Мысалы, Ресейде – 225 литр, Қырғызстанда – 98 литр, Өзбекстанда – 44 литр. Сонымен бірге тұтыну деңгейі жоғары қарқынмен өсіп келеді.
«Мұндай жағдай жанар-жағармайдың көрші елдерге транзиттік көліктермен және “сұр” экспорт түрінде шығарылуының артуына байланысты. Ал экономиканың негізгі салаларында нақты тұтыну көлемі айтарлықтай өзгерген жоқ», — деді Премьер-Министр.
Үкімет басшысының айтуынша, мемлекет жанармай өндірісін ұлғайту үшін барлық шараны қабылдауда. Мысалы, өткен жылы дизель отынын өндіру 5,2 млн тоннаны құрап, рекордтық деңгейге жетті. Жалпы соңғы 5 жылда бензин өндірісі 70%-ға, дизель өндірісі 33%-ға өсті.
Әлихан Смайылов наурыз айының өзінде жанар-жағармай материалдарын тұтыну көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 15%-ға өскенін айтты. Егер республика баға айырмашылығын қысқартпаса, онда биыл 850 мың тоннаға дейін көлемде жанармай тапшылығына ұрынады.
«Біздің арзан отын өзіміздің ұлттық мүдделерімізге емес, көрші елдердің экономикасына жұмыс істеп отыр. Сондықтан жанар-жағармай нарығындағы жағдайды тұрақтандыру үшін баға айырмашылығын төмендету керек. Бұл елден мұнай өнімдерінің жаппай шығарылуын азайтуға және ішкі нарықты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бізде бұдан басқа жол жоқ», — деді Премьер-Министр.
Оған қоса Үкімет басшысының айтуынша, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге арзандатылған дизель толығымен бөлінді. Оларға баға 204 теңге болып қала бермек.