Соғыс және еңбек ардагері, Социалистік Еңбек Ері, ауыл шаруашылығы ғылымының кандидаты Бошай Кітапбаевтың туғанына 100 жыл
Ауыл экономикасынының өркендеуіне мол үлес қосып, халықтың шынайы құрметіне бөленген шаруашылық басшылары аз болған жоқ. Солардың бірі – Ұлы Отан соғыс ардагері, Социалистік Еңбек Ері Бошай Кітапбаев.
Бошай Кітапбаев ХХІІ партсъезд колхозын (қазіргі Алдабергенов ауылы) 1973-1978 жылдары басқарды. Ол Шығыс Қазақстан облысы, Катонқарағай ауданының Жаңаүлгі ауылында 1923 жылы дүниеге келген.Оның бозбала шағы қатыгез соғыс уақытына тұспа-тұс келеді. Мектеп соңғы қоңырауы, жарқын болашақ туралы бозбаланың арманы…., ойламаған жерден Ұлы Отан соғысы басталады. Кешегі жас түлек өзінің арман-мақсаттарын ысырып қойып, туған жерден мыңдаған шақырым жыраққа – қан майданға, алғы шепке аттанады. 1944 жылы Беларусьтың Витебск қаласы үшін жан түршігерлік «Ржев ет тартқышы» деп аталған қан төгіс шайқаста ауыр жараланып, бір аяғынан айырылып, әскерге жарамсыздығынан елге оралады. 1945 жылдың сәуір айында Катонқарағай аудандық атқару комитетінің хатшысы қызметіне орналасып, ол өзіне жүктелген міндеттерді мінсіз атқару жолында аянбай еңбек етіп, іскерлік қабілетімен танылып, жоғары басшылардың назарына ілігеді. Ұйымдастыру жұмысын ұтымды жүргізген білікті маман 1950 жылы Зайсан ауданының атқару комитетінің төрағасы қызметін атқарып,1955 жылы Үлкен Нарын ауданының Ленин атындағы ұжымшарының төрағасы болып сайланады.
Қызметін атқара жүріп, ғылыми жұмыспен шұғылданып,1970 жылы экономика тақырыбына кандидаттық диссертация қорғап ғылым кандидаты атанады. Ол өзіне жүктелген міндеттерді мінсіз атқару жолында аянбай еңбек етіп, іскерлік қабілетімен танылып, жоғары басшылардың назарына ілігеді. Ұйымдастыру жұмысын ұтымды жүргізген білікті маман 1971 жылы «Социалистік Еңбек Ері» атағы мен «Октябрь революциясы» және Ленин орденімен марапаталады.
1973 жылы Бошай Кітапбаев ХХІІ партсъезд колхозға (қазіргі Алдабергенов ауылы) төраға болып сайланғанда ресми мәліметтер бойынша колхозда қант қызылшасы 850 гектар жерді алып жатқан. Агрохимия талаптарына сай жасалған ауыспалы егіс бойынша 800 гектар суармалы жерге жоңышқа егіліп, қызылшаға жақсы ізашар болды. Жаңа төраға қант қызылшасы бойынша есепті нақты деректермен сәйкестендіруді ұйғарды. Нәтижесінде есеп беру құжаттары бойынша бұл дақылдың көлемі 1250 гектарға дейін ұлғайды.
Бошай Кітапбаев Н.Алдабергеновтың ерен еңбегінің үлгісін көрсетіп, өмірден өткен жиырмадан астам мәртебелі Алтын жұлдыз иегерлері болған және олардың өнегесімен колхоз ұжымындағы адамдармен, жас мамандармен тіл табысып, ортақ мүддені бірлесіп, соның нәтижесінде беделі биіктеп абыройы артып, колхоздың экономикалық негізгі көрсеткіштері өркендетіп, мал мен егін шаруашылығы өсіп, оның өнімділігін арттырды.
Бошай Кітапбаев Екі мәрте Еңбек Ері Н.Алдабергеновпен алғашқы кездескен естелігі : «1963 жылы Мәскеу қаласында колхоздың одан әрі қарай ілгерілеу міндеттерінің қорытындысы туралы Орталық Комитетінің кеңейтілген Пленумы болды. Онда жеті мыңнан астам өкілдері мен 16 республиканың басшылары қатысты. Сол кезде кеудесінде 2 Алтын Жұлдызы бар, Жоғары Советтің депутатытының төсбелгісін таққан Нұрмолда Алдабергеновпен кездестім.Бұрын көрмесемде Н.Алдабергенов екенін таныдым. Соғысқа қатысқан менің әкеммен құрдас екен. Туған інісіндей, баласындай бауырына басты. Ешқандай қызғану дегенді білмейтін кеңпейіл, ақжүрек аға екенін сезіндім».
Ел дәулетін еселей түсу мақсатымен ауыл шаруашылығы мен сан салалы қым-қуыт тіршілігін түлеткен алыптардың қатарында өзіндік өнегесімен өрнекті өмір сүрген елеулі Еңбек Ері Бошай Кітапбаевтың тәлімі бүгінгі ұрпаққа әрдайым өнеге.
А.Қ. Есбосынова
Н.Алдабергеновтың мемориалды музейінің қор сақтаушысы