Медициналық қызметтер мен ем-шаралар көрсету кезінде инфекциялық қауіпсіздікті қатаң бақылау қажет – Әлихан Смайылов АИТВ-ның алдын алу туралы (Видео)

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында адамның иммун тапшылығы вирусына қатысты қазіргі ахуал қаралып, тиісті медициналық көмек көрсету шаралары талқыланды.

Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғинияттың айтуынша, АИТВ тек Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлемде өзекті мәселе болып отыр. Мәселен, соңғы 10 жылда республикада сырқаттанушылық 2 есе өсті, бұл ретте ЖИТС-тен өлім-жітім көрсеткіші 1,7 есе төмендеді.

Вирус жұқтырған адамдарға медициналық көмекті медициналық-санитарлық алғашқы көмек деңгейінен бастап және АИТВ инфекциясының профилактикасы бойынша 20 орталық көрсетеді. Сонымен қатар тиісті қызметтердің қолжетімділігін арттыру бойынша жүйелі іс-шаралар жүргізілуде: тестілеу мен емдеудің инновациялық әдістері көзделген, тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі аясында дәрілік препараттардың тізімі 12-ден 16-ға дейін кеңейтілді, ДДҰ ұсынымдарына сәйкес 12 профилактикалық бағдарлама енгізілді, ақпараттық-білім беру жұмысы кеңейтілуде.

Министрдің айтуынша, Қазақстанда АИТВ инфекциясы тұрақты сатыда – 0,3%, бұл орайда әлемдік орташа көрсеткіш – 0,7%. Бүгінде АИТВ-ға қарсы іс-қимылдың 2023-2026 жылдарға арналған жол картасы бекітілді, ол аурудың алдын алу, диагностикалау және емдеу, салалық үкіметтік емес ұйымдарды дамыту, кадрлық әлеуетті арттыру және т.б. жөніндегі іс-шараларды қамтиды.

Үкімет басшысы адамның иммун тапшылығы вирусы жаһандық денсаулық сақтау жүйесінің аса маңызды проблемаларының бірі екенін атап өтті. Осы орайда әлем елдерінде бұл вирустың таралуы азаймай отыр. 

«Қауіпті індетті жұқтырғандардың қатары Қазақстанда да артып келеді. Яғни, соңғы 10 жылда 2 есеге жуық өскен. Өткен жылы инфекция жұқтырудың 4 мыңнан астам жаңа жағдайы анықталды. Қазір біздің елімізде осы инфекциямен ауыратын 30 мыңнан астам адам тұрады. Олардың жартысынан көбі – еңбекке қабілетті жастағы адамдар», — деді Әлихан Смайылов. 

Үкімет басшысы әзірге ғалымдар бұл вирусты жеңуге дәрменсіз екенін айтып өтті. Ол – бүкіл адамзат баласына төнген аса қауіпті дертке айналып отыр.

«Вирустың алдын алу шараларын қолдану, ауқымды түсіндіру жұмыстарын жүргізу өте маңызды. Науқастарды халықаралық стандарттарға сәйкес сапалы емдеумен қамтамасыз ету қажет. Сонымен қатар, вирусты тасымалдаушылардың барлығы қатаң медициналық бақылауда болуы керек»,  деді Премьер-Министр. 

Әлихан Смайыловтың айтуынша, өткен жылы елімізде иммун тапшылығы вирусымен ауыратын науқастарға арналған әлеуметтік жобаларға небәрі 7 үкіметтік емес ұйым тартылды. 

«Бұл – өте аз. Вирус жұқтырған және тәуекел топтарындағы адамдармен жұмыс істеуге үкіметтік емес ұйымдарды тарту үшін әлеуметтік гранттар мен тапсырыстар санын кеңейту керек. Аурудың белгілері және жұқтыру жолдары туралы адамдарға кеңінен ақпарат беру қажет. Соңғы уақытта мұндай жұмыс, өкінішке орай, нашарлап кетті. Адамдардың көпшілігі сақтық шараларына салғырт қарауда»,  деді Үкімет басшысы. 

Үкімет басшысының сөзінше, қауіпті вируспен өмір сүретін адамдарға қоғамның көзқарасын жақсарту қажет. Осы орайда Денсаулық сақтау, Ақпарат және қоғамдық даму министрліктері әкімдіктермен бірлесіп, ақпараттық материалдар, роликтер әлеуметтік желілер арқылы халық арасында түсіндіру жұмыстарын күшейтуі қажет.

«Санитарлық-эпидемиологиялық қызметтер тарапынан халыққа медициналық қызметтерді, сол сияқты жұқтыру қаупі бар басқа да ем-шаралар көрсету кезінде инфекциялық қауіпсіздікке қатаң бақылау жасалуы қажет»,  деп түйіндеді Әлихан Смайылов.

primeminister.kz