ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеевтің ҚХР-ға сапары аясында Шыңжаңның бірқатар автономиялық аудандарының (Боро-Тала-Моңғол АО, Іле Қазақ АО, Алтай округі және Іле Қазақ АО-ның Шәуешек округі) басшылығымен, сондай-ақ СҰАА өндірістік-құрылыс корпусының өкілдерімен келіссөздер жүргізілді.
СҰАА автономиялық округтерінің басшылығымен кездесу барысында қазақстандық ет, дәнді және майлы дақылдар, жемшөп импортына қызығушылық байқалды. Өз кезегінде министр Қазақстанның сапалы жеміс-көкөніс өнімдерін сатып алуға мүдделі екенін айтты.
Сонымен қатар, Қазақстан аграрлық секторға инвестиция салу үшін кең мүмкіндіктер ұсынады. АӨК-де инвестициялық жобаларды іске асыру үшін мемлекеттік қолдау шаралары, оның ішінде салалық жеңілдіктер мен салықтық преференциялар көзделген. Инвесторлар ірі жобаларды жүзеге асыру үшін Үкіметпен тікелей инвестициялық келісім жасай алады. Бұл салықтың негізгі түрлері бойынша ерекше шарттар алуға мүмкіндік береді, деп атап өтті министр.
Ербол Қарашөкеев ынтымақтастық перспективалары туралы айта келе, қазақстандық тараптың ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу саласындағы жобаларды дамытуға қызығушылығын атап өтті. Қазір елімізде қайта өңдеу кәсіпорындары үшін субсидиялаудың түрлі бағыттары бар. Мемлекет жұмыс істеп тұрған зауыттарды жаңғыртуға және жаңа зауыттар салуға жұмсалатын шығыстардың бір бөлігін өтейді, айналым қаражатына берілетін несиелер бойынша сыйақы мөлшерлемелерін субсидиялайды, сондай-ақ шикізатты қайта өңдеуге тапсырған кезде фермерлердің шығындарының бір бөлігін өтейді және т.б.
Осы және өзге де қолдау шаралары шетелдік инвестициялар үшін қолайлы жағдайлар жасайды. Осыны ескере отырып, АШМ басшысы қытайлық компанияларды АӨК саласында қазақстандық әріптестермен бірлескен жобалар ашуға шақырды.
«Тұқым шаруашылығы, өсімдік шаруашылығы және азық-түлік өндірісі саласындағы қытайлық кәсіпкерлерді Қазақстанға шақырамыз. Біз ынтымақтастық пен бірлескен жобаларды іске асыру үшін ашықпыз. Ауыл шаруашылығы министрлігі өз тарапынан инвесторлар үшін барлық қажетті жағдайларды ұсынуға және жан-жақты қолдау көрсетуге дайын», — деп қорытындылады министр.