«Қорғас» шегара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығы» АҚ басқарушы компаниясы пандемияға байланысты үш жылдан бері саяхатшыларды қабылдауды тоқтатқан болатын. Осы жылдар аралығында орталықтың өткізу кеденінде күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, мұнда келіп-кетушілерге қолайлы жағдайлар жасалды. Бүгін орталық үш жылғы үзілістен кейін саяхатшыларға өз құшағын қайтадан айқара ашылды.
Қорғас» ШЫХО-ға Қазақстанның түкпір-түкпірінен, ТМД және басқа да елдерден туристер көптеп ағылатыны ақиқат. Сондықтан орталық қызметі барлық бағытта
цифрландырылып, келушілерді қабылдау сапасының деңгейін арттыруға әрекет жасап отыр. ШЫХО аумағында автокөлік кептелісіне жол бермеу үшін автоматтандырылған тұрақ әзірленді, билет пен багаждың автоматтандырылған жүйесі жасалды, жолаушылар залында ана мен бала үшін бөлек бөлме, банк бөлімшелері, дәріхана, пост- терминалдар, банкомат, дүкен, кофехана және намазханамен қамтамасыз етілген. Сондай-ақ, Арбат, сауда орталықтары, қонақүй кешендері, фуд-корттар, түрлі ұлттық тағамдар дайындайтын мейрамхана сияқты туристердің жайлы және уақытын қызықты өткізуіне оң әсер ететін жобалардың іске асырылу нұсқалары қарастырылды.
Өткел залдарында үлкен кезектердің алдын алу үшін келушілерге билеттерді онлайн сатып алудың жеңілдетілген жүйесі іске қосылды. Билеттің құны бір адамға шамамен 3000 теңгені құрайды. Орталық ашылғаннан кейін күніне шамамен 3 мың адам қабылдауға мүмкіндік бар. Басқарушы компания 2023-2025 жылдарға арналған даму стратегиясын дайындады. Осы стратегия шеңберінде Даму тұжырымдамасы сауда-туристік кластерді дамытуға бағытталады. Сондай-ақ, сауда орталықтары, қонақүй, ойын-сауық кешендері, көрме орталықтары және сол сияқты басқа да инвестициялық жобалар көзделген «Қорғас» ШЫХО АЭА бас жоспары нақтыланады.
Орталыққа өту Қазақстан азаматтары жеке куәліктерімен, шетел азаматтары халықаралық шегарадан өту тәртібімен рәсімделеді. ҚР аумағында тұратын әр азамат орталықтан айына бір рет 31 келі тауарды баж салығынсыз әкете алады. Мөлшерден 5 келі ғана асуға рұқсат етіледі. Артық салмақтың 1 келісіне 4 евродан тө- лемақы төлейді. Келушілерден багаж қабылдау сағат 9-дан 17.30-ға дейін жүзеге асады. ШЫХО-ның Қытай бөлігіндегі сауда орындары 17.30-ға дейін жұмыс жасайды. Ал Орталық демалыссыз таңғы 7.00-ден кешкі 17.00-ге дейін жұмыс істейді. Жүк көліктерімен тауар өткізуге тыйым салынады. Автобустар 20 минуттық интервалмен жүреді.