Мемлекеттік тілді меңгерудің маңыздылығы

Қазақ тілі – қазақ халқының ана тілі. Ол халық тарихымен бірге жасап, ұрпақтан ұрпаққа қатынас құралы ретінде қызмет етіп келеді.
Қазақ тілі – Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі. Мемлекеттік тілді меңгеру – еліміздің әр азаматының міндеті. «Ана тілі халық болып жасалғаннан бері жан дүниесінің айнасы, өсіп-өніп, түрлене беретін, мәңгі құламайтын бәйтерегі» деп Ж. Аймауытов айтқандай, қазақ тілі – елдігіміздің айнасы, тарихымыздың қайнар бұлағы, болашағымыздың ең сенімді кепілі. Тілі жоқ ұлттың өзі де жоқ деуге болды. Тәуелсіздігімізбен бірге жеткен қазақ тілінің мәртебесін асқақтату – біздің басты міндетіміз. Осы орайда, тіл оқыту орталықтарының жұмысын ерекше атап өткен жөн. Тілімізді шұбарлап, ана тілімізде екі ауыз сөздің басын қоса алмай жүргенде бізге тілді тегін оқытып, дұрыс жол сілтеген сол орталықтың қызметкерлері. Иә, қазаққа қазақша үйренткені несі дейтіндер болуы мүмкін. Дегенмен, тілді біліу мен сол тілде таза сөйлеу бір бөлек. Орысша жаргондармен, ағылшын тілінен енген кейбір кірме сөздермен тілімізді бұрмалап жатқанымыз өтірік емес. Қазақ бола тұра ана тілімізде ойымызды да дұрыс жеткізе алмай жатамыз. Осы елдің азаматы ретінде, бабалардан қалған аманатты келер ұрпаққа табыстаушы ретінде тіліміз бен дінімізге берік болу – біздің алдымыздағы нақты мақсат болу керек. Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте демекші, анаңның сүтімен бойыңа дарыған өз тіліңе деген құрметің болмаса, өзге тілге де сенің еш пайдаң тимейді.
Мемлекеттік тілді меңгерудің екі маңызды факторы бар: бірі – өткен тарихымызды ұлықтау, тәуелсіздік үшін, қазіргі осы өміріміз үшін жан аямаған арыстармызды ұмытпау; екіншісі – осы мұра етіп алған аманатты келешек ұрпаққа қаз-қалпында жеткізу.
Елімізді әлемге танытудың бір жолы – өз тілімізді дәріптеу. Әлемді аузына қаратқан Д. Құдайбергеновтің дауысымен, қазақша әнінің арқасында, қаншама шетелдік қазақша үйренді, әр спорттық бәсекеде ән ұранымыз шырқалған сайын қаншама шетелдік басын иіп, риза болды. Бұның бәрі тілдің құдіреттілігінде. Тілде сүйек, буын болмағанмен, тілде – жүрек бар, тілде бүкіл адамзаттың ғұмыры бар.
Тіл – халықтық болмыстың айнасы. Халық қаншалықты өз тілін жақсы білсе, әуелі соншалықты өз тарихын, өз дінін жақсы біледі деген сөз. Екіншіден, басқа ұлтқа өз ұлтын құрметтегендей, өз тілін қадірлегендей сый-сиапат көрсете алады. Нарықтық заманның талабы деп бала-бақшадан ағылшынша үйретіп, мектептер мен жоғары оқу орындарында ағылшын тіліне баса назар аударылып жтқаны жасырын емес. Иә, тілді білген дұрыс. Бірақ ол – ана тіліңді ұмыту деген сөз емес. «Тілдің бояуы бұзарып, қыры сынбауы керек» деп- Ғ. Мүсірепов айтқандай, анамыздың сүтімен, бабамыздың қанымен бойымызға дарыған ана тіліміздің қадір-қасиетін нарыққа айырбастап алмайық.

Айдана Берекполова,
Жетісу облысы «Тіл»
оқу-әдістемелік
орталығы Ескелді
аудандық филиалының
тыңдаушысы