Облыс әкімі Бейбіт Исабаев тұрғындармен кезекті қоғамдық қабылдау өткізіп, жұртшылықтың әлеуметтік-экономикалық мәселелерге қатысты қойған сұрақтарына жауап берді. Жалпы әкім қабылдауына 14 адам кірді. Аймақ жетекшісіне өз басындағы жағдайды айтушылардың басым бөлігі тұрғын үй мәселесін көтерді, — деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Қабылдауға алғаш болып кірген Серікбек Найманханов Талдықорған қаласы, Құрманғазы көшесіндегі жеке секторлы үйлердің маңайындағы балалар алаңының тозығы жеткені туралы және «Жаңа ғасыр» көшесіндегі жасалынбай жатқанын айтты. Балалар алаңы бойынша аймақ басшысы жуырда конкурс өтіп, мердігер компания анықталғанын жеткізді. Қазан айының соңына дейін балалар алаңының жұмысы толық аяқталады. Ал көшенің жөндеу жұмысы тамыз айының соңында бітеді екен.
Еңбек ауылының тұрғыны Нағима Сеитбаталова мүмкіндігі шектеулі ұлы Жандосқа мемлекеттік тұрғын үй қорынан үй берілсе деген өтінішпен келіпті.
– Бір үйде үш отбасы тұрамыз. Балам ауырады. Келінімнің жүрегіне ота жасалған. Сондықтан бізге тұрғын үй қорынан үй алып берсеңіздер. Кезегіміз қайта-қайта сырғи береді. Өзіміз қимылдап грант алсақ па деп едік, оны да қабылдамады. Әбден қажып кеттім, – дейді зейнеткер ана.
Бұл мәселе бойынша Бейбіт Өксікбайұлы: «Кезекке жәй тұрып қалыпсыздар. Қазір 2006-2008 жылы тұрғын үй кезегінде тұрғандар баспаналы болып жатыр. Ал сіздер 2014 жылы үйіміз жоқ деп тіркеліпсіздер. 4-5 жылда үйдің кезегі келеді. Біз тұрғындар баспана бақытына жету үшін қызмет етіп жүрміз. Биылдың өзінде 2000-ға жуық пәтер кілті табысталады», – деп үй кезек ретімен берілетінін жеткізді. Сонымен қатар, жауапты мамандарға грант, әлеуметтік көмек жағынан барынша қолдау білдіруді жүктеді. Қала әкіміне зейнеткер ананың кезегі неге сырғи беретінін тексеруді табыстады.
Еркін ауылының тұрғыны, зейнеткер ана Ауесхан Мажайқызы бір әулеттің бес ғасырдан бері тұтынған 3 мың данаға жуық аңшылық, зергерлік, саятшылық, ат әбзелдері, тұрмыстық құрал-жабдықтарды қалай сақтап, бүгінге жеткізгенін әңгімелеп, осы жәдігерлерді ұрпақ өнегесі айналдыратын отбасылық мұражай ашуды көптен бері армандап жүргенін облыс әкіміне жеткізді. Сондай-ақ, өткен жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жетісу жұртшылығымен кездескен кезде Ауесхан апаның сақтап бүгінге жеткізген мұраларын жоғары бағалап, «Парасат» орденін өз қолымен таққан болатын. Жыл басында Ауесхан Мажайқызы отбасылық мұражай ашу туралы Президентке де хат жазып, өтініш білдірген екен. Бірақ, бұл өтінішті жергілікті органға шешім ету тапсырылған.
«Отбасылық мұражай ашу үшін сіздерге орын алып беремін. Бірақ, оның суы, жарығын төлеп отыра аласыздар ма? Болмаса, құнды жәдігерлеріңізді мемлекетке сыйлық ретінде табыстаңыз. Біз жәдігерлердің астына сіздердің отбасыларыңыз табыстады деп жазғызамыз. Бұл жайлы алдағы уақытта ақылдаса келіп нақты жауабын беретін боламыз», — деді Б. Исабаев.
Тұрғындар денсаулық, баспана, оқу гранты мәселесі бойынша туындаған сұрақтарын қойды. Сауалдардың барлығы хаттамаға енгізіліп, тиісті басқармалар мен аудан-қала басшыларына нақты тапсырма берілді.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.