Жеке қабылдау: министрге ІҚМ терісінен жемшөп қоспаларын шығаратын зауыт таныстырылды

Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев  жеке қабылдау  өткізді.  Жеке қабылдауға Қазақстанның бірқатар өңірінен тұрғындар жер және жер заңнамасының сақталуы, сондай-ақ ветеринариялық қауіпсіздік мәселелері бойынша тексерулер жүргізу мәселесімен келді.

Кездесуге қатысушылардың бірі жаңадан ашылған жоғары ақуызды жемшөп қоспаларын шығаратын зауытын таныстырды. Кәсіпкер құрылысқа 500 мың АҚШ доллары көлемінде инвестиция салған. Оның айтуынша, өндірістің ерекшелігі — бұл қоспа ірі қара мен ұсақ мал терісінен жасалады. Зауыт күн сайын 4 мыңға жуық теріні өңдейді және айына 180 тоннаға дейін өнім шығара алады. Өндірістің өзі қалдықсыз, ал жем қоспасы ақуыздың жоғары құрамымен және аминқышқылдарының керемет құрамымен ерекшеленеді.

Бүгінде теріні қайта өңдеу мәселесі өте өзекті екенін атап өткен жөн.  Қазіргі уақытта сапасы төмен болғандықтан өндірілген терілердің едәуір бөлігі қайта өңдеу кәсіпорындарына қабылданбайды және экспортталмайды.  Осыған орай ұсынылған жобаны дайын өнімді өткізудің тұрақты нарықтары болған жағдайда қолдауға болады, деп атап өтті министр.

Сонымен қатар, биылғы жылға арналған инвестициялық субсидиялау қағидаларында теріні терең өңдеу бойынша кәсіпорындар құруға арналған паспорт көзделген және қойылатын талаптарға сәйкес келген жағдайда жоба өз құнының 25% мөлшерінде инвестициялық субсидиялауға үміткер бола алады.

Ербол Қарашөкеев қаралған әрбір өтініш бойынша құрылымдық бөлімшелердің басшыларына нақты тапсырмалар берді, ол қабылдауға келген қазақстандықтарды көтерілген мәселелерді шешуді өзінің жеке бақылауына алатынына сендірді.

Айта кетейік, министрдің халықты жеке қабылдауы тұрақты түрде өткізіліп тұрады.

ҚР АШМ