Еріктілер ерлептұр

«Jetisy Media» алаңында «Талдықорған аймақтық әйелдерді қолдау орталығы», ҚБ « Сердитый Талдыкорганец» шағымдар порталымен бірлесіп «Талдықорған Медиа – волонтерлік» жобасы аясында баспасөз – мәслихаты өтті.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтің «2020 еріктілер жылы» деп бекітуіне байланысты еріктілермен жұмыс жүргізу бір ізге салынған. Соған орай, медиа-волонтерлікті дамыту қолға алынып отыр.
Аталған жобаның мақсаты жастардың еріктілікті дамытуға бағытталған әлеуметтік жобаларды қолдау арқылы, волонтерлік қызметке белсенді қатысуын ынталандыру.Жобаны ұйымдастырушы еріктілер ұйымының жетекшісі Әлия Шагиахмет.
Әлия Ғалымжанқызының айтуынша, Жобада Талдықорған қаласындағы орта және жоғарғы оқу орындарының білімгерлеріне медиа – волонтердің кім екенін, атқаратын жұмыстарын, олардың қандай артықшылықтары бар екенін айтып түсіндіру. Осы тақырыптың көлемінде баспа өнімдерін шығару және тарату, сонымен қатар «Медиа волонтер», «Үздік волонтерлік қозғалыс» және «Мен патриот» аталымдары бойынша тыңдаушылар арасында конкурс жарияланады.
Айта кетерлігі, бұл жоба 1 айға жоспарланған. Игі бастаманы іске асыруға демеушілердің тарапынан 1 000 000 теңге қаражат бөлінген. Мұның ішінде 200 мың теңге байқау жүлдегерлерінің сыйақысына жұмсалады.
Алдағы аптаның дүйсенбі күнінен бастап медиа – волонтерлікті үйренемін деген жастарға дәріс оқу басталатынын айтты жоба жетекшілері. Тыңдаушылар саны 1000-нан 2000-ға жетеді деп күтілуде. Негізгі дәрістер Жетісу мемлекеттік университеті, Талдықорған жоғары медициналық колледжі, политехникалық колледжінің білімгерлерімен өткізілмек. Қатысушы жастарға медиа, БАҚ саласы жайында «Сердитый Талдыкорганец» порталының бас редакторы Сандуғаш Дүйсенова шеберлік сағатын өткізеді.
«Мен өз кезегімде тыңдаушыларға әлеуметтік желіні дұрыс пайдалануды үйретіп, журналист болу үшін керек басты қағидалар мен медиа – волонтерліктің қыр-сырымен бөлісемін. Бір сөзбен айтқанда өзіміз секілді журналист қауымының ізбасарын дайындаймын. Барлық сабақтар тегін өтеді. Сондықтан мен ойлаймын бізге келуші жастардың саны күннен-күнге өседі»,- деп ағынан жарылды Сандуғаш Дүйсенова.
Медиа саласындағы үздіктердің қатарын толықтыруға бағытталған бұл бастама тілшілік тіршілікке қызығушылық танытатын барша жастың жолын ашар жақсы жоба болары сөзсіз.
Анар Сабырова