Ұлыстың ұлы күні — Наурыз мейрамы

Көктемнің жарқын мерекесі Ұлыстың Ұлы күні Наурыз мейрамы. Жыл өткен сайын Наурыз мейрамы елімізді мекендеген бүкіл халықтың, ұлт пен ұлыстың сағынып күтетін ортақ мерекесіне айналып, жаңа мазмұнмен, жарасымды сән-салтанатымен түрлене түсуде.

Күн мен түннің теңеліп, жан-дүниені тірілткен, шаруаның бір малы екеу болып, арқа-басы кеңіп, аққа аузы тиген, қытымыр қыстың ызғарынан құтылып, алдағы шуақты күндерден үміттендірген Наурыз мерекесі Тәуелсіз еліміздің зор ықыласпен тойланатын нағыз халықтық сипаттағы салтанатына айналды.

Наурыз мейрамы аясында міндетті түрде атқарылатын рәсімдер баршылық. Мәселен, наурыз көже дайындалады, апаларымыз қысқы соғымның әбден сүрленген қадiрлi мүшелерiн осы күнi қазанға салады. Соғымға сойылған малдың басы немесе шекесі қосылып, қазы-қарта, жал-жая қазанға түседі. Ет сорпасына көже қайнатады. Оған тары, арпа, бидай, бұршақ, күріш сияқты жеті түрлі дән мен ақ қосады. Оған қоса, ол — тоқшылық пен ырыс-құттың жоралғысы. Наурыз мерекесі жадыраған жазды қарсы алар көктемнің басы болғандықтан, оны қазақтар «Самарқанның көк тасы жібіген күн» деп те атайды. Бұл бүкіл табиғат ананың тоңы жібіп, жаны кіретін тіршілік басы дегенді білдіреді.

Бүгін Ескелді ауданында Наурыз мерекесі кеңінен тойлана бастады

Мереке барысында концерттік бағдарлама, ұлттық ойындар мен спорттық жарыстар(қошқар көтеру, тоғызқұмалақ, асық ату,  арқан тарту, қол күрес) ойындары болды

Сонымен қатар, ұлттық көрмелер, «Қарабұлақ бауырсақ»,» Ескелді наурыз-көже « фестивалі ұйымдастырылып аудан тұрғындарына арналған (тегін) дәмі тіл үйірер наурыз көже мен палау, ұлттық тағамдар ұсынылды.

Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын ағайын!

ЖШ Акпарат