Сыйластық ақшамен бағалана ма?

Бірде шәкірт ұстазынан сұрапты:

– Бақытты болудың ақшаға байланысты емес екені рас па?!

–  Иә, — депті ұстазы.

– Дәлелдеңізші?!

– Ақшаға кереует сатып аласың. Бірақ ұйқы сатып ала алмайсың.

– Ақшаға тамақ сатып аласың. Бірақ тәбет сатып ала алмайсың.

– Ақшаға дәрі сатып аласың. Бірақ денсаулық сатып ала алмайсың.

– Ақшаға қызметшілер сатып аласың. Бірақ дос сатып ала алмайсың.

– Ақшаға қалыңмалын беріп, әйел сатып аласың. Бірақ махаббат сатып ала алмайсың.

– Ақшаға үй сатып аласың. Бірақ отбасы жылуын сатып ала алмайсың.

– Ақшамен білім аласың. Бірақ ақыл сатып ала алмайсың.

– Ақшаға өмірдегі бәрін сатып алуға болады. Бірақ өмірдің өзін сатып алу мүмкін емес.

Иә, ақшаға бәрін алуға болады. Ақшаң болса қалтаң да, шарықтайсың аспанға. Шарықтап қана қоймай, күннің шуағындай, айдың анығындай тіпті Жаратушы тәңірдей құдіретті күшке енесің. Қатты айттым ба? Бұған не себеп?-деп оқырманым ойланып қалар. Ойланатындай ой салдым ба? Білмедім. Бұл ойлар өмір сүру жолымда көптеп кезігіп, санама түрткі болды. Туыс, дос, көрші, жұмыс, жалпы қоғам болып араласқан ортамнан туындады. Мысал ретінде көп нәрсені дәлелге ала-аламын. Бірақ не қажеті бар. Қажеті болмаса да, кейбір қоғамға септігім тиіп қалар. Бүгінгі таңда көп нәрсе ақшасы барлар мен астындағы тағы бар және танысы бар адамдар мен шешіліп жатқаны айдан анық. Бауыр болып араласқан туыстың өзіне қонаққа бара қалсаң қолыңа қарайды. Балама бақшада, білім алу ордасында жақсы қарасын деп қолына ақ пен көк пакетін ұстатып жіберіп жатамыз. Тіпті үйде өзіміз қонаққа барған да үйде балаларымыз тыныш отырсын деп кәмпит беріп кетеміз. Міне, сыйластықты сыбайластық пен өзіміз ұштастырамыз. Сыбайластықтың тамырын жоғалту үшін, өзімізден бастауымыз керек. Баланы бесіктен емес, ішке біткеннен бастап тәрбиелеу қажет. Бала бауыр етің. Әуелі Алладан сұрау қажет, бала берсең санасымен бер. Ал, ол саналы болу үшін ата-анасы саналығымен даралану керек. Бала тәрбиесі тікелей өскен ортасымен, араласу қоғамымен байланысты. Қоғам ол біз. «Ботам өлең айтып билей қойшы. Кәне, білетін өлеңіңді айтшы! Мен саған қалаған ойыншығыңды не болмаса кәмпит, өз қалауыңды алып беремін.»-деп жатамыз. Міне, жемқорлықтың бастауы. Бесіктегі баладан бастап, басына құямыз. Сабағыңды жақсы оқып, осы жылды 5 пен аяқтасаң телефон сатып алып береміз! Бала телефон үшін оқи ма? Әлде, өзіне білім алу қажеттілігі үшін бе? Біз түзелмей, жемқорлық бітпес. Айықпас дерт. Шешімі жоқ есеп болмақ.

Сыйластық!

Таныған жерде бай сыйлы,

Танымаған жерде тон сыйлы.

Бүгінгінің сәніне айналған сыйластықтың сыры, таныс пен тамырда болмаса сырт келбетің де! Тоның сәнді болса, қалтаң қалың деп ойлайды. Міне, сыйластықтың сыры мен қыры осын да. Қалталы азаматтың алтынмен апталғанына қарап, төр беріп жатады. Сонда қарапайымдылық қайда? Бағзы заман демей-ақ қояйын, кешегі ата-анамыз өмір сүрген уақытта мұндай болмаған, болған күннің өзінде қанағат деген ұғым болған. Бүгінде қанағаттылықтың туы көкте емес, төменде. Алып, жеген сайын көздің тойымдылығы ұмытылуда. Жесем, алсам, ала берсем деген сасық ойлар сананы улап, жайлап алған. Ұлы Абай данамыздың өзі осы жағдайды білгендей қара сөзіне де кіргізіп кеткен. Сол қара сөздің беті ашылмадау кейінгі буынға. Оқыса да, түйгені мен тоқығандары шамалы.

Шындық жеңер өтірікті ғаламда,

Жоламағын өтірік айтар жаманға.

Ойнап, күліп өмір сүрген тірлікте,

Ащы болса да, шындық қымбат адамға – шындық қымбат түсінген адамға. Шынайылық пен тиянақтылықты пір тұтқан әрбірімізге абырой. Беделімізге дақ түспес үшін адалдықтың қазыналы байлық екенін түсінуіміз керек. Таңдаған жолмен, бастаған жұмысыңның берекесі мен зейнетін көру үшін, жұмысты әр адамның өзінен бастаған жөн. Бұлай дегенім жалпылама түсінікті. Қайда отырсың, не істеп жүрсің, қандай салаға келдің, сол ортада сен кімсің? Қоғамға не бересің? Сен кімге бастықсың? Басшы ретінде өзіңді көре аласың ба? Басшылық қағидаңды асыра пайдаланып жатқан жоқсың ба? Күнделікті өз-өзіңе есеп бересің бе? Міне, сан алуан сұрақ. Әрбір басшы немесе қызметкер жұмыс атқармайтын тыныс – тіршілік иелері өзін тексеру қажет. Өз-өзіне күнделікті есеп беруге міндетті. Осы жерде әйгілі балалар әдебиетінің бәйтерегі Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым -Қожа» туындысы есіңе түседі. Өтірік пен алдау, алаяқтық пен өмір сүру абырой болмас. Сыйластық мәңгілік мұра. Қолдағы байлық, бастағы тәж тұрақсыз. Сыйласымдылық ты билікке, немесе сыйлыққа ұштастырмау, ұшын тіпті жалғастырмау – адам баласының қолында. Әр тіршілік иесі шыншыл, адал болса сонда ғана жаңа Қазақстан болады. Жаңа Қазақстан дейміз бе? Оған жету үшін көп еңбек ету керек… осы орайда бір әңгіме айтып берейін. Бірде қонақта отырсам, екі кісі шүйіркілесіп отыр екен. Құрбылар екен десем, абысындар екен. Абысын болған жақсы-ау. Ішіңдегіні тарқатып, жеңілдеп қаласың. Кісілер жиналғанша біраз отырып қалдық. Қазақпыз ғой, кешігіп бару маңдайға біткен тұрақтылық. Сөйтіп, әңгіме тыңдап отырдым. Әңгіме барысы Айдананың жұмысынан шаршауы. Себеп, мың түрлі құбылыс, тоқсан бастық. Өз жұмысындағы бастықтар бұлай тұрсын, сырттағы бастықтар ше? –деп ызаға булыға түсті. Шамасы абысыны екеуі, абысын ғана емес жақын құрбы немесе апалы-сіңілідей араласады екен. Жаңағы абысынның біреуі мен секілді тілші екен. Құлағым мен зейінімді бұрып тыңдадым. Ашуына тиген кім деп таңырқадым. Жалпы тілші қауымын ашуландыру, я болмаса көңілін құлазыту оңайлыққа соқпайды. Себебі тілші түрлі сан-соқпаққа төтеп бере алатын, ұрыс-керістің өршуіне жол бермейтін, шексіз сабырлыққа ие адамдар. Тілші де бастық жоқ, тәуелсіз. Тілшінің бастығы жұмысын ұйымдастырып, бағыт-бағдарын айқындап, жол көрсетуші, оңы мен солын түсінетін маман.

Әңгімеге тоқталайын, Айдана өзі жұмыс атқаратын ауылда жиынға барады. Жиын жақсы өтіп, қанағаттанады. Қызу талқыға түскен келелі мәселелер өз шешімін табады. Отырысқа жиналған қауым жан-жақты қатысып, өз ойларын ортаға салады. Соңына қарай өзі де қосар ұсынысы мен ойын жеткізеді. Ұсынысына мәнді жауабын алған Айдана, қуаныш пен жұмысына қайтады. Түскі үзіліске шығады. Сол үзілістен кері қайтады. Міне, қызық. Ой да дым жоқ. Шақыртқан кісіге қарай оттай лаулайды. Лапылдаған алауы келген кезінен-ақ сөніп қалады. Келгеніне өкінішпен еске алады. Қайдан ғана артқа қайттым. Әттең….сенген қойым сен болсаң күйсегеніңді ұрайын. Сенді, үміт артты. Не болды. Үміттенген үміті, үмітін үзді. Қояр басы, ұшар құзы қалмады. Оңға тартса арбасы, солға тартса өгізі өледі. Білікті маман деп сенген сенімі өлді. Көкірегінде сан-алуан сұрақтар туындады. Шешімін таппай қиналады. Сынған айна қайта қалпына келмейді.   Біреуден көңілің қалса жаман екен. Қанша жерден бұрынғыдай жақын тартқың келсе де, арада бір қамал тұрғандай қамығасың… Сондай сенімді ақтамаған қандай адам. Сірә, жансыз-ау. Қызық, қызық па? Міне, қызық. Көңілін қалдырған сөз дұрыс түсінбеушілік. Сөз сүйектен өтеді. Кім түсінбеді. Нені? Сұрақ пен ұсынысты түсінбеді. Кім түсінбеді. Жаңағы көңілін қалдырған бастықсымақтың қызметкері. Егер сауатты, білімді, халық сенетін қызметкер сұрақ пен ұсыныстың төркінін түсінбесе бұл қалай? Бесіктегі бала түсінген ұғымды, бұл қызметкер жөн сұрап алдына келгенге не береді? Сөздің төркінін білмей басқаға қалай жол тастайды? Қызықтың көкесі осында. Мемлекеттің адамы болу үшін тест тапсырады, сынаудан өтеді. Бұл кісіні кім қабылдаған сонда? Сөздің мәйегін түсінбей, оны бұрмалап бастығына жеткізіп, тілшіге қояр сұрағыңды бастық пен ақылдасып алмайсың ба? – деп жөн сілтер кім??? Бастық жаңағы қызметкердікі. Тілшінікі емес.  Сол бұрмалаған сөзінен сенген адамы  Айданаға айғайлауға қандай құқығы бар? Сұрақ пен ұсыныстың  айырмашылығы жер мен көк. Сұрақ дегеніміз-бір затты сұрау, білмегеніңді сұрау, білгің келген затты сұрау. Ал, ұсыныс-ұсыныс пен пікір қалдыру. Екеуі екі бөлек ой. Мен түсінбедім, дөп басып, мағыналы қойған сұрақ болса оның несі айып? Әлде, келер тексерістен қорқа ма? Басқарып отырған жұмысына сенімсіздік пе? Бұл қалай. Әлде бір шикілік бар ма? Жоқ Мемлекеттің ақшасын пайдаланып, жұмысын көзбояушылық пен атқару да ма?  Тілші емес пе? Орны мен жөнін білген…  Айдана секілді дәл осындай жағдайға түскен, қаншама тілші қауымы бар екен? Әрбір орталықтың я болмаса Мемлекет қызметкерлерінің басшыларынан қояр сұрақтарына рұқсат алып, немесе ақылдасып алған сұрақта не мән бар? Тілші, тілші емес онда. Жай ғана кім-көрінгеннің көленкесінде жүрген шылбырын. Тәуелсіз елде, тәуелсіз қызмет атқара алмаса, қадірсіз мамандықтың бірі болған ба? Мың түрлі сұрақ, сан түрлі ой. Кімдер жауапты, кімдер жауапсыз…

Мақаламның басынан бастап, жемқорлық, көзқарастың ақшамен ғана шектелетін жайлы бірнеше мысалдар келтіріп кеттім.  Тағы бір мысал, сыйластық бір дөкейдің айтуы бойынша ақшаға байланысады екен. Бұл қалай? Сонда ақшамен келісіп, саудаласқан жағдай да ғана сыйластық бола ма? Бұл тағы қандай сыйластық? Кім біледі? Өз беделі мен астындағы тағын ақшаға саудалаған қандай адам? Сыйластықтың, арақатынастың бұзылуына ақша ғана себеп болса, онда бұл жемқор адам емес па? Сіз не дейсіз?

Қай жерде жүрсек те бәріміз де сыйлы болғымыз келеді. Әр адамның құндылығы әртүрлі. Біреудің сыйлауына сенің материалды табыстарың негіз болса, біреуге сенің кішіпейілдігің, ал біреуге талантың ғана маңызды. Әр адамның құндылығына икемделіп, көзқарасын қабылдаудың қажеті жоқ, алайда басқалармен тіл табысуда, оның неліктен басқаша пікірде екенін түсіне білу, өзіңді орнына қоя білу өте маңызды. Төмендегі қағидалар саған өзіңе лайық бедел-абыройға ие болуда көмегін тигізер еді. Алдын ала:

Өзіңді мықтап танып ал. Яғни, өзіңнің мықты тұстарыңды, тап саған жарасып тұрған қылықтарды және өзіңе шаттық сыйлайтын, бойың мен ойыңа тыныштық ұялататын әрекеттерді анықтап ал.

Сыйласаң ғана сыйлы боласың.

Алдымен, өзің басқаларды шын жүрегіңмен сыйлауың керек. Сыйластық деген біреуден аман-саулық сұрап, өз өмір салтыңды басқаларға бағынышты қылу емес. Сыйластық ең алдымен басқаларды түсіне білуден басталады. Бұл әр адамға бірдей мөлшерде назар аударып, қолдау көрсете білуді білдіреді. Ал өзгені сыйлау, өзіңді шынайы сыйлаудан басталады. Егер біреу көрсеткен құрметіңді әлсіздік деп қабылдап, абыройыңды түсіргісі келсе, сен де сол деңгейде жауап бере аласың, бірақ бұдан көрі сыпайы түрде өзіңнің ойыңды мықтап білдіргенің жақсы. Және бұдан былай өзіңді сол адамнан белгілі бір ара қашықтықта ұстағаның жөн.

Өзіңнің көңіл күйіңді бір қалыпты көтеріңкі деңгейде ұстауға тырыс.

Тіпті басқалардың ашуын келтіріп, өмірден түңілдіретін жағдайларда да. Басыңа түскен жағдайдан жақсысын көруге үйреніп, соған сүйенуге тырыс. Сонда жаныңдағылар саған тамсанып, сенің жеке тұлғаңды сыйлай түседі. Егер әлдебір іске көшбасшы болу бұйырса, ол істі қоқиып, масаттанбай, барынша кішірейіп жүзеге асыр.

Достарыңа, отбасыңа және басқа жақындарыңа адал болуды үйрен.

Тек өзің қалаған адамдарға ғана емес, барлығына бір шындықты айтатын турашыл мінез қалыптастыруға тырыс. Адал адам — сенімді адам, және ол қасиетің аян болса, тіпті шала таныс адамдар да сізді жауапты, шынайы деп суреттейтін болады. Сыртыңыздан айтылған жақсы сөз сіздің беделіңізді одан әрі өсірмесе, ешуақытта түсірмейді.

Басқалардың сыртынан ғайбат сөз айтпа.

Жақындарыңа немесе кімге болса да қатысты айтар сын-пікірлерің болса, мүмкіндігінше ең алдымен өзіне жеке айт. Ол адам өз қателіктерін байқамай қалған, немесе өзінің кемшін тұсын білмеуі мүмкін. Бірақ сын айтпас бұрын, жақсы тұстарына да көңіл бөліп, оларды да барынша шынайы, зілді әзілсіз атап өтуге тырыс. Тек сынға дөрекі жауап алғанда, немесе мүлде құлақ аспаған жағдайда жеке сөйлескеннен нәтиже шықпағанда ғана оған деген наразылығыңды, келіспейтін жерлеріңді басқаларға жария қылуыңа болады.

Бірақ соның өзінде сыни пікірлер адамды сыртынан балағаттауға, немесе өсек аяң таратуға ұласпауы керек. Сонымен қатар біреу саған өзің нашар танитын адамды өсектеп, жамандап, не нашар пікір айтып жатса, оған қосыла жамандама, тіпті талқыға түсіп жатқан адам туралы теріс ой қалыптастыруға да асықпа. Біреудің жеке көзқарасына қарап, басқаға деген қарым-қатынасыңды өзгертпе. Біз бәріміз де ерекше жандармыз, әр түрлі дарын мен түрлі қасиеттерге иеміз. Адамның жеке басын емес, мәселені талқылауға бағыттайтын атмосфера қалыптастыруға талпын.

Сөзің де, өзің де сыпайы болуға тырыс.

Біреуді кемсітуден және балағатшылдықтан өзіңді қашық ұстауға тырыс. Сонымен қатар, киімге жақсы талғам қалыптастыр. Таза, әдепті, және жарасымды киін. Бұндай сырт келбет пен әдептіліктің үйлесімі саған лайық дүниелерді тартады. Мәселеге жан жақты қарай алатын кең көзқарас қалыптастыр, сыңаржақ пікірлерден сақтан, жалған әсерге берілмей, обьективті шешім қабылдауға тырыс.

Кең пейіл бол, жасандылықтан қаш.

Сөз жүзінде бір өмір, іс жүзінде басқа өмір сүріп өзіңді де, өзгені де алдама. Басқалар еліктеуге тырысатын жақсы үлгі бол. Кейде қара басыңның қаржылық қамы үшін ғана емес, жай көңіл күй көтеру үшін де кісілер арасындағы дәнекер болуға тырыс. Әр ісіңді ойланып, әрбір мәселені бейбіт түрде, қақтығыссыз шешуге тырысып, өзіңнің жақсы қасиеттеріңді жан-жақты дамыту мен өзіңнің кемшіліктеріңмен күресу арқылы ішкі рухың мен санаңды шынықтыр.

Қай кезде сөйлеу орынды екенін біл.

Басқаларды мұқият тыңдауға тырысып, олардан (не екенін анықтап айтпасаң да) әлдене үйренгеніңді білдір. Бәріне мүмкіндігінше қайырымды ықылас білдір. Өзіңе сенімді болып, қажет кезде кербездік те таныта біл.

Аса маңыздысы:

Уәдеңде тұра алмайтыныңды білсең, уәделеспе. Сөзіңе сәйкес әрекет жаса. Егер біреу қателігіңді бетіңе басса, сылтауратпай, толық жауапкершілігіңді мойындай біл, сөйте тұра өзіңді бейшара санап, түңіліп кетпей, кішіпейілдікпен алға қарай баса бер.

Арай Әділ

Жалғасы бар