Т. Оспанқұлов Қазақстанда еңбекті қорғау бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы хабардар етті

ҚР ЕХӘҚМ Еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің (бұдан әрі – ЕӘҚК) төрағасы – ҚР Бас мемлекеттік еңбек инспекторы Төлеген Оспанқұлов ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Қазақстанда қауіпсіз еңбек жағдайларын жасау және өндірістік жарақаттануды азайту бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы айтты.

Өз сөзінің басында ЕӘҚК басшысы азаматтардың еңбек құқықтарын қорғаудың негізгі бағыттарының бірі олардың біліктілігіне және еңбек шарттарына сәйкес келетін қызметкерлердің еңбегіне ақы төлеуді қамтамасыз ету болып табылатынын атап өтті.

«Жалақы бойынша берешек мәселелері ерекше алаңдаушылық туғызады.  24 наурыздағы жағдай бойынша республиканың 73 кәсіпорнында 3 мыңнан астам жұмыскердің алдында 1,4 млрд теңге сомасында жалақы бойынша берешек болған. Ең көп берешек Маңғыстау облысында – 242 млн теңге, Алматы қаласында – 235 млн теңге және Абай облысында – 140 млн теңге.

Жыл басынан бері жергілікті еңбек инспекциясы органдарының көмегімен жалақы бойынша 1,3 млрд теңгеге жуық берешек төленді, осылайша 8,1 мың қызметкердің құқықтары қорғалды», – деді Төлеген Оспанқұлов.

Ол Еңбекминінің бастамасы бойынша жалақы бойынша берешекті өтеудің нәтижелілігін арттыру мақсатында заңнамаға өзгерістер енгізілгенін, соның нәтижесінде жұмыс берушінің жалақы төлеуі туралы нұсқама атқарушылық құжаттың міндетті күшіне ие болғанын атап өтті. Осылайша, қазіргі уақытта нұсқаманың орындалу мерзімі аяқталғаннан кейін ол жеке сот орындаушыларына оны мәжбүрлеп орындау үшін беріледі. 2022 жылы 47 материал, ал биыл 14 іс берілді.

Сондай-ақ, жергілікті атқарушы органдар жұмыс берушілермен қызметкерлердің жалақысын арттыру бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Нәтижесінде 2022 жылы 2,5 мың жұмыс беруші 2 млн-нан астам жұмыскердің жалақысын 5-тен 50% — ға дейін көтерді. Ағымдағы жылдың басынан бері 1,7 мың жұмыс беруші 1 млн астам жұмыскердің жалақысын орта есеппен 12% — ға көтерді.

Бас мемлекеттік еңбек инспекторы Еңбек кодексіне сәйкес жұмыс беруші жұмыскерлерге тең еңбек үшін тең ақы төлеуді, сондай-ақ қандай да бір кемсітусіз тең өндірістік-тұрмыстық жағдайларды қамтамасыз етуге міндетті екенін атап өтті.

«2022 жылы облыс прокурорлары мемлекеттік еңбек инспекторларымен бірлесіп 30 адамнан көп шетелдік жұмыс күшін (бұдан әрі – ШЖК) тартатын 64 кәсіпорынға тексеру жүргізді, соның нәтижесінде 1150 бұзушылық анықталды. Оның ішінде: 179 – еңбекақы төлеудегі диспропорция жағдайы; 399 – шетелдіктердің рұқсаттарда көзделмеген жұмыстарды орындау жағдайы; 210  — талаптарды сақтамау жағдайлары; шетелдіктердің білімінің олар атқаратын лауазымдарға сәйкес келмеу жағдайлары – 205; ШЖК тартуға рұқсатсыз шетелдіктердің еңбек қызметін жүзеге асыруының – 157 жағдайы.

Аталған бұзушылықтарды жою үшін 66 ұсыныс енгізілді, 263 лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды, жалпы сомасы 64,3 млн теңгеге айыппұл салынды, әкімдіктер 390 рұқсатты қайтарып алды», – деді Төлеген Оспанқұлов.

Еңбек заңнамасын сақтау мәселелері ЕӘҚК-нің ерекше бақылауында.

Осы жылғы 1 наурыздағы жағдай бойынша мемлекеттік еңбек инспекторлары 924 тексеру жүргізді, оның барысында 1005 бұзушылық анықталды, оның ішінде: еңбек саласында – 865; еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бойынша – 132; халықты жұмыспен қамту бойынша – 8.

Жұмыс берушілерге 527 ұйғарым беріліп, 54,5 млн теңге сомаға 348-ден астам әкімшілік айыппұл салынды. Азаматтардың 4662 өтініші қаралды.

 «hr.enbek.kz еңбек ресурстарының жаңа порталын іске қосу шеңберінде 2021 жылғы 1 желтоқсаннан бастап жұмыс берушінің еңбек заңнамасы талаптарының сақталуын өзін-өзі тексеруден өтуін көздейтін «Онлайн еңбек консультанты» функционалы жұмыс істейді.

Сонымен, жұмыс беруші осы еңбек инспекторын алмастыратын және интерактивті режимде жоспарланған немесе орындалған рәсімдердің дұрыстығын тексеретін қызметке жүгіне алады. Бұзушылықтар анықталған жағдайда жұмыс берушіге оларды жою мақсатында нақты іс-әрекеттер ұсынылатын болады. Бүгінгі таңда 19 930 адам өзін-өзі тексерді», – деді ЕӘҚК төрағасы.

Бас мемлекеттік еңбек инспекторы қауіпсіз еңбек жағдайларын жасау және өндірістік жарақаттануды азайту ҚР Үкіметі мен Еңбекминінің негізгі міндеттерінің бірі болып табылатынын атап өтті. 

Қабылданған шаралардың нәтижесінде соңғы 5 жылда өндірісте зардап шеккендердің саны 6,5% — ға (1568-ден 1465 адамға дейін), қаза тапқандар саны 8,4% — ға (220-тен 203 адамға дейін) азайды.

«Биылғы жылдың 1 наурызында еліміздің кәсіпорындарында 187 адам зардап шекті, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңінен 13% — ға аз. Оның ішінде 21 адам қаза тапты, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңінен 34,4% — ға аз. Жарақаттанудың жоғары деңгейі Қарағанды (19 адам зардап шекті), Шығыс Қазақстан (17 адам), Абай (15 адам), Түркістан (14 адам), Қызылорда (14 адам) облыстарында сақталуда», – деп толықтырды Төлеген Оспанқұлов.

Статистикаға сәйкес, 2021 жылы зерттелген кәсіпорындардың 1,6 млн жұмыскерінің 375 мыңы (22,8%) зиянды және қауіпті еңбек жағдайларында жұмыспен қамтылған. Өңірлер бөлінісінде зиянды және басқа да қолайсыз еңбек жағдайларында жұмыс істейтін қызметкерлердің жоғары деңгейі Қарағанды облысында – 74 976 адам, Павлодар облысында – 46 361 адам, Шығыс Қазақстан облысында – 37 383 адам байқалады.

 «Зиянды және қауіпті еңбек жағдайлары бар жұмыстармен айналысатын жұмыскерлерге жұмыс беруші еңбек заңнамасына сәйкес кепілдіктер мен өтемақылар береді (жұмыс уақытының қысқартылған ұзақтығы, қосымша жыл сайынғы еңбек демалысы және жалақының ұлғаюы, сүт, емдік және профилактикалық тамақтану). Мәселен, 2021 жылы еліміз бойынша 681 мың қызметкер зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істегені үшін 167 млрд теңгеден астам сомаға түрлі өтемақы алды, бұл 2020 жылмен салыстырғанда 19%-ға артық», – деп хабарлады ЕӘҚК төрағасы.

Төлеген Оспанқұловтың айтуынша, мемлекеттік бақылау нәтижесінде анықталған бұзушылықтардың 30% — дан астамы еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау мәселелеріне тиесілі. Мәселен, өткен жылы мемлекеттік еңбек инспекторлары еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бойынша бұзушылықтардың 2771 фактісін анықтады.

Жазатайым оқиғалардың себептері әртүрлі, олар жұмыс берушілердің де, жұмысшылардың да қауіпсіз еңбек жағдайларын жасауға деген көзқарасынан туындайды.

 «2022 жылдың қорытындысы бойынша еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласындағы бұзушылықтар үшін 119 лауазымды адам атқаратын лауазымынан босатылды. Құқық қорғау органдарына жазатайым оқиғалар туралы 1094 материал жіберілді, олар бойынша 192 қылмыстық іс қозғалды. Еңбек жағдайларының нақты жай-күйін бағалау мақсатында жұмыс орындарында 7061 өндірістік объектіні аттестаттау өткізілді», – деп толықтырды Төлеген Оспанқұлов.

Бұзушылықтардың алдын алу және болдырмау мақсатында еліміздің 3211 кәсіпорны еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау стандарттарын енгізді.

Жұмыс орындарындағы еңбек жағдайларының нақты жай-күйін бағалау мақсатында 7061 өндірістік объектілерді аттестаттау жүргізілді.

2019 жылдан бастап «Нөлдік жарақат – Vision Zero» тұжырымдамасын ілгерілету бойынша жұмыстар белсенді жүргізілуде. Бүгінгі таңда оған 425 кәсіпорын қосылды.

«Министрлік алдына зиянды еңбек жағдайлары бар жұмыс орындарын айтарлықтай қысқарту және өндірістік жарақаттану деңгейін төмендету міндетін қойып отыр. Осы мақсатта 2025 жылға дейін қауіпсіз еңбекті қамтамасыз ету жөніндегі іс-қимыл жоспары іске асырылады, онда: өндірістік жарақаттанудың алдын алу тетіктерін жетілдіру; өндірістегі жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру тетігін жетілдіру; зиянды еңбек жағдайлары бар жұмыстарда істейтін қызметкерлерге кепілдіктер берудің тәуекелге бағдарланған тетігін енгізу көзделеді. Осы іс-шараларды іске асыру нәтижесінде 2025 жылға қарай: жазатайым оқиғалар жиілігінің коэффициентін 1000 жұмысшыға шаққанда 0,20-ға дейін төмендету; зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істейтін қызметкерлердің үлес салмағын 20% — ға дейін қысқарту күтілуде», – деді ЕӘҚК төрағасы.

Сөз соңында ол Еңбекмині барлық қажетті шараларды қабылдайтынын және еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласындағы профилактиканың ұлттық мәдениетін қалыптастыру және нығайту, мемлекеттік еңбек инспекциясының тиімді жүйесін құру арқылы қызметкерлердің еңбек құқықтарын қорғау, қазіргі заманғы талаптарға жауап беретін еңбекті қорғау саласындағы ғылыми инфрақұрылымды дамыту, жұмыскерді өндірістегі жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру жүйесін жетілдіру бойынша жағдай жасайтынын айтты.

ҚР ЕХӘҚМ