Бағлан Бекбауов ауыл шаруашылығын цифрландыру жұмыстары туралы айтты

Ауыл шаруашылығы вице-министрі Бағлан Бекбауов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте агроөнеркәсіптік кешен саласындағы цифрландыру жұмыстары туралы айтты. Вице-министр VetLab платформасындағы «Ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру» ақпараттық жүйесінің жұмысына егжей-тегжейлі тоқталды.

Мобильді қосымшаның арқасында ветеринарлық дәрігерлердің жұмысы жеңілдетілді. Ақпараттық сервис ақпаратты жинауды, беруді және талдауды автоматтандырды. Бұл ретте ветеринар күнделікті қағазбастылықтан босатылып, толықтай мал шаруашылығы өнімдерін бақылаумен айналысады. Мал дәрігерлері шалғай аудандарға бара жатып, жануарларды мобильді қосымша арқылы тіркейді, дерекқор бойынша тексереді, сондай-ақ жүргізілген ветеринариялық іс-шараларды көрсетеді.  Байланыс жоқ жерлерде ыңғайлы болу үшін мобильді қосымша интернетсіз жұмыс істей алады. «Ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру» ақпараттық жүйесінде 25 млн-ға жуық мал тіркелген.

Вице-министр пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы жерлерін мемлекетке қайтару жөнінде жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы да айтты. Бүгінгі таңда Қазақстанның 17 облысының 15-і жеке қосалқы шаруашылықтардың мал жаю үшін жайылым тапшылығын сезініп отыр. Әсіресе, Түркістан, Қызылорда, Алматы және Атырау облыстарында тапшылық байқалады.  Өткен жылы мемлекетке 5,35 млн га пайдаланылмаған және заңсыз берілген ауыл шаруашылығы алқабы қайтарылды. Олардың кадастрлық нөмірі, орналасқан жері және ауданы бар тізілімі jerkarta.gharysh.kz порталында қолжетімді. Интерактивті карта фермерлердің әкімдіктерге ауыл шаруашылығы жерлеріне өтініш беруі үшін бағдар болады, сондай-ақ жер учаскелерімен махинациялық процестерді болдырмауға мүмкіндік береді.

Ғарыштық мониторинг деректері бойынша, 2023 жылғы 1 қаңтарға тағы 12,9 млн га пайдаланылмаған және 8,1 млн га ұтымсыз пайдаланылған ауыл шаруашылығы жерлері анықталды. Бағлан Бекбауов министрлік 2023 жылдың соңына дейін тағы 5 млн гектарды мемлекеттік меншікке қайтаруды жоспарлап отырғанын еске салды.

Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы вице-министрі  жұмыс істеп жатқан субсидиялаудың бірыңғай мемлекеттік ақпараттық жүйесінің соңғы деректеріне тоқталып өтті. gosagro.kz-тің жұмыс істеп бастаған бірінші айында СБМАЖ-ге жалпы сомасы 17,1 млрд теңгеге субсидиялауға 3000-нан астам өтінім беріліп, 135 млн теңгенің өтінімі мақұлданды. Фермерлерге 55 млн теңгеге жуық субсидия төленді.