Бейбіт Исабаев Алакөл ауданының тұрғындарымен кездесті

Жуырда Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев Алакөл ауданының тұрғындары үшін жеке қабылдау өткізді. Сонымен қатар аудандық мәдениет үйінде халықпен кездесіп, тұрғындарды толғандырған сұрақтарға жауап берді. Жиында түрлі тақырыпта 20-дан астам сауал қойылды. Олардың басым бөлігі тұрғын үй мен жер учаскелері мәселелеріне қатысты болды. Тұрғын үй қорынан баспана алу туралы мәселені жеке қабылдауға келгендердің де басым көпшілігі сөз етті. Тұрғын үй проблемасының өзекті екенін ескерген облыс әкімі Үшаралда жоспарланғаннан бөлек 60 пәтерлік тағы 2 үйдің жобалық-сметалық құжаттамасы мен құрылысына қаржы қарастыру туралы шешім қабылдайтынын айтты. Атап өтсек, қазір Үшаралда 60 пәтерлік жалға берілетін үйдің құрылысы жүріп жатыр, дайындық деңгейі – 35%. Өткен жылдың сәуірінде басталған құрылыс жұмыстары биыл күзде бітуге тиіс, — деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.  

Қойылған сауалдардың бір парасы тұрғын үй кезегіне тұрудағы құжаттарды рәсімдеу туралы болды.

Аудан әкімі Алмас Әбдиновтің айтуынша, 960 адам әлі тұрғын үй алып үлгермесе де, түрлі себептермен кезектен шығып қалған. Қазір себептері анықталу үстінде. 28 адам кезегін қалпына келтіру үшін сотқа талап арыз берген. Нәтижесі азаматтардың қолдарында бұрын кезекте тұрғаны туралы құжаттың болу-болмауына байланысты. Облыс әкімі кезектен шығып қалғандардың саны едәуір екенін, олардың әрқайсысының жағдайын жеке-жеке қарастырып, тұрақты бақылауға алуды тапсырды.

Достық стансысында ҚТЖ балансындағы үйлерді жекешелендірудің ұзаққа созылуы да тұрғындардың наразылығын туғызып отыр. Бұл мәселені жергілікті тұрғын Ержан Аханов көтерді.

«Процесс 5 жылдан бері бітпей келеді. Қайта-қайта түрлі анықтамалар жинатады. Өзім темір жолда жұмыс істегеніме 15 жыл болды, көп балалымын, тұрғын үйім жоқ, баспана жалдап тұрамыз. Бірақ мен өзім үшін сұрамаймын, бүкіл ғұмырын темір жолда жұмыс істеп өткізген, зейнетке шыққан, бірақ әлі үйлерін жекешелендіре алмай отырған жерлестерімнің жайын айтқалы келдім», — деді ол.

Облыс әкімі бітпейтін бюрократиялық кедергілер жасауды тоқтатып, жекешелендіру мәселелері бойынша халыққа нақты жауап беруді тапсырды. Ол сондай-ақ 150 бір және екі бөлмелі қызметтік пәтерлердің проблемалық мәселелерін шешуді жылдамдату үшін ҚТЖ басшылығымен сөйлесетінін де жеткізді.

Аудан әкіміне бірқатар тұрғындарды алаңдатқан тағы бір мәселе — қант зауыты балансындағы пәтерлерге байланысты да жұмыс істеу тапсырылды. А.Әбдиновтің айтуынша, өткен жылы 12 пәтер қайтарылған, жұмыс жалғасуда.

Тұрғындар мектептерді, колледждерді жөндеу, мектеп асханалары мен спорт залдарын стандарттарға сай қайта жаңғырту мәселелерін де көтерді.

Бүгін Алакөл гуманитарлық-техникалық колледжінде болдым. Ғимарат күрделі жөндеуді қажет етеді. Бірақ 500 орындық білім беру мекемесінде барлығы 260 адам оқиды. Материалдық-техникалық базасы ескірген, қазіргі заманғы талаптарға сай келмейді. Бұл ретте ғимаратқа миллиардтаған қаржы жұмсап, күрделі жөндеу жасағанмен, оның берері шамалы. Себебі колледж түлектерінің жұмысқа орналасу деңгейі төмен, көптеген мамандықтар ескірген және ұзақ уақыттан бері сұраныста жоқ. Әрине, бұл жалғыз осы колледждің ғана емес, бүкіл кәсіптік-техникалық білім беру жүйесінің проблемасы. Бюджет қаражаты жұмсалады, бірақ жастар жұмысқа тұра алмайды, өйткені колледждердегі оқыту жүйесі заман талаптарына сай келмейді. Еңбек нарығындағы сұраныс пен ұсыныс арасындағы тепе-теңдік бұзылған, білім беру саласы мен өндіріс арасында байланыс жоқ. Сондықтан бұл бағытта шұғыл шаралар қабылдау қажет. Мемлекет қаражат бөледі, ал біз оны тиімді игеруіміз керек. Жартылай бос тұратын, ешқандай пайдасы жоқ ауқымды ғимараттан гөрі, жақсы зертханалары, өндірістік алаңы, заманауи жабдықтары бар шағын ғимарат болса, сол пайдалы деп ойлаймын, — деді Бейбіт Исабаев.

Облыстық білім басқармасының басшысына қазір қандай мамандықтар сұранысқа ие екенін, колледж түлектерін жұмысқа орналастырудың нақты деңгейі қандай екенін анықтау үшін өткен жылдың қорытындысы бойынша егжей-тегжейлі талдау жүргізуді тапсырды. Бұл ретте осы деректердің барлығын электрондық базаға енгізу қажет.

Қазір бағдарламаны созып, колледждерде 2 жыл сабақ берудің мәні жоқ. Ұтқыр, жылдам болу керек, озық жұмыс істеу керек. 4-6 ай ішінде сіз жақсы материалдық-техникалық база мен оқу процесін дұрыс ұйымдастырудың арқасында сұранысы көп мамандарды дайындай аласыз, қайта даярлауды іске асырасыз, курстар ұйымдастыра аласыз. Қазір ауданда көлік-логистика, жол саласында көптеген ірі жобалар жүзеге асырылады. Оларға кадрлар қажет болады. Жол жөндеушілер, автогрейдер машинистері, электромонтерлар және басқа да мамандар керек. Студенттердің жұмысқа орналасуына мұғалімдер де, колледж басшылығы да қызығушылық танытуы керек. Күнделікті міндеттерді орындап қана жүре бермей, нәтижеге бағытталған жаңа тәсілдермен жұмыс істеңіздер, — деп қорытындылады сөзін облыс әкімі.

Білім басқармасының басшысы Айжан Адамбекованың айтуынша, өңірде барлығы 21 мемлекеттік колледж бар. Қазір 17 жаңа заманауи мамандықты енгізу жұмыстары жүргізілуде, еңбек нарығында талап етілмеген 11 лицензия қайтарып алынады.

Тұрғындарды медициналық қызметтердің сапасын арттыру, әсіресе УЗИ, МРТ және басқа да тексерулерден өту, жол жөндеу, мал жаю үшін жер учаскелерін бөлу мәселелері де мазалайды.

Үш сағатқа жуық созылған кездесу барысында әрбір сұраққа толық жауаптар мен түсініктемелер берілді.

Ел Президенті жергілікті билік халықты тыңдап, естуі тиіс екенін үнемі айтып келеді. Сондықтан халықтың өтініш-талаптарына байланысты бүгінде бюджеттің 80-90 пайызы әлеуметтік салаға бағытталып отыр. Әрине, ондаған жылдар бойы қордаланып қалған мәселелерді бір жылда шешіп тастау мүмкін емес. Дегенмен олардың барлығын да кезең-кезеңімен шешетін боламыз. Бүгін сіздер көтерген сұрақтар мен ұсыныстардың барлығы хаттамаға енгізілді. Олардың нәтижелері туралы сіздер келесі кездесуде менен сұрай аласыздар. Бірінші кезекте әрбір тұрғынның өмір сүру деңгейін көтеруге ықпал ететін ең өзекті, шұғыл проблемалар шешілетін болады, содан кейін орта мерзімді, одан әрі 5 жыл ішінде ұзақ мерзімді мәселелер шешіледі, — деді облыс әкімі Бейбіт Исабаев Алакөл ауданының тұрғындарымен кездесуін түйіндеп.