Қазақстандық аграршыларға жеңілдетілген бағамен 400 мың тоннадан астам дизель отыны бөлінеді

Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында көктемгі егіс жұмыстарына дайындық мәселелері қаралды.

Ауыл шаруышылығы министрі Ербол Қарашөкеевтің хабарлауынша, биылғы егіс алаңы жалпы 23,4 млн гектарды құрайды, бұл 2022 жылғы көрсеткіштен салыстырғанда 68,6 мың гектарға көп. Алдағы уақытта дәнді және дәнді-бұршақты дақылдардың егіс алаңдарын 117 мың гектарға, азықтық дақылдар алаңдарын 36,5 мың гектарға және қант қызылшасы алаңдарын, 6,7 мың гектарға ұлғайту көзделіп отыр.

Облыс әкімдіктерінің жедел деректері бойынша аграршылар 2,4 млн тонна көлемінде тұқым қорын қалыптастырды, өңірлерде қоймаларда тұқым қорлары да дайындалды. Бұл ретте фермерлерге 55 мың тонна, оның ішінде оңтүстік өңірлерге – 27 мың тонна тыңайтқыш жөнелтілді

Энергетика министрі Болат Ақшолақов 2023 жылы көктемгі егіс жұмыстарын жүргізу үшін нарықтық құны 15-20%-ға төмен бағамен жалпы 413 мың тонна дизель отыны бөлінетінін баяндады. МӨЗ үшін отын өндірудің тиісті кестесі бекітілді, оны тасымалдаудың ашықтығын қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылданды. Бұл мәселе ҚР Энергетика министрлігі мен «ҚазМұнайГаз» компаниясының тұрақты бақылауында.

Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов пен Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев, сондай-ақ Ақмола облысы әкімінің бірінші орынбасары Малғаждар Тәткеев өңірлердің егіс науқанына дайындығы туралы хабардар етті.

Премьер-Министр баяндамашыларды тыңдап, көктемгі егіс жұмыстарын қамтамасыз ету үшін Үкімет қажетті шараларды қабылдағанын айтты. Атап айтқанда, жеңілдікті дизель отыны бөлінді, форвардтық сатып алу мен субсидиялауды қаржыландыру жоспарланған. Өткен жылдағыдай, бұл мақсаттарға 140 млрд теңге несие көзделген.

«Мемлекеттік қолдау фермерлер тарапынан да белгілі бір шарттарды орындауды талап етеді. Бұл – агротехнологияларды қатаң сақтау және тыңайтқыштарды уақытылы қолдану», — деді Әлихан Смайылов. 

Үкімет басшысы тыңайтқыштарды қолдану көлемі ғылыми қажеттіліктің небәрі 26%-ын ғана құрап отырғанын атап өтті. Қазақстанда тыңайтқыш өндіретін 12 зауыт жұмыс істейді. Мемлекет өнімді сатып алу үшін фермерлерге субсидия береді. 

«Осы өндірістердің бәрін, ең алдымен, отандық нарыққа бағыттау қажет. Сарапшылардың бағалауы бойынша минералды тыңайтқыштардың жеткілікті деңгейде себілмей қалуынан біздің дихандарымыз 10 млн тоннаға жуық жоғары сапалы бидай өндіру мүмкіндігінен айырылып отыр. Бұл – жиналған өнімнің жартысына жуық», — деді ол. 

Премьер-Министрдің айтуынша, топырақтың тозуы мен егіс алқаптарын арамшөптердің басып кетуі де өнімнің сапасы мен көлеміне кері әсер етіп отыр. Суды көп қажет ететін дақылдардың алқаптарын азайту тетіктері дұрыс жолға қойылмай келеді. Бұл ретте, фермерлер арасында түсіндіру жұмыстары дұрыс жүргізілмеген. Оларға жұмыс жүргізудің басқа, балама нұсқалары ұсынылмаған. Осыған байланысты Ауыл шаруашылығы министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен және өңір әкімдіктерімен бірлесіп, осы бағыттағы жұмысты күшейтуі қажет. 

Үкімет басшысы жеңілдікті дизель отынын бөлу жұмыстары да ерекше бақылауда болуы тиіс екенін айтты.

«Алып-сату мен қолдан жасалған тапшылыққа жол бермеу керек. Бөлінген дизель отынын басқа жаққа «жасырын сататын» операторларға барынша қатаң шара қолдану керек», — деді Әлихан Смайылов.

Оның айтуынша, аумақтар бойынша егістік жерлердің жалпы ауданы және жанар-жағармайға қажеттілігі бар шаруалардың деректер базасын құру қажет. 

 Премьер-Министр отырысты қорытындылай келе, фитосанитариялық іс-шаралар жүргізуді қамтамасыз ету және тыңайтқыш себу жөніндегі жұмыстарды ұйымдастыру, оңтүстік өңірлерді суармалы сумен қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылдауды, сондай-ақ егіс алқаптарын әлеуметтік маңызы бар және жемшөп дақылдарының қажетті көлемін егуді қамтамасыз етуді тапсырды.

Әлихан Смайылов Қазақстанның солтүстік және шығыс өңірлерін газдандыру мәселесін шешуді талап етті

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Қазақстанның елді мекендерін газдандыру барысы қаралды.

Энергетика министрі Болат Ақшолақовтың айтуынша, 2022 жылдың қорытындысы бойынша елді газдандырудың жалпы деңгейі халықтың жалпы санының 59%-ын құрады немесе 11,6 млн адам газға қол жеткізді. Биыл 76 жобаны іске асыруға 73,9 млрд теңге қарастырылған, бұл 160 мың тұрғыны бар 55 елді мекенді газбен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. 2023 жылдың соңында ел бойынша газбен жабдықтау 60% деңгейінде болады деп күтілуде.

Министрдің айтуынша, «Бейнеу – Бозой – Шымкент» газ құбырының қуатын ұлғайтқаннан кейін «Сарыарқа» магистральдық газ құбырының 2-3-ші кезеңдерін салу арқылы Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарын газдандыруды жүзеге асыру ұсынылады. Еліміздің шығыс өңірлерін газдандыру үшін Энергетика министрлігі екі нұсқаны қарастыруда: «Қостанай – Астана – Павлодар – Семей – Өскемен» бағыты бойынша газ құбырын салу және Газ саласындағы ынтымақтастық жөніндегі жол картасы аясында Ресей Федерациясынан газ импорттау.

Сонымен қатар, министрдің мәліметінше, ішкі нарықта тауарлық газды тұтынудың өсуі аясында ресурстық базаны ұлғайту бойынша бірқатар жүйелі шара қабылданып жатыр. Оған қоса, азаматтарды газ желілеріне қосу үшін кедергілерді жою жөнінде жұмыстар жүргізілуде: қажетті құжаттар саны азайтылды, газға қосылу процесін автоматтандыру үшін электрондық алаң енгізілуде және т. б.

Өңірлерде жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев, Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев және Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов баяндады.

Премьер-Министр бүкіл әлемде жыл сайын экологиялық таза энергия ресурстарына, ең алдымен газға сұраныс артып келетінін атап өтті. Демографиялық өсуді, өнеркәсіптік объектілердің іске қосылуын және жеке секторды газдандыруды ескерсек, Қазақстанда да бұл мәселе өте өзекті болып отыр. Мәселен, егер 2020 жылы газды тұтыну көлемі шамамен 17 млрд текше метрді құраса, 2022 жылдың қорытындысы бойынша 19 млрд, ал биыл 20 млрд текше метр болады деп күтілуде.

Әлихан Смайылов Мемлекет басшысы елді газдандыруды 60%-ға жеткізу жөнінде міндет қойғанын еске салды. Жалпы «көгілдір отынға» 11,8 млн-нан астам тұрғыны бар 1 800-ден астам елді мекен қосылуы тиіс.

«Бұл тапсырманы Энергетика министрлігі, “ҚазМұнайГаз” және “QazaqGaz” компаниялары мен әкімдер толық көлемде орындауы тиіс»,  деді Премьер-Министр. 

Оған қоса Үкімет басшысы 2019 жылы салынған «Сарыарқа» магистральдық газ құбырының бойында тиісті инфрақұрылым тартылып, қажетті іске қосу кешендері орнатылғанын айтты. Алайда Астана қаласы, Қарағанды және Ақмола облыстарының тұрғындарын көптен күткен газға қосу қарқыны өте төмен деңгейде қалып отыр. 

«Бұл өңірлердің тұрғындары газ тарату желілері жоқ, рұқсат құжаттарын алу қиын және газға қосылу қымбат деп шағымданады. Бұл осы өңірлерге ғана емес, сонымен қатар газбен қамтылған басқа өңірлерге де қатысты», — деді Әлихан Смайылов. 

Үкімет басшысы мысал ретінде Алматы облысының Биғаш ауылында тұрғындарға газ өткізуге 10 жыл бойы уәде беріліп келгенін айтты. Түркістан облысының Төлеби ауданындағы Алшалы ауылының тұрғындары да бірнеше жылдан бері көгілдір отын күтіп жүр.

Үкімет басшысының айтуынша, Батыс Қазақстан облысының Зеленое ауылында (Орал қаласынан 5 км) газ 2014 жылы өткізілген, бірақ осы күнге дейін әкімшілік ғимараттар ғана қосылған. 

«Ауылдық елді мекендерден басқа, қалаларда да халықты газбен қамтамасыз етуде проблемалар бар. Нәтижесін өздеріңіз көріп отырсыздар, Астана әлі де “көк түтінге көміліп”, ауаның ластану деңгейі бойынша әлемдік рейтингтерде көш бастап тұр. Алматыда 2-ші ЖЭО-да жаңа бу-газ қондырғысын салу мерзімі кейінге шегерілуде. Өңір әкімдері мен “QazaqGaz” компаниясына осы мәселелерді ерекше бақылауға алу керек»,  деді Әлихан Смайылов. 

Премьер-Министр еліміздің солтүстік және шығыс өңірлерін газдандыру мәселесіне нүкте қоятын уақыт жеткенін айтты. Сондықтан Энергетика министрлігі «Самұрық-Қазына» қорымен бірлесіп, 1 мамырға дейін түпкілікті шешім дайындауы қажет.

Әлихан Смайыловтың айтуынша, газ инфрақұрылымының әбден тозуы да – маңызды мәселе.

«Жылу желілері әбден тозып-біткен Екібастұз бен Рудныйдағы жағдайды бәріңіз көріп отырсыздар. Ал газ желілеріне қысым өте жоғары, сондықтан қауіп те жоғары. Магистральдық газ құбырларының басым бөлігі 30 жылдан астам уақыт бұрын салынған және қомақты қаражатты қажет етеді»,  деді Премьер-Министр. 

Үкімет басшысы Энергетика, Төтенше жағдайлар министрліктері, әкімдер мен «QazaqGaz» тарапынан бақылау тұрақты болуы тиіс, ал газ инфрақұрылымын жаңғырту және уақытылы жөндеу жұмыстарына басымдық берілуі керек екенін қоса айтты.

primeminister.kz