САЙЛАУШЫҒА АҚПАРАТ

Сайлауға дейінгі отыз күннен кешіктірілмей

Егер сізге сайлау күні тіркелген жеріңіз бойынша дауыс беруге арналған үй-жайға келу мүмкіндігіңіздің болмайтыны белгілі болса, сіз сол жердің әкімдігіне сайлау күні өзіңіз болатын жер бойынша сайлаушылар тізіміне сізді енгізу туралы жазбаша өтінішпен жүгінуге құқылысыз.Дауыс берудің басталуына жиырма күн қалғанда, тиісті әкімдік учаскелік сайлау комиссияларына акт бойынша сайлаушылар тізімдерін ұсынады.

Дауыс беру күніне он бес күн қалғанда, сайлаушылардың тізімдері сайлау учаскелерінде танысу үшін сайлаушыларға ұсынылады.

Сіз сайлаушылар тізімдеріндегі өзіңіз туралы деректерді тексеруге және тізімге енгізілмегеніңіз, дұрыс енгізілмегеніңіз немесе тізімнен алынып тасталғаныңыз, сондай-ақ тізімдегі сіз туралы деректерде жаңсақтықтар жіберілгені үшін шағым жасауға құқылысыз.

Тізімдерге түзетулер енгізу қажеттігі туралы өтініштерді учаскелік сайлау комиссиясы өтініш келіп түскен күні қарайды.

Жалпы жұрттың танысуы үшін сайлаушылар тізімдерін ұсыну мен сайлау күні арасындағы кезеңде

Сіз өзіңіздің болу орныңызды ауыстырған кезде өзіңіздің тіркелген жеріңіз бойынша учаскелік сайлау комиссиясына жүгінесіз, ол жерде төлқұжатты немесе жеке куәлікті берген кезде учаскелік сайлау комиссиясы дауыс беру құқығын беретін есептен шығару куәлігін табыс етеді. Бұл ретте сайлаушылар тізіміне тиісті белгі қойылады.

Есептен шығару куәлігі бір елді мекеннің шегіндегі басқа сайлау округінде немесе басқа сайлау учаскесінде дауыс беруге қатысқысы келетін сайлаушыларға берілмейді.

Есептен шығару куәліктерін беру дауыс беру күні алдындағы күнгі жергілкіті уақыт бойынша 18 сағатта аяқталады.
Дауыс беретін күні дауыс беру құқығын беретін есептен шығару куәлігін көрсеткен кезде учаскелік сайлау комиссиясы сізді келген орныңыз бойынша сайлау учаскесіндегі сайлаушылар тізіміне енгізеді.