Ескерткіш – тарих куәсі

Ескерткіштер қашанда ұлттық тарихымыз бен мәдениетіміздің құнды жәдігерлері болып табылады, сондай — ақ әрбір елдің тарихы мен өткенінен сыр шертер халықтың ұлттық байлығы ғана емес, сол елдің өткені мен бүгінін саралауға мүмкіндік беретін маңызды құрал. Ескерткіш мұралары көне тарихтың куәсі болғандықтан, оларды насихаттау әрбір азаматтың парызы.

 Ғасыр мен ғасырды жалғап келе жатқан тарихи құндылығымызбен қанша мақтансақ та жарасады. Даламыздағы күмбезін күн шарпыған ғажайып ғимараттар, сән салтанатқа бөленген сырлы сарайлар, биік тұғырға орнатылған алып ескерткіштер, таңғажайып жазбалар, сырлы суреттер қаншама? Осының бәрі кең даланың сәулеті мен ерлік рухтың куәгері.

Жайнаған көркі әсем қаладайын,

Тамсантып, табындырған баладайын.

Қос ауыл қос қоржындай Шұбар, Мұқыры,

Өткенің игі тағлым, ал ағайын!

Сәулеті дәулетке сай ертегідей,

Құт қонған киелі жер, ері нендей!

Жиырмасы Еңбек Ері бір Шұбардан,

Көргеннің көзі тойған, көңілі көлдей – дей келе ерен еңбегімен  ел құрметіне бөленген  21 Батыр  Еңбек Ері атанған Алдабергенов ауылдық округінде орналасқан Н.Алдабергеновтың  мемориалды музейінде                18 сәуір — Халықаралық ескерткіштер мен тарихи орындарды қорғау күніне орай   «Ескерткіш – тарих куәсі» атты танымдық сағат өткізілді.          Мақсаты – тарихи өлкеміздің рухани, құнды мұраларын және ескерткіштер мен тарихи жәдігерлерді сақтауға үйрету.  Шара барысында Матай Байысов атындағы орта мектеп оқушылары ескерткіштер тарихы туралы мағлұмат алып, Ескелді ауданында орналасқан батыр, би бабаларымыздың ескерткіштері мен кесенелері жайлы «Тарихи ескерткіштер – ұлт құндылығы»  атты слайдты  тамашалап,  соңында Алдабергенов ауылының Орталық алаңында орналасқан  Батырлар аллеясына саяхат ұйымдастырылып, Екі мәрте Еңбек Ері Нұрмолда Алдабергеновтың ескерткішіне тағзым жасап, естелікке суретке түсті.

Ж.Ө.Ахатаева. 

Н.Алдабергеновтың  мемориалды музейінің экскурсия жүргізушісі