«Біз бұған дайын болуымыз керек»: Әлихан Смайылов жүк тасымалының өсуі аясында Қазақстанның транзиттік әлеуеті туралы айтты

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Жетісу облысына жұмыс сапары аясында өңірдің көлік-логистикалық және агроөнеркәсіптік әлеуетін дамыту барысымен танысты.

Талдықорған әуежайында Үкімет басшысына Талдықорған – Қалбатау – Өскемен, Үшарал – Достық, Сарыөзек – Көктал, Лепсі – Балқаш автожолдарын және Үшарал қаласындағы әуежайдың ұшу-қону жолағын қайта жаңарту, сондай-ақ облыстың Алакөл ауданында транзиттік инфрақұрылымды дамыту туралы баяндама ұсынылды.

Әлихан Смайылов қабылданып жатқан шаралар мен қалыптасып отырған сыртқы экономикалық ахуалдың нәтижесінде Қазақстан Азия мен Еуропа арасындағы маңызды құрлық дәлізіне және әлемдік маңызы бар көлік-транзиттік тораптардың біріне айналатынын атап өтті.

«Облыста транзиттік әлеуетті дамыту үшін барлық ресурстар бар. Оның аумағында “Достық” және “Нұр жолы” екі халықаралық өткізу пункті, “Достық” және “Алтынкөл” шекаралық теміржол стансалары орналасқан, халықаралық транзиттік маршруттар өтеді. Өңірдің барлық мүмкіндіктерін көлік-логистикалық салаға тарту қажет», — деді ол.

Үкімет басшысы бұл бағытта Достық – Мойынты т/ж учаскесінде екінші жолдардың құрылысы уақтылы басталғанын атап өтті, өйткені Қытайдың шектеулерді алып тастауы аясында Еуропаға жүк тасымалдау қарқынды өсуде.

«Біз бұған дайын болуымыз керек», деді Әлихан Смайылов.

Премьер-Министр сонымен қатар Үшарал қаласындағы әуежайдың ұшу-қону жолағын қайта жаңартуды аяқтаудың маңыздылығын атап өтті, соның арқасында үлкен фюзеляжы бар әуе кемелерін қабылдау мүмкіндігі пайда болды. Оның айтуынша, жүргізіліп жатқан автожолдарды жаңғырту және қосымша пойыздарды іске қосумен бірге, бұл Алакөл және Балқаш көлдерінің туристік аймақтарын дамытуға айтарлықтай әсер етеді.

Әлихан Смайылов жалпы көлік саласында заманауи инфрақұрылымды құру үшін Үкімет ірі халықаралық серіктестерді тартатынын айтты. Атап айтқанда, «Достық» станциясында көпфункционалды жүк тасымалдау терминалы салынды. Жалпы жүк айналымы жылына 1 млн тоннадан астам, инвестиция сомасы 3 млрд теңгені құрайтын қойма қуатын енгізу жоспарланған. Сондай-ақ 500-1000 бірлікке арналған еурофур жеке паркін қалыптастыру жоспарлануда. Бастапқы кезеңде мұнда инвестициялардың жалпы көлемі 5 млрд теңгеден асады.
Бұдан әрі Премьер-Министр бірнеше жыл бұрын ауқымды жаңғыртудан өткен Көксу қант зауытына барды. Кәсіпорында жоғары сапалы шетелдік жабдықтар орнатылды, жылумен жабдықтау газға ауыстырылды және жаңа техника сатып алынды. Өткен жылдың қорытындысы бойынша зауыт 70 мың тоннаға жуық қант шығарды, 2023 жылға арналған жоспар – 92 мың тонна

Әлихан Смайылов мемлекет ақ қант өндірушілеріне, оның ішінде «айналым схемасы» шеңберінде бұрын-соңды болмаған қолдау шараларын көрсетіп отырғанын атап өтті. Сондай-ақ қант қызылшасының егіс алқаптарын 15 мың гектарға дейін кезең-кезеңімен ұлғайтуды көздейтін Қант саласын дамытудың кешенді жоспары қабылданды, атап айтқанда, Жетісу облысында 2026 жылға қарай жалпы жиналған өнім шамамен 525 мың тоннаны құрайтын болады.

«Осыған байланысты жаңа алқаптарды өңдеп, суармалы жерлерді қалпына келтіру бойынша шаралар қабылдау маңызды. Сумен қамтамасыз ету бөлігінде су шаруашылығы объектілерін реконструкциялау жөніндегі шаралар көзделген. Қант зауыттары да жаңғыртылып, 2026 жылға қарай өндірілетін ақ қант көлемін 180 мың тоннаға дейін жеткізу қажет», деді ол.

Мұнда Үкімет басшысы өңірдің ауыл шаруашылығы құрылымдарының басшыларымен кездесу өткізді, онда субсидиялау, жер алқаптарының қолжетімділігі, басқа да қолдау шараларын ұсыну және т. б. мәселелер көтерілді.

Әлихан Смайылов Ауыл шаруашылығы министрлігіне көтерілген проблемаларды талдау және оларды шешу бойынша нақты ұсыныстар енгізуді тапсырып, өткен жылы мемлекет саланы қаржыландыруды екі есеге арттырғанын және осы көлемді ағымдағы жылы да сақтап қалғанын айтты.

Премьер-Министр сапар аясында «Каримов» ЖК сүт-тауар фермасының қызметімен танысты, ол 2022 жылы жергілікті сүт өңдеу зауыттарының жүктемесін қамтамасыз ету және сүт өнімдерінің импортын азайту үшін айтарлықтай кеңейтілді. Қазір кәсіпорында 900-ге жуық ірі қара мал басы бар.

Шаруашылық басшысы Рахым Кәрімов Үкімет басшысына өндірістің шығындарын азайту және оның өнімділігін арттыру үшін шағын және орта отбасылық фермаларға қатысты қолдау шараларын кеңейту мүмкіндігін қарастыру туралы өтінішін білдірді.

«Мәселені шешудің бірден бір жолы ауыл шаруашылығы кооперациясының мүмкіндіктерін пайдалану болуы мүмкін. Қазір бұл бағытқа мемлекет тарапынан үлкен көңіл бөлінуде. Егер екі-үш шаруа қожалығы күш біріктіруді ұйғарса, олардың өндіріс шығындары төмендеп, пайда үлесі артады. Бұл ретте ірілендіру есебінен осы АӨК субъектісін инвестициялық субсидиялаумен қамту мүмкіндігі пайда болады», — деп жауап берді Әлихан Смайылов.

Жалпы, Премьер-Министрдің айтуынша, бүгінгі таңда сүт бағытын мемлекеттік қолдау шаралары саланы айтарлықтай технологиялық жаңғыртуға мүмкіндік берді. Тек соңғы бес жылда сүт шаруашылығын қолдауға 82 млрд теңге бағытталды.

«Биыл бүкіл республика бойынша Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесін тарату жоспарлануда, онда қысқа мерзім ішінде сүт-тауар фермаларын құру бойынша 21 жоба іске асырылды. Бұл жұмысты ерекше бақылауға алу қажет», — деді Әлихан Смайылов.

Әлихан Смайылов: Жетісу облысының құрылыс саласындағы жоғары динамиканы сақтау қажет

Жетісу облысына жұмыс сапарымен келген ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов өңірдің бірқатар инфрақұрылымдық, өнеркәсіптік және әлеуметтік нысандарының жұмысымен танысты.

Үкімет басшысы қаладағы 1981 жылдан бері жұмыс істеп тұрған «Басқуат» қазандығына барды. Қуаты шамамен 200 Гкал/сағ. болатын қазандық бүгінде 500-ден астам көп пәтерлі және 1 000 жеке тұрғын үйді, 20 мектепті, 25 балабақшаны, 10 аурухананы және 90 әкімшілік ғимаратты жылумен қамтамасыз етіп отыр. Сонымен қатар Талдықорғандағы құрылыс жұмыстарының қарқыны мен жыл сайынғы жүктеменің ұлғайып келе жатқанын ескере отырып, қазандық қуатын сағатына 300 Гкал-ға дейін арттыру және объектіні газға ауыстырып, жаңғырту жоспарланып отыр.

Әлихан Смайылов қазандықты жаңғырту тұтынушыларға көрсетілетін қызметтердің сапасын арттырып, қаланың экологиялық ахуалын жақсартуға және жылу шығынын төмендетуге мүмкіндік беретінін атап өтті.

«Қазандықты газға ауыстырудың маңызы зор, бұл өнімділікті жақсартып, экологиялық мәселелерді шешуге айтарлықтай үлес қосады. Облыс әкімдігі жоба бойынша жұмысты жеделдетуі керек. Үкімет өз тарапынан қажетті көмек көрсетеді», — деді Үкімет басшысы.

Одан кейін Премьер-Министр кабельдік-өткізгіш өнімдердің түрлерін шығаратын «Талдықорғанкабель» кәсіпорнының жұмысымен танысты. Зауыт өз өнімдерін Қазақстанның барлық өңірлеріне, сондай-ақ Әзербайжан, Қытай, Қырғызстан, Польша, Ресей, Өзбекстан және басқа да бірқатар елдерге шығарып отыр.

Жалпы Жетісу облысында 514 өнеркәсіп кәсіпорны жұмыс істейді, онда 4 мыңнан астам адам еңбек етеді. Өткен жылы өңірде 280 млрд-тан астам теңгенің өндірістік өнімдері шығарылды, 17 жаңа нысан пайдалануға берілді. 2023 жылы инвестициялық құны 24,4 млрд теңгені құрайтын тағы 8 жобаны іске қосу жоспарланған.

Үкімет басшысының айтуынша, энергетика, машина жасау кәсіпорындарында, сондай-ақ мемлекет қаражаты есебінен объектілер салу кезінде отандық өнімді пайдалануды ынталандыру қажет. Осыған байланысты Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне нормативтік-құқықтық актілерге тиісті өзгерістер енгізу мәселесін пысықтау тапсырылды.

Талдықорғандағы шағын аудандардың бірінде Әлихан Смайылов халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын азаматтар үшін салынған 60 пәтерлік тұрғын үйді аралап көрді. Үкімет басшысы 2022 жылдың қорытындысы бойынша облыста құрылыс жұмыстарының көлемі 4%-дан астам өскенін атап өтті.

«Облыс әкімдігі осы қарқынмен белгіленген жоспарларды тиімді іске асыруды жалғастыруы қажет. Сонымен қатар  құрылыс жүріп жатқан аудандарға инфрақұрылымды кешіктірмей, дер кезінде тартып беру маңызды»,  деді Премьер-Министр.

«Қорғас» шекара маңы ынтымақтастығы орталығы жақын арада жұмысын қайта бастайды – Әлихан Смайылов

Талдықорғанда ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен кеңесте Жетісу облысының одан әрі әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері қаралды.

Облыс әкімі Бейбіт Исабаев, ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев, индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев, денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев, сондай-ақ ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбеков пен энергетика вице-министрі Жандос Нұрмағанбетов іске асырылып жатқан шаралар мен алдағы кезеңге арналған жоспарлар туралы баяндама жасады.

Премьер-Министр өз сөзінде Мемлекет басшысының Сайлауалды бағдарламасын орындау аясында алдағы жылдары республиканың ауылдық аймақтары мен агроөнеркәсіп секторын дамыту мәселелеріне басымдық берілетінін атап өтті. Яғни, ауыл тұрғындарының табысы мен өмір сүру сапасын арттыру жөнінде шаралар қабылданады.

Үкімет басшысының айтуынша, облыс әкімдігі Экология министрлігімен бірлесіп, ирригациялық желілерді сапалы жаңғыртып, су объектілерін уақытылы пайдалануға беруі қажет. Сондай-ақ пайдаланылмаған жерлерді мемлекет меншігіне қайтару әлі де өзекті мәселе болып отыр.

«Жергілікті атқарушы органдар жүргізіп жатқан жұмыстарға қарамастан, облыста әлі 857 мың гектар ауыл шаруашылығы жері пайдаланылмайды. Ал халықтың жайылымдық жерлерге деген қажеттілігі 680 мың гектардан асады. Сондықтан ауылдық елді мекендердің маңында жерлерді сол ауыл тұрғындарына мал жаюға беру жолдарын пысықтау керек. Бұл бағыттағы жұмысты күшейту қажет», — деді Әлихан Смайылов. 

Инженерлік инфрақұрылым бойынша Үкімет басшысы қолданыстағы кәріз желілерінің тозу деңгейі 58%-ға жеткенін, бұл ретте әкімдік тарапынан осы бағыттағы жұмысты жандандыру қажеттігін атап өтті.

Әлихан Смайылов шешімін табуды қажет ететін бірқатар әлеуметтік мәселеге назар аударды. Мәселен, облыста бес мыңнан астам бала 69 бейімделген мектепте оқиды, тағы бір мектеп апаттық жағдайда болса, 26 мектеп саман кірпіштен тұрғызылған. Сонымен қатар Үкімет басшысы «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын іске асыру оқушы орындарының тапшылығы мәселесін шешуге мүмкіндік беретінін атап өтті. Атап айтқанда, 2026 жылға дейін өңірде жаңа 10 мектеп ашу жоспарланып отыр. Бұл мақсатқа республикалық бюджеттен 55 млрд теңге қарастырылған. 

«Сондай-ақ Қаржы министрлігінің сыбайлас жемқорлардың қаражаты есебінен құрылған бюджеттен тыс қоры бар. Осы қаражат есебінен де қосымша мектептер салынатын болады», — деді Премьер-Министр. 

Денсаулық сақтау саласындағы ахуал туралы айта келе, Үкімет басшысы облыстағы 59 медициналық нысан жалға алынған және бейімделген ғимараттарда орналасқанын атап өтті.

«Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту жөніндегі ұлттық жоба аясында екі жыл ішінде осы медициналық объектілер денсаулық сақтау желісінің нормативіне сәйкес келтірілетін болады. Сонымен қатар әкімдік жер учаскелерін бөлуді және инженерлік коммуникацияларды жүргізуді жедел қамтамасыз етуі қажет», — деді Премьер-Министр. 

Сонымен қатар Әлихан Смайылов қаладан келетін кадрларды, әсіресе жастарды әлеуметтік қолдау арқылы ауылдық жерлердегі медицина қызметкерлерінің тапшылығы мәселесін шешудің маңызын атап өтті. Мұнда, Үкімет басшысының айтуынша, «Дипломмен ауылға» бағдарламасының құралдарын барынша пайдалану қажет.Әрі қарай экономикалық блок мәселелері туралы сөз қозғаған Премьер-Министр логистиканы дамыту облыстағы перспективалы бағыттардың бірі екенін атап өтті. Ол пандемия басталғаннан бері «Қорғас» шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығы тоқтап тұрғанын, алайда қазіргі уақытта қытай тарапымен оны ашу туралы келісімге қол жеткізілгені туралы айтты.

 «Қорғас» жақын арада өз жұмысын бастауы тиіс. Енді дайындық жұмыстарын жеделдетіп, Орталық қызметіне тартылған барлық құрылымдардың өзара іс-қимылын қамтамасыз ету керек»,  деді Үкімет басшысы.

Сонымен қатар Әлихан Смайылов жоспарланып отырған инвестициялық жобаларды уақытылы іске қосудың және өңірді қолжетімді бағада әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларымен қамтамасыз етудің маңызын атап өтті.

Сөз соңында Премьер-Министр уәкілетті мемлекеттік органдарға бірқатар нақты тапсырма берді: елді мекендерде газ тарату желілерін, «Талдықорған-Үшарал» магистральдық газ құбырын салу, Талдықорғанда «Басқуат» қазандығын қайта жаңарту және Текелі қаласының тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мәселелерін пысықтау қажет.

Сонымен қатар Үкімет басшысы 6 ауылда сумен жабдықтау жүйелерін реконструкциялау мен салуға, 15 апаттық жағдайдағы көпірді жөндеуге, Ақсу орталық аудандық ауруханасын жөндеуге және сейсмикалық жағынан күшейтуге қаражат бөлу мәселелерін қарастыру, сондай-ақ Кербұлақ ауданының ауруханасын жөндеуге және Талдықорғанда 500 қабылдауға арналған емхана салуға қаражат қарастыру қажеттігіне назар аударды.

Энергетика министрлігіне Алакөл жағалауындағы туристік нысандарды үздіксіз электрмен жабдықтау үшін желілер құрылысын кезең-кезеңмен қаржыландыру мәселесін қарастыру, Ұлттық экономика министрлігіне инженерлік инфрақұрылым салу және Балқаш көлінің жағалауын абаттандыру жөніндегі бюджеттік бағдарламалардың әкімшісін анықтау тапсырылды.

primeminister.kz