Халық қабылданып жатқан шаралардың нақты нәтижесін көруі керек – Әлихан Смайылов инфляцияға қарсы күрес шаралары туралы

Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Мемлекет басшысының тапсырмасымен әзірленген «Қолжетімді интернет» ұлттық пилоттық жобасын іске асыру жоспарлары қаралды. 

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин ұлттық жобаның негізгі мақсаты азаматтар мен бизнесті кемінде 100 Мбит/с деңгейінде жоғары жылдамдықты интернет желісімен қамтамасыз ету екенін баяндады. Осылайша, 60 мың шақырым кабельдік телекоммуникация инфрақұрылымын салу арқылы 3 мыңнан астам ауылды интернетпен қамту жоспарланып отыр. Шалғайдағы шағын ауылдық елді мекендерді кең жолақты интернет желісімен қамтамасыз ету мәселесін шешу үшін ғарыштық байланыс жүйесін пайдалану көзделіп отыр. 

Сонымен қатар 17 000 шақырым республикалық және негізгі облыстық автожолдарды мобильді интернетпен қамту бойынша жұмыс жүргізілетін болады. Ол үшін 480-ден астам тиісті антенна-діңгекті құрылыстарды орнату жоспарланып отыр. Сондай-ақ республикалық маңызы бар қалалар мен кейбір облыс орталықтарында 5G ұялы байланыстың жаңа буыны енгізіледі. 2027 жылға қарай әрбір республикалық маңызы бар қала мен астананы қамту 75%-ды, ал облыс орталықтарын қамту 60%-ды құрайды деп күтілуде. 

Ұлттық жоба аясындағы жекелеген бағыт – мектептердің интернетке қолжетімділігін қамтамасыз ету. Қазіргі уақытта 3 063 мектепте Интернет жылдамдығы артты, ал 2023 жылдың қыркүйегіне дейін тағы 1 402 мектепте дәл осындай жұмыс жүргізілетін болады. Интернет жылдамдығын арттырудың техникалық мүмкіндіктері жоқ 2 003 мектепке дейін талшықты-оптикалық байланыс желілері (ТОБЖ) жеткізілетін болады. 

Ұлттық жобаның тағы бір мақсаты – Қазақстанды аймақтық цифрлық хаб ретінде қалыптастыру. Ол үшін Каспий теңізінің қайраңымен ұзындығы 380-400 шақырым болатын ТОБЖ тарту қажет. Бұл ретте, транзит пен халықаралық трафикті сақтау үшін Tier-III деңгейінен төмен емес деректер орталығын құру қажет. Осылайша, жоғарыда аталған жобаларды іске асыру деректердің халықаралық транзитінің баламалы бағытын және ел нарығына кемінде 3 BigTech компаниясын (Google, Amazon,Microsoft) тартуды қамтамасыз етеді. 

Отырыста «Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы Қуанышбек Есекеев пен «Кар-Тел» («Билайн») ЖШС бас директоры Евгений Настрадин де баяндама жасады. Премьер-Министр ұлттық жоба қалалар мен ауылдардағы интернеттің сапасы мен қолжетімділігіне қатысты көптеген мәселелерді шешуге бағытталғанын атап өтті. 

«Өкінішке орай, бұл салада жүйелі жұмыстарды көре алмай отырмыз. Биылғы жылдың басынан бері Үкіметке байланыс және ақпараттандыру мәселелері бойынша азаматтардан 5 мыңға жуық өтініштер мен шағымдар келіп түсті. Олардың басым бөлігі интернеттің жылдамдығы мен сапасына қатысты. Сонымен қатар елді-мекендерде, тіпті ірі қалалардың өзінде мобильді интернет жоқ немесе сапасы нашар. Мұндай шағымдар, әсіресе Алматы мен Астанада көп», — деді Әлихан Смайылов. 

Оның айтуынша, мобильді интернетке қызмет көрсету байланыс операторларының міндеттемелеріне неге кірмейтіні мүлдем түсініксіз. Интернеттің сапасы мен жылдамдығын өлшейтін құралдар жоқ.

«Бұл проблемаларды шешу керек. Қазіргі таңда адамдар бірінші кезекте интернеттің сапасына қарайды. Жай ғана желі тартып беретін кезеңнен өттік. Халыққа сапалы байланыс пен жылдам интернет қажет. Олар тарифтердің ақысын толығымен төлеп отыр. Сондықтан, сапалы қызметті талап етуі орынды», — деп атап өтті Премьер-Министр. 

Ол соңғы 3 жылда байланыс операторлары бұл салаға тартылған инвестицияларды шамамен 60%-ға дейін төмендетіп жібергенін атап өтті. Операторларға қымбат инфрақұрылымға қаржы салғаннан гөрі, анықталған заң бұзушылықтар үшін айыппұл төлей салған тиімді. 

«Мұндай жағдайды түбегейлі өзгерту керек. Ұсынылып отырған ұлттық жоба дәл осы мәселелерді шешуге бағытталған. Оның негізгі мақсаты – халық пен кәсіпкерлік субъектілерін ең кемі секундына 100 Мбит болатын Интернетпен қамтамасыз ету. Талшықты-оптикалық байланыс желілерімен 3 мыңға жуық ауыл қамтылуы тиіс. Ал, 2027-ші жылға қарай республикалық маңызы бар қалалардың 75%-ы және облыс орталықтарының 60%-ы 5G технологиясымен қамтамасыз етіледі», — деді Әлихан Смайылов. 

Сондай-ақ, деректерді беру деңгейі секундына 4-6 терабитке дейін болатын желілердің транзиттік мүмкіндіктерін ұлғайтуға басымдық беру қажет. 

«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Қазақстан қуатты деректер орталықтары мен трансшекаралық талшықты-оптикалық магистральдары бар Цифрлық хабқа айналуы тиіс. Ұлттық жобаның осы мақсаттарына бюджеттен 5 жыл ішінде шамамен 560 млрд теңге бөлу жоспарлануда», — деді Премьер-Министр. 

Үкімет басшысы байланыс операторлары міндеттемелерінің сақталуын ескере отырып, барлық жерде байланыс сапасы мен Интернет жылдамдығының мониторингін күшейту, сондай-ақ қысқа мерзімде Ұлттық жобаны пысықтап, оны Президент Әкімшілігіне бекітуге ұсыну қажеттігін атап өтті.

Халық қабылданып жатқан шаралардың нақты нәтижесін көруі керек – Әлихан Смайылов инфляцияға қарсы күрес шаралары туралы

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында 2023-2024 жылдарға арналған инфляция деңгейін бақылау және төмендету жөніндегі өзектендірілген шаралар кешені қаралды.

Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров өзектендірілген шаралар кешені отандық өнімдерді (азық-түлік, құрылыс материалдары, жеңіл, химия және фармацевтика өнеркәсібі тауарлары және т. б.) сақтау, логистика және бөлшек сауда саласындағы қадамдарды, баға белгілеуді бақылауды, монополияға қарсы және сыртқы сауданы реттеуді көздейтін жедел және орта мерзімді сипаттағы 93 іс-шарадан тұратынын баяндады. Атап айтқанда, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының, жанар-жағармайдың, көмір мен дәрі-дәрмектің бағасын тұрақтандыру шаралары әзірленді.

Мәселен, ӘКК мен ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер арасында форвардтық келісімдер жасауға көшуді көздейтін тұрақтандыру қорларының жұмысын қайта форматтау , сондай-ақ биыл 17 мың жеңілдікті микрокредит беру, 18 мың жұмыс орнын ашу арқылы ауыл халқының табысын арттыру және «Ауыл аманаты» ауыл шаруашылығы кооперациясын дамыту жөніндегі жобалар іске асырылады. Сонымен қатар СҚО тәжірибесі негізінде жаңа тауарлы-сүт фермаларын құру және жұмыс істеп тұрғандарын кеңейту бойынша 24 жобаны, құс етін өндіру бойынша 19 жобаны және ет өнімдерін қайта өңдеу бойынша 17 жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр.

Бұл ретте картоп пен басқа да көкөністерді сақтау сыйымдылығын арттыру, маусымаралық кезеңде тиімді тауар интервенцияларын жүргізу үшін тұрақтандыру қорларын жүктеу және өнімсіз делдалдарды анықтау бойынша шаралар қабылданатын болады. Ірі өндірушілер мен бөлшек сауда желілері арасында ӘМАТ бағасын төмендету және ұстап тұру, апта сайын ауыл шаруашылығы жәрмеңкелерін өткізу, «Ұлттық тауар өткізу жүйесі» бірыңғай ақпараттық жүйесін құру және басқа да бағыттар туралы келісімдер жасасу бойынша жұмыс жалғасады.

Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев осы жылы ерте пісетін картоп алқабы 10,6 мың гектарға дейін, қырыққабат – 8,3 мың гектарға, сәбіз – 2,2 мың гектарға, пияз – 3,3 мың гектарға дейін ұлғайтылғанын айтты. Негізгі азық-түлік тауарлары бойынша импортты алмастыру мәселесі 2026 жылға дейін АӨК саласында жалпы сомасы 2,8 трлн теңгеге 900 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жолымен кешенді түрде шешіледі. Атап айтқанда, 2023 жылы 536 млрд теңге сомасына 291 жобаны іске асыру жоспарланған.

Премьер-Министрдің орынбасары – сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин атап өткендей, мақсатты іс-қимылдар нәтижесінде негізгі азық-түлік бағасының өсу қарқынын тоқтатуға мүмкіндік туды. Соңғы 6 аптада ол 0,1%-дан аспаса, жыл басынан бері 3,4%-ды құрады, ал соңғы 5 жылдың сәйкес кезеңінде ол орташа есеппен 6,4%-ға жетті.

Оның айтуынша, биылғы маусымаралық кезеңде көлемі 139,5 мың тоннаны құрайтын көкөніс қоры жасақталды. Бүгінгі таңда 58,4 мың тонна, оның ішінде 27,5 мың тонна картоп, 11 мың тонна сәбіз, 10 мың тонна пияз және 9,9 мың тонна қырыққабат сатылды. Қазіргі уақытта 2024 жылғы маусымаралық кезеңде бағаның маусымдық ауытқуын реттеу үшін осы жылдың күзгі егін жинау науқанын жүргізу бойынша жұмыс жалғасуда. Бұл мақсатта 100 мың тоннаға жуық көкөніс өнімдеріне келісімшарт жасалды.

Баяндамашыларды тыңдай келе, Премьер-Министр негізгі мақсат жыл соңына дейін инфляцияны 2 есе төмендету екенін атап өтті. Осыған байланысты мемлекеттік органның әрбір жауапты басшысы Кешенді жоспардың іс-шараларын сапалы орындауға бар күш-жігерін салуы тиіс екендігін талап етті.

«Үкімет пен жергілікті атқарушы органдардың басты міндеті – әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру. Дегенмен, азық-түлік инфляциясы кейбір әкімдіктердің тиімсіз жұмысын көрсетіп отыр», — деді Әлихан Смайылов.

Ол өткен аптада (11-18 сәуір аралығында) әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы 0,1%-ға өскенін атап өтті. Бұл ретте Ақтөбеде, Өскеменде, Семейде, Қызылордада – 0,2%-тен жоғары болды.

«Өңір әкімдіктері әлеуметтік маңызы бар өнімдер бағасына мониторингті күшейтуі қажет. Әсіресе, үстеме бағалардың тиісті 15%-дық мөлшерден асып кетпеуін қадағалау керек. Әкімдіктерде бұл үшін барлық мүмкіндіктер бар», — деді Премьер-Министр.

Ол ішкі нарықтағы отандық тауарлардың үлесін ұлғайтуға күш салу, тауарларды сақтау және тасымалдау ісіне қолдау көрсету қажет екенін айтты.

«Халық қабылданып жатқан шаралардың нақты нәтижесін көруі керек», — деп атап өтті Әлихан Смайылов.

Сонымен қатар өңірлерде форвардтық сатып алу, тұрақтандыру қорлары, айналым схемасын қолдану, монополияға қарсы және саудадағы реттеу шараларының іске асырылуын ерекше бақылауда ұстау маңызды.

«Жергілікті жерлерде бизнеске азық-түлік тауарларының өндірісін ұлғайтуға, сақтау көлемін кеңейтуге, логистикаға, өңдеу өнеркәсібіндегі жобаларды іске асыруға барынша қолдау көрсету қажет», — деп атап өтті ол. 

Сөз соңында Премьер-Министр Кешенді іс-шаралардың орындалу барысын үйлестіруді қамтамасыз ету, сондай-ақ ай сайын жауапты мемлекеттік органдармен бірлесіп оның іске асырылу барысын қарастыру және тиісті шешімдер қабылдау қажет екенін айтты.

primeminister.kz