Домбыра — қазақтың асыл қазынасы

Домбыра — қазақ халқының ең кең тараған екі ішекті, көп пернелі музыкалық аспабы. Ол — қазақтар өмірінде маңызды орын алатын -өзіндік музыкалық сипаты бар аспап. Алғаш эпикалық дәстүр шеңберінде жыр, толғау, термелерді сүйемелдеуге қолданылған домбыра кейін аспаптық шығарма — күй жанрының қалыптасуына ықпал еткен. Қазіргі кезде домбыра жеке әнді сүйемелдеуге, күй тартуға, халықтық-фольклорлық музыкада, классикалық шығармаларды орындауға қолданылатын, мүмкіндігі кең музыкалық аспап болып табылады. Домбыра — қазақтың халық аспабы.

Қазақ халқы домбыраны көне заманнан бері қуанышта да, қайғыда да бірдей қолданып келеді. Олар домбыраның сыңғырлаған үнімен халқымыздың тарихын, салт-дәстүрін, мызғымас құндылықтарын жеткізген. Ал домбырада ойнау өнері мен күйлер ұрпақтан-ұрпаққа аманат болып жалғасып отырған.

Әрбір шаңырақтың төрінде ілулі тұратын домбыра ұлттық өнерді ұлықтайды. Оны ұлтымыздың жаны дерсің. Халқымыз бабаның көзіндей, қазақтың өзіндей болған қастерлі дүниенің қадір-қасиетін құрметтей біледі. Әдетте домбырасы жоқ шаңырақты мұрасы жоқ үй ретінде бағаланады. Ғасырлар бойы сақталған даланың рухы мен бабаның ғұрпын бүгінге жеткізген ұлттық құндылықтың тамыры тым тереңде жатыр. Домбыраның өзіне тән үні бар, сол қоңыр үнді нағыз шебер ғана өз нақышына келтіріп орындай алады.

Қашанда қазақ пен домбыра егіз екенін айтады. Екеуінің біртұтас ұғымға айналып кеткеніне тарих куә. Сол қасиетті қара домбыраның күмбірлеген үні талай қазаққа рух береді. Оның шанағынан төгілген әсем әуен мен тәтті күйге тәнті болып, құлақ құрышын қандырамыз.

Домбыраға деген қызығушылық әрі музыкалық аспаптың танымалдылығы ешқашан да тоқтаған емес. Бүгінде домбыраның құлағында ойнайтын жастар көп. Бұл қуантарлық жайт. Бұл дәстүрді сақтап, оны келесі ұрпаққа аманат етіп тапсыру біздің қолымыздан келеді

Ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда, ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс.

Қ.М.Муксатова,

домбыра сыныбының оқытушысы,

Н.Тілендиев атындағы
балалар музыка мектебі,
Талдықорған қаласы, Жетісу облысы