
Тарифтерді жасанды түрде ұстап тұру кезекпен ажыратуларға, апаттарға алып келетініне және нәтижесінде азаматтардың денсаулығы мен өміріне қауіп төндіретініне байланысты монополиялық нарықтарда «Тарифті инвестицияға айырбастау «жаңа тарифтік саясатына көшуде. Бұл туралы брифинг барысында ҚР ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Жетісу облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Ғалым Тойлыбек айтып берді. Оның айтуынша, ашықтықты қамтамасыз ету үшін тариф инфрақұрылымға салынатын салымдар мен мемлекеттік мониторинг жүйесіне қатысуға айырбас ретінде ұсынылатын болады. Бұл ретте инвестициялардың басым бөлігін меншік иесі тариф есебінен емес, өз қаражатынан салуы тиіс.
- Бағдарлама мүліктің меншік иелері есебінен салаға инвестициялар тартуды, табиғи монополиялар саласындағы қызметкерлердің жалақы деңгейін арттыруды, табиғи монополиялар саласына озық инновацияларды енгізуді ынталандыру жолымен одан әрі реттеуді көздейді. Бұл шаралар желілердің тозуын 15% — ға азайту, шығындарды төмендету және реттелетін қызметтердің сапасын жақсарту мақсатына қол жеткізуге мүмкіндік береді. Бұл ретте монополистердің пайдасын шектеу мен инфрақұрылымға инвестицияларды қамтамасыз ету арасындағы теңгерім сақталатын болады, — деп мәлімдеді Ғ. Тойлыбек.
Нәтижесінде тарифтер келесі мөлшерде бекітілді (ҚҚС есептемегенде): - «Жетісу Су құбыры» МКК: сумен жабдықтау бойынша – 147,03 теңге/текше метр, қолданыстағы тарифтен 15,48 теңгеге немесе 11,77%-ға өзгерген; су бұру бойынша — 142,56 теңге/текше метр, қолданыстағы тарифтен 16,25 теңгеге немесе 12,87%-ға өзгерген.
Сумен жабдықтау бойынша халық үшін – 66,34 теңге/текше метр, 7,11 теңгеге немесе 12%-ға, су бұру бойынша — 71,22 теңге/текше метр, 8,20 теңгеге немесе 13%-ға өзгереді;
– «Талдықорғанжылусервис» КМК — 8 468,49 теңге/Гкал қолданыстағы тарифтен 195,09 теңгеге немесе 2,36%-ға өзгерді.
Халық үшін — 2 563,56 теңге/Гкал, 59,06 теңгеге немесе 2,36%-ға өзгерді; - «ТАТЭК» АҚ — 8,76 теңге/кВтсағ қолданыстағы тарифтен 1,62 теңгеге немесе 22,65%-ға өзгерді.
Бұл ретте, облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Данияр Ысқақовтың айтуынша, ең ірі және тозған объектілерге «Талдықорғанжылусервис» КМК (67%) және «Текелі энергокешені» ЖШС (65%) жатады.
Оның айтуынша, ағымдағы жылы «Талдықорғанжылусервис» КМК инвестицияларын өзгертуге жоспарланған сома 262,44 млн.теңгені құрайды. Жалпы 2029 жылға дейінгі инвестициялардың жалпы сомасы — 1,8 млрд. теңге. Нәтижесінде 2025 жылға дейін 14,6 шақырым жылу желілерін қайта жаңарту жоспарлануда (2023 жылға – 4,2 шқ). Сонымен қатар, 2024-2025 жылдарға «Басқуат» қазандығын 25 млрд теңгеге жаңғырту жоспарланған (қазандықтың тозуы – 85%). Сондай-ақ, Текелі қаласында қуаты 41 МВт бу-газ қондырғысының құрылыс-монтаждау жұмыстары басталды. Жобаны уақытылы іске асыру нәтижесінде Текелі қаласының қолданыстағы ЖЭО жаңғырту мәселесі шешілетін болады.
ҚР ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Жетісу облысы бойынша департаментінің және Жетісу облысы энергетика және ТҮКШ басқармасының
деректері бойынша