О. Ордабаев ЕАЭО сарапшыларымен халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің қазақстандық тәжірибесімен бөлісті

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Олжас Ордабаев Мәскеуде өткен Еуразиялық экономикалық форумда сөйлеген сөзінде Қазақстанда халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің ұлттық тәжірибесі және оны Еуразиялық экономикалық одақ (бұдан әрі – ЕАЭО) елдерінде қолдану мүмкіндігі туралы айтты.

Қазақстандықтарды жұмыспен қамтуға жәрдемдесу әдістері туралы баяндама «Еңбек нарығы туралы еуразиялық диалог. Адами капитал. Денсаулық сақтау» тақырыптық сессиясы барысында таныстырылды.

Олжас Ордабаев сөзінде Қазақстанда жұмыспен қамтудың жаңа саясатын іске асыру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы айтып берді, ол халықтың жекелеген осал топтарын жұмыспен қамтуға жәрдемдесуден барлық еңбекке қабілетті азаматтар үшін тең бастапқы жағдайлар жасауға көшуді көздейді.

«Күн тәртібінде біздің алдымызда жаңа міндеттер тұр: еңбек нарығын ырықтандыру, жаңа кәсіби дағдыларды дамытуға ұмтылыста еңбекке қабілетті халықты қолдау, жаңа көші-қон саясатын іске асыру және қолжетімді қызметтерді цифрландыру арқылы еңбек делдалдығын дамыту және т.б.», – деп хабарлады вице-министр.

Ол Қазақстанда әлеуметтік-еңбек саласында жүзеге асырылып жатқан цифрлық шешімдерге егжей-тегжейлі тоқталды.

«Жыл басынан бері біздің елде Отбасының цифрлық картасы енгізілді, онда кепілді мемлекеттік қолдау көрсету үшін азаматтардың әлеуметтік әл-ауқатының деңгейін анықтауға мүмкіндік беретін әртүрлі мемлекеттік органдардың мәліметтері жинақталады. Ол арқылы әлеуметтік қорғау, денсаулық сақтау және білім беру салаларындағы әлеуетті қызмет алушылармен қатар жұмыспен қамтуға жәрдемдесу бойынша мемлекеттік қолдау көрсету үшін нысаналы контингент айқындалады», – деді Олжас Ордабаев.

Вице-министр қазіргі уақытта негізгі фокус-топ ретінде 35 жасқа дейінгі жастардың таңдап алынғанын, олардың 1,5 млн-ға жуығы жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белгілі бір шараларын қажет ететінін атап өтті.

«Өз кезегінде ҚР Үкіметі жұмысқа орналасуға немесе оқытуға қажетті қолдауды қамтамасыз ету үшін бірқатар жобалар мен бағдарламаларды іске асыруда. Сондай-ақ, облыс әкімдері өңірлік ерекшеліктерді ескере отырып, жергілікті жерлерде шаралар көрсетуге көмектесетін өңірлік жұмыспен қамту карталарын бекітті.

Кәсіпкерлік бастамаларды іске асыруға жәрдемдесуді жеке атап өткім келеді: мемлекет халықтың әлеуметтік осал топтарының арасынан шыққан адамдарға гранттар, ал жастар үшін өз ісін ашуға немесе дамытуға көмектесетін жеңілдікті микрокредиттер береді», – деп қосты Ордабаев.

Халықты жұмыспен қамту саласында бірыңғай цифрлық экожүйені қалыптастыру туралы айта келе, вице-министр отандық Электрондық еңбек биржасының функционалы мен мүмкіндіктері туралы айтып берді.

«Бүгінде Enbek.kz тек Қазақстанның еңбек нарығына қатысушылардың көптеген бос жұмыс орындары мен түйіндемелерін жинайтын орынға айналып қана қоймай, қысқа мерзімді оқытудан бастап жұмыс берушімен тікелей еңбек шартын жасасуға дейінгі жұмысқа орналастырудың барлық бизнес-процесін барынша жеңілдетуге мүмкіндік береді», – деді О. Ордабаев.

Enbek.kz жүйесіне тікелей еңбек биржасынан басқа skills.еnbek.kz – халық үшін сұранысқа ие дағдылар бойынша курстардың маркетплейсі онлайн оқыту платформасы, business.еnbek.kz – кәсіпкерлік бастамаларды қолдау порталы, hr.enbek.kz – жалдамалы қызметкерлердің еңбек жолын цифрлық есепке алу жүргізілетін еңбек ресурстары порталы, сондай-ақ Армения, Беларусь, Қырғызстан және Ресейдің ұлттық ақпараттық жүйелерімен интеграцияның арқасында ЕАЭО-ның басқа елдерінде жұмыс немесе қызметкер табуға мүмкіндік беретін «Шекарасыз жұмыс» бірыңғай іздеу жүйес кіреді.

Сессия барысында сондай-ақ еңбек көші-қоны саласындағы үрдістер, еңбек нарығының қажеттіліктерін болжау және кәсіптік біліктілікті дамыту мәселелері, денсаулық сақтау саласына инвестициялардың қажеттілігі-жаһандық тұрғыда да, жекелеген елдік ерекшеліктерді ескере отырып талқыланды.


ҚР ЕХӘҚМ