар қамтылады.

«Мектепке жол» акциясын ұйымдастырушы аудандық, қалалық білім бөлімдері, мектептер өз қаласы мен аудандарының барлық азаматтарына, бизнесмендерге, кәсіпкерлерге, меценаттарға акцияға қосылу және өмірлік қиын жағдайда отбасылар мен балаларға көмек көрсетуге өз үлесін қосу ұсынысымен жүгінуде. Облыста бірнеше жыл қатарынан өз бастамасымен көмек көрсететін демеушілердің бар екенін атап өту керек.

Акцияның мақсаты — әлеуметтік категориядағы балаларға оқу жылының басталуына дайындық кезінде материалдық қолдау көрсету, балалардың мектепке келмеуінің алдын алу. Бұл бағытта ішкі істер органдарымен бірлесіп, балаларды толық оқумен қамту мақсатында рейдтер ұйымдастырылады.

Сонымен қатар мектеп оқушыларын мектеп формасымен жалпыға міндетті білім беру қорынан қамтамасыз ету жұмысы да жүргізіліп жатыр.

Облыстағы әлеуметтік көмек алатын топтағы жанұядан 21785 балаға мектеп формасы және мектепке қажетті құрал жабдықтар алуға балалардың ата-аналарының шоттарына ақшалай нысанда қаражатты аудару жұмысы жүргізілуде.

Бүгінгі күні облыс бойынша 12118 оқушының ата-аналарының картшоттарына 491,6  млн. теңге (55,6%)  қаражат аударылды. Бұл бағыттағы жұмыс 10 тамызға дейін аяқталады.

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі