
Сайлаушыларды тіркеу
Азаматты сайлаушылар тізіміне енгізу үшін сайлаушының сайлау учаскесі аумағында тұрғылықты жері бойынша тіркелуі негіз болып табылады.
Қазақстан Республикасы азаматтарын тұрғылықты жері бойынша тіркеуді жүзеге асыруға уәкілетті органдар әділет органдары болып табылады.
Жеке тұлғалардың тұрғылықты жерін тіркеу:
- олардың белгіленген тәртіппен тұрғын үйді меншігіне сатып алғанын растайтын не оны пайдалануға, оның ішінде жалға алу (жалдау), ішінара жалға алу шарты бойынша алғаны туралы куәландыратын;
- оларға Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге негіздерде, сондай-ақ тұрғын үй меншік иесінің (жалға алушының) жазбаша келісімі бойынша тұрғын үйде тұру құқығын беретін құжаттардың негізінде жүзеге асырылады.
Азаматтарды тіркеу:
- тұрғын үйлерде, пәтерлерде, жатақханаларда, қонақүйлерде;
- демалыс үйлерінде, шипажайларда, профилакторийлерде, емдеу мекемелерінде;
- саяжай бау-бақша серіктестіктері мен кооперативтерінің тұрғын үй-жайларында;
- интернат-үйлерінде, тұрғын үйге ыңғайланған қызметтік ғимараттарда тұрақты тұратын жері бойынша жүзеге асырылады.
Азаматтардың жауапкершілігі
Азаматтардың жеке куәліксіз немесе жарамсыз жеке куәлік бойынша, сондай-ақ тұрғылықты жері немесе уақытша келген жері бойынша үш айдан астам мерзім бойы тіркелмей тұруы ескертуге немесе бір айлық есептік көрсеткіштің мөлшерінде айыппұлға әкеліп соғады.
Сайлаушылардың тізімдері
Сайлауға қатысу үшін қажетті шарт сайлаушылар тізіміне сайлаушылардың енгізілуі болып табылады.
Сайлаушылардың тізімдерін тұрғылықты жері бойынша тиісті әкімдік жасайды.
Сайлау тағайындалған сәттен бастап әрбір сайлаушы тиісті әкімдікте сайлаушы ретінде тіркелуге құқылы.