Қазақтың маңдайына біткен-Мұқағали!

Ақынның шын есімі: Мұxаммедқали Сүлейменұлы Мақатай.

Ақиық ақын Алматы облысы сол кездегі Нарынқол ауданына қарасты Қарасаз ауылында дүниеге келген. Ақынның азан шақырып қойған есімі — Мұхаммедқали. Бірақ туғандары оны Мұқағали деп еркелеткен екен. Ресми құжат бойынша Мұқағали 1931 жылдың 9 ақпанында дүниеге келген. Сондықтан оның туған күні деп осы уақыт атап өтіліп жүр.

Мұқағали — үйдің тұңғышы, әкесі қарапайым шаруа болған. 1941 жылы әкесі Калининград майданында қаза тапқан. Осылайша, 10 жастағы Мұқағали әкесіз қалып, соғыс ауыртпалығын бала кезінен сезінген.

Мұқағали болашақ жарын алғаш көргенде 17 жаста болған. Сөйтіп, ақын махаббаты Лашынмен қосылып, 1949 жылы екеуі отау құрған. Мұқағали мен Лашын өмірге алты бала әкеледі. Бірақ екі үлкен қызы ерте қайтыс болған. Кейін Жұлдыз, Алмагүл, Айбар және Шолпан есімді балалары дүниеге келеді.

Қазақтың мұзбалақ ақыны

Ақын Мұқағали Мақатаевты халық арасында «қазақтың мұзбалақ ақыны» деп те атайды. Жалпы мұзбалақ деп бес жастағы бүркітті айтады.

Жалпы қазақ құсбегілері бүркітті сынына қарай бес түрге бөлген екен. Соның бесінші сыны — бітімі зор, көзі шүңгіл, балапан кезінде жүні қара, балақ жүні шудалы, ақ білек, ақиық, жүнінің ұшында ақ бұршағы бар құсты құсбегілер Алтайдың ақиығы деп атайды. Бұл қарлы биік тауларда, әсіресе, Алтай тауында көбірек кездеседі. Мұндай құстар, көбіне қоңыр аңдарға құмар келеді. Тау ешкі, қара құйрық, елік сияқты аңдарды ұстап жейді. Бұл нағыз мұзбалақ қыран. Яғни мұзбалақ сөзі бүркіт пен қыран құсқа байланысты қолданылады.

«Мұзбалақтар әсте бір,

Өлексеге түспейді.

Олардікі басқа өмір,

Басқа тірлік істейді.

Самғап күнін өткерер,

Самғамаса, кем болар.

Қорек болса көкте егер,

Қонбас еді жерге олар», — деген Мұқағалидың Бауыржан Момышұлына арналған «Мұзбалақ» поэмасы қапыда қолға түскен еркіндік символы іспеттес қыран құсқа арналады, өзін тұтқындаушының қолынан ас ішкеннен гөрі аш өлгенді артық көрген қыран құстың басындағы жағдайды суреттейді екен. Бұл поэманы халқымыздың біртуар ұлы Момышұлына арнау арқылы ақын өз халқының басындағы жағдайды қапастағы қыран құстың бейнесімен жеткізуге тырысқан екен.

Хан Тәңірінің мұзбалағы

Шын дарын өз заманының шындығын шығарма арқауына айналдырып, халық көңіліне ұяласа, ол мәңгі өмір сүреді. Халық сеніміне ие болу, қас — қабағын бағып, көңілі қалағанын жырға түсіру, сыр ғып шерту келешектің жарқын сәулесімен нұрландыра түсуі сирек кездесетін бақыт. Оны Мұқағали ақынның поэзиясынан танып, көруге болады.

Мұқағали өлеңдері – ұлттық поэзияның жаңа бір белеске көтерілгендігін, жаппай евроцентристік ағымға ойысқан заманда қазақтың қара өлеңінің шынайы қасиеттерінің қадірі артып, бұрынғыдан да толысып, кемелдене түскендігінің куәсі. Ол қазақ өлеңінің ұлттық бояуы мен рухын ұстанды, оны түрлендіре байытты, сөйтіп қалың қазақ оқырмандарының жүрегіне жол ашты. Сонымен қатар ақын қазақ лирикасын ХХ ғасыр әдебиетінің озық үлгілерімен құнарландырды. Мұқағали сыршыл ыстық лирикасымен өз оқушыларының жүрегіне жол тапты, оларды жақсы жырдың ләззатына қандырып, өзінің менімен адамзатқа ортақ ақиқатты жырлап, қалың оқырманның жан жүрегін баурады.

Ақынның шын мәнінде шеберлігі – ол қолданған әрбір амал — адам бейнесін ашуға қызмет еткен. Ақын поэзиясында табиғат көріністерін, пейзажды әшейін бір уақыт кеңістіктің дерегі ретінде даралап қарамайды, онда адам бейнесін толықтыра түсетін тәсілдер мол. Мұқағали Мақатаев – туған жерінің суретін бейнелеуде өзіндік өрнек таныта, өзгеше поэтикалық әлем аша жырлайды. Табиғат аясында туып — өскен әрбір ақынның сол тақырыпқа қалам тартпауы мүмкін емес. Туған жерді, оның әдемі табиғатын жырлау – барлық ақынның перзенттік парызы. Қазақ даласының табиғатын Мұқағали пәк, таза күйінде көргісі келеді. Адам мен табиғатты ол тұтастықта таниды. Табиғат та адам сияқты кейде көңілді, кейде мұңды. Соған лайық ақын да оны әр күйде суреттейді. Бірде ол дала бетін жапқан жібектей жасыл шөптер мен асқар тау, балдан тәтті сулар көрсе, кейде сол даладағы бабасы өскен Кеңбұлақты ғасырлардан оралған көштерге теңейді. Кейде сарғайған сары белін сәулелі лағылға теңесе, енді бірде сол даланың соққан самалынан таңдайына қымыздың дәмі келген.

Аян ғой аймағыңның сыры маған.

Сөйлейсің, сөйлейсің сен Ұлы Далам!

Мен сенің көкке ұшырған бозторғайың,

Шырылдап жерге түспей тұрып алам.

Бұл жолдарда да ақын адаммен бірге табиғаттан да келісім мен жарасым іздеген . Оның лирикасындағы табиғат жай сурет, көрініс ғана емес, жанды, сезімтал. Сол үшін Алатауға мұң шағады, жас қайыңнан өзіне сырлас табады, жапырақты жүрекке теңейді, мергеннің оғына іліккен аққу мен киікке жаны ашиды.

Мұқағали Мақатаев атты дарын, алып ақындық талантымен қаншама жылдар өтсе де, өлмес өлеңдерімен өрлей бермек. Оның өшпес өрнекті ұзақ өмір сүріп, жастардың жүрегіне жарқырап жетіп, жалын құйып, өзінің жылуы мен жарығын дарытуда. Әрбір оқыған, іздеген сайын ақынның жаңа сырлары аңғарылып, тың толқындары тулап, сырлы саздарын төгуде.

Тарихтағы ұлт ұлы ақыны ғана шығатын шұғылалы биікке көтерілген әрбір ірі ақындар сияқты Мұқағали да қазақ поэзиясын жаңа кеңістікке көтеріп қондырды да, өзі соның мәңгілік тұрғыны болып қалды. Ол әрбір мезгілмен бір көктеп көгеріп, әр ұрпақпен бірге жасайтын ақындардың таңдаулы тобына жатса керек. Ол кісінің өлеңдерін ұмыту мүмкін емес. Әрбір өлең сүйер қауымның жүрегінен ерекше орын алған туындылар мәңгі есте қалмақ!

«Мұқағали Мақатаев – адамдар арасындағы, өмірдегі, табиғаттағы жарастық пен келісімнің жаршысы. Оның өлеңдері шын тебіреністен, шын шабыттан, шын қуаныштан туған».

Әбіш  Кекілбаев

«Қазақ әдебиетінің алтын ғасыры» атанған жиырмасыншы жүз жылдықтағы ұлттық поэзиямыздың ірі тұлғаларының бірі, әр жүрекке жол тапқан әсерлі өлеңдері оқырман сүйіспеншілігіне бөленген ақын – Мұқағали Мақатаев.

Мұқағали Мақатаев өз сөзінде: «Менің қымбатты достарым! Егер сендер шынымен менің өмірбаянымды, шығармаларымды зерттемек болсаңдар, онда мен не жазсам, соның бәрін түгел оқып шығуды ұмытпағайсыздар. Мені өз өлеңдерімнен  бөліп қарамауларыңызды өтінемін. Естеріңде болсын, менің жеке өлеңім өзінше ештеңе құрамайды. Ол поэма іспетті біртұтас». Ағынан жарылған шынайы ақынның «Бүкіл менің жазғаным бір ғана поэма» деуі – шын мәніндегі парасат иесі, өмірге ойлы көзбен қарайтын жанның жан тебіренісі, әлеуметтік ортаға айтар көзқарасы бар ақынның ширыққан үні.

Аспан тіреген Ақбас шыңдар, айналасын қарағайлы таулар, аршалы белдер қоршалай көмкерген Шалкөденің жазығы, жалбызды жағасына күміс шашқан тұма суының сыңғыры, мөлдіреп аққан қасиетті Қарасаздың сылдыры бала Мұқағалидың ойын әлдилеп, қиялына қанат бітірген алтын бесігі еді. Мұқағали Мақатаев – Қазақ поэзиясының көгінде кешегі майдангер, ғажайып дарын иесі Қ.Аманжоловтан кейін жарық жұлдыздай жарқ етіп, оқырманды өзіндік сыр-сипаты қайталанбас дарынмен баурап алған ерекше тұлға. Мұқағали Қасымды қай жағынан болсын пір тұтып мақтан еткен.

Дейсіңдер-ау, Қасымның несі басым?!

Қасым солай болмаса, несі Қасым.

Ақынмын деп қопаңдап жүргендердің,

Әммесінен Қасымның десі басым, – деп толғайды. Қасым тағдыры өз басына келіп, дерт меңдеген шақта да, ол ажал алдына бас имей, Қасымның қайратын өнеге тұтады. М.Мақатаев асқар тау мен дархан даланың жаны-жарқын асыл адамдары мен таңғажайып табиғатының асқақ жыршысы болды. Бұл егіз тақырып ақын шығармашылығында ажырамастан біте қайнасып, кереметтей сіңісіп кеткен.

Таулар менің таусылмайтын бақытым,

Ал, ырысым – ұлан ғайыр кең далам, — деп жырлайды.

Ақын суреттеуінде дала дидары әр қырынан жақсы жадырап ашылады.

Боз далам, күрең далам, жасыл далам.

Кісі емес саған келіп бас ұрмаған.

Құныға құрышым бір қанбай қойды-ау,

Қалай ғана құшармын ғашық далам? – деп сыр төгеді. Мұқағали нені жырласа да поэзиясында өзіндік үні естіліп, өзіндік қолтаңбасы көрініп тұрады. Ақынның туған жері, ауылы, оның адамдары, өз өмірі – поэзиясы. Ол әр уақытта өз халқымен бірге қуанып, халқымен бірге күйініп отырады. Сондықтан ақын жасаған әр образ – сол бір кезең тарихының, өмірінің шынайы бейнесі.

Ақын Дала мен Тауды, Отанды, Жерді шексіз сүйеді, сол арқылы оларға жан бітіріп, көркем тіл арқылы әлем картинасының бейнесін өлеңмен өреді.  Халық даналығы келбетін сөзбен суреттеуде  Мұқағали ақындығы Тұлға ретінде биіктен биікке көтеріліп, өз үні, өз көзқарасымен де оқырманды тербетті.

«Мен таулықпын!

Таудан мен жаратылғам,

Тау деген ана туған дара тұлғам…

Тауға барып, көкке ұшып кетсем бе екен,

ұстап алып, қыранның қанатынан»— деп ақиық ақын өзін мүлде жаңа қырынан танытты.

Өзін қоярға жер таппай, өскен ортадан қиянға қалықтап кетуге ұмтылуы – оның бодандық өмірге қарсылығы. Расында бодандық ғұмыр синдромы әлі де қалған жоқ. Ол ақын ретінде одақтық ғұмыр тірлігіне жасаған қарсылығын жүзеге асыруға оңтайлы әдіс таба алмады, қиналды, тебіренді, шамырқанды, қателіктерге де ұрынды… оның жырындағы астарлау мен алмастырулар, кейіптеулер айтар ойының пәрменділігіне  едәуір септігін тигізіп отырды. «Әдебиет шындықты шындап шегелейді» деген Твардовскийдің тұжырымы Мұқағали Мақатаевқа қаратылып айтылған ба деп те ойлайсың кейде…

Шынында Мұқағали Мақатаевтың лирикалық поэзиясы – заманымыздың кешегі де, бүгінгі де талаптарымен үндесе, күбірлесе, ымдаса, жымдаса алған өршіл де дауылды жыр үлгісі. Оның сырлы да мұңлы, нұрлы, өршіл жырларынан қуат алып, сусындамаған қазақ баласы кемде-кем.

Қырық бес жыл ғана өмір сүрген ақынның тірі кезінде шығармалары өз дәрежесінде кітап болып жарық көре алмады. Шағын-шағын екі-үш кітапшасы ғана басылды. 1976 жылы қайтыс болғаннан бері ақынның мол мұрасы жеке том болып та, екі томдық, төрт томдық болып та жинағы шықты. Тірісінде өз бағасын ала алмаған, алайда шығармалары арқылы халқының ең сүйікті ақынының біріне айналған М.Мақатаевқа 2000 жылы Абай атындағы мемлекеттік сыйлық берілді. Алматыдағы бір мектеп, бір көше ақын есімімен аталады. Туған ауылы Қарасазда ақын мұражайы бар.

Мұқағалидің әкесі 1941ж Калиниград майданында қаза табады.

Менің  анкетам

-Туған  жерің?

-Ұланымын, Қарасаз  деп аталатын   ауылдың.

-Туған  жылың?

-1931. Құрдасымын Шәмілдің

-Жынысың  кім?

– Еркекпін  ғой, еркекпін!

Және дағы  тәуірмін

– Шыққан тегін?

– Шаруамын.

Бар  тірліктен  бағалы  оны  санаймын.

Қайран  жеңгем

Су  сұраса сүт  берген, айран  берген,

Қартайып қалыпсың – ау, қайран  жеңгем!

Қарғаның  валетіндей едірейіп,

Қасыңа  мына  біреу  қайдан  келген.

Апырай,  суық  еді  сұрқы  неден?!

Адамға  қарамайды  ғой сыртыменен.

Жол  көрсеткіш  сақшының  таяғындай,

Қимылынды   бағып  тұр  мұртыменен.

Жеңеше- ау, есіңде  ме  біздің  ағай?

Сыйласып отырар  ек  біз  құдадай.

Қанды  балақ  соғысты қарғыс атсын,

Қайран  жеңгем  шырқынды  бұзды  қалай?!

Әке  аманаты

Аттанарда  алыс  жолға,

Тапсырды  әкем  аманатын.

Серт  етіп   мен де  алдым  қолға

Әкемнің  берген «асыл  затын»

Сұстандырған  суық  лебі,

Соғыс  жылы, қыстың  кезі.

Әкем  сонда  аймалап  мені,

Аманат  еткен  мынау  ед сөзі

«Тыңда,  балам, тыңда,  күнім

Болуға  жара  қолқанат!

Кәрі  анаң,сәби  інің,

Барлығы  саған  аманат!

Орта   мектепті  бітірген  соң өте  сауатты, өткір болғандықтан  ауылдық кеңесте  хатшы, қызыл  отаудың меңгерушісі болып жұмыс  істейді. Комсомол  қызметінде  болды. 1962-1972  жылдар  аралығында « Социалистік  Қазақстан», « Қазақ әдебиеті» газетінде, « Мәдениет  және тұрмыс», «Жұлдыз»   журналдарын-да  бөлім  меңгерушісі,

1972-1973  жылы Қазақстан  Жазушылар  Одағында   әдеби   кеңесші болып  жұмыс  істеді.

Ауылдық кеңесте хатшы қызметінде жүргенде    орыс  тілінен мұғалім  тап-пай, орыс  тілінің  мұғалімі  болып   орналасады. Мұқағалидің  орыс  тіліне   аса  сауаттылығы   жас-тайынан орыс  тіліндегі  әдебиеттерді  көп  оқып,   өзін – өзі жетілдірудің  арқасы еді.

– Қайда  істедің ?

– Мынау  «Еңбек  кітапшамнан» танып ал.

– Оқымаған,дипломсыз  демесең,

– Бір  басымнан  бар  мамандық табылар.

ЖШ Ақпарат