Ержүрек жауынгер аталар

Сан мыңдаған ер азаматтардың өмірін қиған Ұлы Отан соғысының әлемдік тарихтағы орны зор. Бес жыл бойы дүниені дүрліктірген соғыста небір жанқиярлық ерліктер жасалды. Небір сын сәттерде Отан үшін отқа кеудесін тосқан аға ұрпақтың қатарында қазақ халқының батыр қыздары мен ұлдары да болды. Биыл Ұлы Отан соғысының Жеңіспен аяқталғанына 78 жыл толып отыр, осы сұрапыл соғыста қаншама боздақтар мен жауынгер жерлес аталарымыз сұрапыл соғыстан келмей қалды, бүгінгі күні ержүрек батыр бабаларымыздың ерлікеріне бас иеміз.
Осы бейбіт өмірдің қуанышын көре алмаған боздақтарымыз қаншама десеңізші, олар өз өмірлерін қиып осы мамыражай өмірді ұрпақтарына сыйлап кетті. Сол жауынгерлердің ішінде ауылымыздағы Ахметов Батырғалы мен оның інісі Ахметов Батырбай да осы зұлым соғыстың кесірінен оралмады. Батырғалы атайдың туып-өскен жері Талдықорған өңіріндегі Биғаш ауылында еңбек еткен, ал Батырбай ата 1941жылы Көксу ауылшаруашылық техникумында оқып жүрген жерінен соғысқа аттанады, анасына жазған хатында Батырбай ата 263 отрядының саперлер батальонында кіші сержант болып жүргені, Брест қамалына кіргенін жазған, ең соңғы мәлімет бойынша атайдың болған жері Смолнск облысы, Холм-Жирковский ауданы, Канютино станциясы деген, содан кейін хабарсыз кеткен екен, ол кісі отбасын құрып та үлгермеген екен. Ал, Батырғалы атай болса 1942 жылы соғысқа аттанып, 69-шы атқыштар полькінің құрамында болған, 1944 жылы 18 ақпанда ұрыста қаза тауып, Белорусс ССР-нің Витебская облысы, Макарово деревнясында жерленген екен.
Батырғалы атай соғысқа кеткенде , артында Қуанышбай деген жалғыз ұлы қалған, Қуанышбайдың көп ұзамай анасы қайтыс болып, әжесі тәрбиелеп өсірген. Қазіргі таңда ауылымыздағы батыр ержүрек аталарымыздың жалғасы Ахметов Қуанышбай атайдың да ұрім бұтағы өсіп-өнген, ұл-қыздары, немере-шөберелері бар . Қуанышбай атайдың жары Тоқтасын апай екеуі тату-тәтті бірге ұл-қыз, өнегелі ұрпақ тәрбиелеп отырған бақытты жанұя. Оқ пен оттан аман оралып, ортамызда жүрген аға ұрпақтың жауынгерлік және еңбектегі ерліктерін әрдайым мақтан тұтамыз. Елімізді ғана емес, Еуропаны фашизмнің қара түнегінен азат еткен ардагер ағаларымыз бен апаларымызды кейінгі ұрпақ — біз ешқашан ұмытпаймыз.
Біз олардың алдында мәңгілік қарыздармыз. Сондықтан да біз Ұлы Отан соғысының ардагерлерін әрқашан қастер тұтамыз. Олардың ерлігі ешқашан естен шықпақ емес. «Батырдың өзі өлсе де, аты өлмейді»-деген сөз бекер айтылмаса керек.


Салтанат Ускенбаева,
Жалғызағаш ауылдық клуб әдіскері