Жақсы сөз-жарым ырыс

Тіл – үлкен нығмет. Жақсылығы да, жамандығы да үлкен. Жәннатқа да, жаһаннамға да апарады. Көлемі кіші, зардабы үлкен. Адамның иманды немесе имансыз болуы ауыздан шығатын сөздеріне байланысты. Ауыздан шыққан сөз я шындық, я өтірік. Басқа мүшелердің өрісі, ауқымдылығы шектеулі. Құлақ тек естиді, көз тек қана көреді. Ал тілдің өрісі кең. Жақсылық немесе жамандық айту үшін өте кең мүмкіндіктерге ие. Жас кезінен дұрыс,әсем сөйлеуге дағдылану адам бойындағы ізгі қасиеттердің бірі.
Мұсылман жұртшылығы бұған үлкен жауапкершілікпен қараған. Сүйікті пайғамбарымыз Мұхаммедтің (саллаллаһу алайһи уә сәлләм) өміріне көз салсақ, сөз сөйлеуге аса бір байыппен қарағанын көреміз. Айша анамыздың (р.а.) айтуынша, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) сөз сөйлегенде асықпай-аптықпай баппен сөйлеген. Қажет кезінде ұғынықты болу үшін айтқан сөзін үш рет қайталаудан жалықпаған.
Тілі таза әрі шұрайлы, анық және түсінікті болған. Бұны бір хадисінде «Арабтардың ішіндегі ең таза, шешен сөйлейтіні менмін» деп білдірген, «Өйткені, Алла тағала маған тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін айта білетін ерекше қасиет дарытқан» деп түсіндіретін. Әркез мұсылман адамның тілге өте абай болу керектігін сездіріп: «Шын мұсылман — тілі мен қолынан ешкімге зияны тимейтін адам», — дейтін. Бос сөзбен уақыт өткізуді ұнатпай: «Мұсылман адамның Исламнан алған ең ізгі қасиеттерінің бірі — бос сөзден арылуы», «Кімде кім Аллаға, сондай-ақ ақырет күнінің растығына сендім десе, сөйлегенде мәнді нәрсе айтсын, әйтпесе үндемесін» дейтін. Өзі сөйлеуге қажеттілік тумаса, үндемегенді жөн көретін: «Үндемеуде үлкен даналық бар, әттең оның байыбына баратындар өте аз» деп қынжылатын. Алла елшісінің даусы зор, бірақ жағымды болған.
Аузынан ешқашан жаман сөз шықпаған. Жаймашуақ не ашулы кезінде де сөздің әділін ғана айтатын. Айтқан сөзінің артығы не кемі болмайтын. Өте анық айтатындықтан әрі сөздерінің расында бір мезет кідіретіндіктен, тыңдап отырған кісілер сөздерін тез жаттап алатын. Өзіне ұнамсыз бір жайтты сездіргісі келгенде, оны астарлап жеткізетін. Өзі тоқтағанда барып қасындағылар кезекпен сөз алатын. Құран Кәрімде: «Әй, иман келтіргендер! Алладан қорқыңдар да, дұрыс сөз сөйлеңдер», – делінген. Адам баласына Алла Тағала еркіндік берді, сол еркіндікті жалған дүниеде пайдалана білуі керек. Бұл үшін жақсы амалдар мен жақсы сөздер айтсақ, садақа есебінде жазылады, сол үшін Алла Тағала берген тілімізден, аузымыздан шықан жаман сөзден сақтанайық. Алла Тағала қасиетті Құранда «Қаф» сүресінің 18-аятында: «Ол қандай сөз айтпасын, оның жанында дайын тұрған бақылаушы бар», — дейді. Хазреті Ибн Аббас былай деген: «Саған қажеті болмаған, пайдасы тимейтін мәселелерде ауыз ашып сөйлеме, өйткені бұл артықша іс. Оның үстіне зиянынан да сенімді емессің. Қажетті сөздерді де орынсыз сөйлеме! Көбінесе пайдалы сөздер орнын таба алмағандықтан жоғалып кетеді.»
Жақсы сөз сөйлеуге байланысты бірер сөз айтар болсақ: — Алла Тағаланың адамдарға жіберген елшілері мен пайғамбарлары ізгілікке, тура жолға жақсы сөздер айтып шақырған. — Жақсы сөз адамдар арасын жақындата түседі, жүректе бауырмашылдық оятып, татулыққа, бірлікке бастайды. — Жақсы сөз айтушы мен тындаушыға жан рахатын сыйлайды. — Жақсы сөз шынайы болады, жалған емес. — Жақсы сөз сөйлеушінің тілі бал, иісі әтір болады. — «Жақсы сөз – садақа». — Өзгеге жақсылық жасағын келіп, бірақ не нәрсемен беретіңізді білмесеңіз, онда жақсы сөз айтыңыз, күлімсіреп қараңыз және көркем мінезбен мәміле жасаңыз. — Жақсы сөз айту – бағасы қымбат емес, ең жақсы сыйлық. — Жақсы сөз – жылағанды жұбатады, шаршағанды басады, көтеріңкі көңіл күй сыйлайды. — Жақсы сөз – отбасыны тұрақты етеді. — «Көркем сөз, тамыры мықты, бұтағы көктегі бір көркем ағаш тәрізді».
Ақылды адам сөз сөйлегенде, бірінші жүрегінен өткізіп, кейін тілімен айтады. Жақсылықты қаласақ, өзімізден бастайық. Жақсы сөз – жарым ырыс екендігін ұмытпайық. Қорыта келгенде, адамдық қасиеттерді кемелдендіре түсуде дұрыс сөйлей білуге көңіл бөлудің орны ерекше. Өйткені, ол — адамның ішкі жан дүниесінің айнасы. Жүрек тазалығы мен ой тұнықтығының, мәдениеттілік пен кісіліктің белгісі «ақылдың таразысы. Иә, атам қазақ «Кісіні аузындағы сөзінен таны» деп бекер айтпаған. Алла баршамызды жақсылыққа жақын, жамандықтан аулақ еткей!

Нұрперзент Еламанұлы