2025 жылдың соңына дейін Қазақстанның барлық қалалары мен ауылдарының тұрғындары таза ауыз сумен қамтамасыз етіледі 

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында қалалық және ауылдық елді мекендердің тұрғындарын ауыз сумен 100% қамту шаралары қаралды. 

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев 2022 жылдың қорытындысы бойынша республикада сумен жабдықтаудың қолжетімділігі: қалаларда – 98,4%-ға, ауылдарда – 94,5%-ға жеткенін баяндады. Қалаларды ауыз сумен қамтудың ең төмен деңгейі Жамбыл облысында – 91,9%-ды, Қостанай облысында – 80,4%-ды, Ақмола облысында – 89,8%-ды және Солтүстік Қазақстан облысында – 85%-ды құрайтыны атап өтілді. Бұл ретте қаржыландыруда ауыз сумен қамтамасыз ету көрсеткіштері төмен өңірлерге басымдық беріледі. 

Биыл сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін салуға және реконструкциялауға республикалық бюджеттен 280 млрд теңге бөлінді. Бұл қаражатқа 402 жобаны, оның ішінде қалаларда 167 млрд теңгеге 135 жобаны, ауылдарда – 113 млрд теңгеге 267 жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр. Жыл қорытындысы бойынша сумен жабдықтаудың қолжетімділік деңгейі: қалаларда – 98,8%-ға, ауылдарда – 96,3%-ға жетуі тиіс. Жалпы 2025 жылға дейін қалған 25 қала мен 1395 ауылдың тұрғындары тиісті қызметтермен қамтылады. 

Экология және табиғи ресурстар министрі Зүлфия Сүлейменова атап өткендей, қазіргі уақытта республикада ұзындығы 15,5 мың км 80 топтық су құбыры бар. Олар 1,4 млн адамды қамти отырып, 655 ауылдық елді мекенді ауыз сумен қамтамасыз етеді. 

Биыл құрылысы 2010 жылы басталған Есқұла су құбырын пайдалануға беру жоспарланып отыр. Сондай-ақ Ақмола, Алматы, Атырау, Ұлытау, Қызылорда, Маңғыстау, Түркістан және Солтүстік Қазақстан облыстарындағы топтық су құбырларын салу және реконструкциялау бойынша 27 жобаны жүзеге асыруға қаражат бөлінді. Үйтас-Айдос топтық су құбырын реконструкциялау жұмыстарын жалғастыру үшін қаражат бөлу мәселесі пысықталуда. 

Ақмола облысының әкімі – Ермек Маржықпаев, Қостанай облысының әкімі – Құмар Ақсақалов, Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары – Қанат Құлжанов өңірлерде атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.  

Премьер-Министр Үкіметке 2025 жылдың соңына дейін халықты 100% таза ауыз сумен қамтамасыз ету міндеті қойылғанын еске салды. Осы орайда еліміздегі су ресурстарының тапшылығы мәселесін шешу маңызды бағыттардың бірі болып отыр. 

«Қазір елімізде 600 мыңнан астам адам таза ауыз су мәселесін шешуді талап етеді. Тіпті Астананың өзінде су тапшылығы қатты сезіле бастады. Бұл ретте, суды үнемдеу маңызды сұрақ болып отыр. Өкінішке орай, көптеген азаматтарымыз суды үнемдегісі келмейді. Бұл сұрақты шешу үшін саланы цифрландыру және тиімді тарифтерді енгізу қажет», — деді Әлихан Смайылов. 

Ол жаңа Су кодексі мен бағдарламалық құжаттарды дайындау кезінде ескеру қажет екенін айтты. 

Бұдан басқа, әлі шешімін таппаған бірқатар жүйелі проблемалар бар. Мәселен, кей өңірлерде су тазарту құрылыстарын салу жұмыстары созылып кетті. Ақмола облысында бұл жұмыс 10 жылдан бері   бітпей келеді. Сонымен қатар іздестіру-барлау жұмыстары да уақытында басталған жоқ. Қарағанды облысында конкурстық рәсімдер енді ғана өткізіліп жатыр. 

«Сақалды» құрылысқа айналған ауыз су жобаларын аяқтау ісінде де шикілік көп. Мұның айқын мысалы ретінде Ұлытау облысындағы Есқұла су құбырын, Қызылорда облысындағы Талап су құбырын, Солтүстік Қазақстан облысындағы Преснов су құбыры мен Соколов су құбырының 2-ші кезеңін айтуға болады. Соның кесірінен 220 мыңға жуық адам сапалы суға қол жеткізе алмай отыр», — деп атап көрсетті Премьер-Министр. 

Оның айтуынша, сумен жабдықтау жүйесінде техникалық ақаулардың орын алуына негізінен инфрақұрылымның тозуы мен күрделі жөндеу жұмыстарының уақытылы жүргізілмеуі себеп болып отыр. 

«Мәселен, сәуір айында магистральдық құбырдың жарылуынан Балқаш қаласы бірнеше күн бойы түгелдей ауыз сусыз қалды. Абай облысындағы Андроновка ауылында су мұнарасы құлап, жергілікті тұрғындар суды тасып ішуге мәжбүр болды. Семейде су арнасындағы авария 70-тен астам үйді сусыз қалдырды. Сондай-ақ магистральдық құбырдағы авариядан Ақмола облысының 11 елді мекеніне су берілмей қалды. Бұл – тек бір айдың ішінде орын алған жайттар», — деп атап өтті Әлихан Смайылов. 

Үкімет басшысы мұндай проблемалардың барлығын кешенді түрде шешу керектігін және биылғы жылдың қорытындысы бойынша қалалар мен ауылдық елді мекендерді таза ауыз сумен қамтудың жоспарланған көрсеткіштеріне қол жеткізуді қамтамасыз етулері қажет екендігін атап өтті. 

Қорытындылай келе, Әлихан Смайылов еліміздегі сумен жабдықтау инфрақұрылымына мониторинг жүргізіп, бір ай мерзімде Үкіметке апат қаупі аса жоғары объектілердің тізбесін енгізуді, осы жылдың соңына дейін құрылыс жұмыстары созылып кеткен барлық ауыз су жобаларының аяқталуын қамтамасыз етуді, сондай-ақ бір ай мерзімде суға жаңа тарифтік саясатты енгізу бойынша нақты ұсыныстар енгізуді тапсырды. 

«Бұл ретте, түскен қаражатты инфрақұрылымды жаңғыртуға, оның ішінде суды пайдаланудың цифрлық технологияларын енгізуге бағыттаудың маңызы ерекше», — деп түйіндеді сөзін Әлихан Смайылов.

primeminister.kz