Бизнесті қорғау

 Қолданыстағы мемлекеттік бақылау және қадағалау саласындағы заңнама бизнес субъектілерінің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға бағытталған бірыңғай қағидаттарды айқындайды.

А.ж. 1 қаңтардан бастап Мемлекет басшысының кәсіпкерлік қызмет саласындағы жаңа реттеу cаясаты туралы тапсырмасы шеңберінде іске асырылған Кәсіпкерлік кодекстің (Кодекс) нормалары заңды күшіне енді.

Енді мемлекеттік бақылау нысаны профилактикалық бақылау, тексеру және тергеп-тексеру түрінде жүзеге асырылады.

Сонымен қатар берілген рұқсаттар мен жіберілген хабарламалар бойынша біліктілік немесе рұқсат беру талаптарының сәйкестігіне жүргізілетін тексерудің жаңа нысаны енгізілді.

Тәуекел дәрежесін бағалау негізінде ерекше тәртіп бойынша жүргізілетін тексерулер алынып тасталды, ал субъектіге (объектіге) бару арқылы жүргізілетін профилактикалық бақылау осыдан бұрын сол субъектіге бармай жасалған жағдайда жүргізілетін болады.

Жоспардан тыс тексерулерді тағайындаудың негіздері 13-тен 8-ге дейін қысқарды (бақылау және қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы талаптарға сәйкестігін тексеру және профилактикалық бақылау нәтижесінде анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқамалардың орындалуын бақылау, жеке және заңды тұлғалардың, мемлекеттік органдардың өтініштері, прокурордың тапсырмалары, қайта тексеру, қылмыстық іс жүргізу және салық заңнамаларының негіздері жатады).

Барлық енгізілген жаңа нормалар Кодекстің 13-тарауына сәйкес реттеледі.

Сондай-ақ тексерулерді есепке алу мен тіркеудің барлық процесі «Тексеру субъектілері мен объектілерінің бірыңғай тізілімі» (ТСОБТ) ақпараттық жүйесінде цифрландырылған, ол тіркеу сатысында бизнесті заңсыз тексерулерден қорғауды, сондай-ақ мемлекеттік бақылау мен қадағалаудың ашықтығын қамтамасыз етеді.

Барлық қызықтыратын мәселелер бойынша, оның ішінде тексеруші мемлекеттік органдар тарапынан заңсыз әрекеттер туралы өтініштермен Бас прокуратураның бірыңғай байланыс орталығына (телефон-115), Басқармаға 87282 24 11 38 телефоны арқылы хабарласуға болады.

Сонымен бірге, кез келген кәсіпкер Комитеттің «www.qamqor.gov.kz» ақпараттық порталында немесе «Qamqor» мобильді қосымшасы арқылы тексерістің тіркелуін көре алады.

Мобильді қосымшаның көмегімен кәсіпкерлер алдағы тексерулер туралы хабарламаларды алуға, онлайн режимде шағым беруге мүмкіндігі бар. Осындай мәліметтер болмаған жағдайда, кәсіпкердің тексерушілерге тексеру жүргізуге жол бермеу құқығы бар.

ҚР БП ҚСжАЕК

Жетісу облысы бойынша басқармасы