Баға қайда барасың?
Айға самғап ұшасың!
Ұшар көлігің Зымыран,
Жеткізбей зулап барасың!!!
Зымыран мен зулаған баға, шарықтап барады. Қонар ұясы мен тоқтар аялдамасы жоқ баға қайда асығады. Қарапайым халық шаңына да ілеспей келеміз. Бұл қалай? Айлық тан айлыққа, шайлықтан шайлыққа жеткізе алмай жүрген халық тіршілігі қалай? Күн көріс, аяқ алысқа қалай түрткі? Бағаның тұрақтанбауына не себеп? Өзімізден өндірілген азық неге қымбат? Өмір сүру үшін қанша айлық қажет? Шамалап айлық өссе, тағам бағасы он есе өседі. Бұл қалай? Айлық өсіргеннен пайда бар ма? Екеуі тепе -тең деп айтсақ, қателесеміз? Себебі, азын–аулақ, тиын – тебен тауып, күнін көріп жүрген қарапайым халық жағдайы теңесе алмас. Міне, баға өсіп, тағам құны мың еселенеді. Бұндай жағдаймен күн көруіміз жақсара алмас. Кешегі жеген дәрумендер, ұйқыда көрер түске айналды. Түс демекші,түсімізде көрсек қуанар едік. Бірақ, қазіргі таңда миың тынығып, түс көріп ұйықтайтындардың да саны санаулы. Бір адам, отбасын немесе өзін асырау үшін бір ғана емес, бірнеше жұмыс жасайды. Сон да бұл қай ғасыр? Артық айтсақ, арттан ерер ереуіл көп…
«Үркер үйден көрінсе, үш ай тоқсан қысың бар» демекші, бала күнімізде әр отбасы азық-түлікті қапшықтап сатып алатын да, көңілі жайланып жүретін. Қазір ондай көптеп-көлемдеуші тұтынушылар қатары мүлдем сиреп кеткенге ұқсайды. Өйткені екінің бірінің әлеуметтік, қаржылық жағдайы көтере бермейді. Содан барып азық-түлікті там-тұмдап алуға тура келеді. Әрине, қағанағы қарқ, сағанағы сарқ тұрмыс кешсе өйтпес еді ғой. Оның бір себебі – жұмыссыздық, табыс көлемінің аздығы. Екінші қыры – қымбатшылық. Расында, қазіргі қоғамдағы қайыршылық, жұмыссыздық, кедейлік, қаржылық дағдарыстан туындайтын әлеуметтік құбылысқа бағаның қымбаттауы да қосылып, онсыз да әбден титықтаған халық запы болып, запыран құсумен келеді. Сауда орындарына бара қалсаң баға деген қол қариды, қалтаны қағады. Шынтуайтына келгенде, май жағып қойғандай сусып кете беретін баға мәселесін айта-айта ауыз талатындай күйге жеттік. Бағаның ырық бермей келе жатқанына да сан мәрте шүйліксек те, нәтиже шығар емес. Бұл нарық заңы ма? Әлде қолдан жасалып отырған берекесіздік пе? Ол жағын тап басып айту қиын. Бір сөзбен айтқанда, қолының майын мәсісіне сүртіп отырған ешкім жоқ.
Баға жайы тіпті үлкен мінберден де оқтын-оқтын емес, күн сайын айтылса да еш нәтиже шығар емес. Баға нарқын ауыздықтауға Үкіметтің өзі де шарасыз ба деп қаласың. Бұл мәселе жазылмас дертке айналған ба? Әл де халықтың жуастығы ма? Жооо –жоқ, халық жуас емес. Халық жасарын жасады, асарын асады. Нәтижесі-айналып өзіне тиді. Енді нестейміз? Әрбір істің кірер есігі болса, шығатын да есігі болады. Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығару керек. Сонда бірлік те, тірлікте болады. Бұлай дейтінім, біз өз-өзімізді ойламасақ, бізді ойлар өкімет жоқ. Бәріміз батқан қарыз бен несие. Тапқанымыз тамақ пен несиеден арылмайтын тағдырымыз егіз. Сол егіз тағдырымыздан біреуі өсіп, кәсібін бастаса, басуға асықпыз. Неге, бұл да көкейкесті сұрақ? Өсіп-өнейін, күнімді көрейін дейтін буынға аяқ шалу да бар. Жаңағы айтқан бірлігіме халық болып, қол созу қажет. Біріміздің қалтамызға қол сұқпай, бір-бірімізге демеу болсақ, баға қайда кетеді. Шарықтаған асппаннан да жерге түсер. Бұлай дегенім, баға өсті деп, жол ақысын да көтеріп алар таксилер де аздық емес. Қайтсын, балама тамақ, үстіне кебін болсын дейді оларда. Қолдан жасалған берекесіздіктің алдын алып, тоқтатар да өзіміз. Тамақ дедік, киім демедік. Жаңадан киім алуды да ұмыттық. Жыртылып жатса жамап, ескіріп жатса етегін кесіп, белдемше ге немесе күртеге айналдырып, тіпті болмаса, балаға бір кебінғып қолдан тігіп киюдеміз. Түтігі шыққан киімді тастаудан қорқатын заман болдық. Тастайын десеңде тастауға қимай, азығыңды ойлайсын. Міне, дамыған заман! Заман өзгерді дейміз, жоқ заман емес адамдар өзгерді. Кішкене қалтаға біткен алтын мен басқа түскен билік өзгертті. Өзгерсін, бірақ күн көруге тиіспесін. Артық айтып қоймадым ба? Әлде тұспалдайын ба? Кешегі бабаларым өмір сүрген уақыт қайда? Еті мен наны өзін де, көлігі есік алдын да. Мал –жайын бағып, егінін егіп, бала оқытып аш қалған жоқ. Бүгініміз ше? Жастар –жастар дейміз. Жастарды жалқау деп бағаламаймыз. Еңбек етем деген жастар көп қой. Оқуын бітірген қаншама буын жұмыссыз. Қолдаймыз, қолдаулар көп биліктен. Бірақ, сұрауы көп. Кімнен не сұрап, не көреріңді білмейсің? Сіз не дейсіз бұған? Көпке топырақ шашпау керек. Көрген жақсылықтарымыз да аз емес. Көрдік, жоққа шығармау керек. Жасап жатыр біз үшін. Оңайлық пен жетпейміз. Маңдай тер, табан алды тозып, әркімнің есігін бір қағып, жалынып жүріп жетеміз… бізде ғана осылай ма?
Арай ӘДІЛ.