Музыкалық білім — тәрбие көзі

Халық өнерді әрқашан даналық пен ақыл-парасатты оятар тәңірдің ерекше сыйы деп білді. Өнерге тояттаған әр тіршілік иесінің бойынан азаматтық пен адамгершілік қасиеттері әркез табылды. Әр өлең мен ән-күй жолдарында адамзат тарихының ең таза үлгілері түзіліп, жинақталды. 1997 жылдан бастау алған төл оқулықтар ұлт болашағына апарар жаңа үрдісті, ұлттық нақышты бойына жия отырып, бала тәрбиесінің негізгі көзіне айналды. «Музыка» пәнінің жаңа оқулықтары қазақ жерінің өнерін тірілтті. Қазақтың бесік жырларынан бастап күмбірлеген халық күйлері, толғау мен термелер, айтыс пен күйтартыс тарау-тарауға еніп, өз орнын тапты.

Қазіргі мектепте музыка пәні мұғалімінің қызметі екі үлкен саланы қамтиды:

1. ҚР Білім стандартының тұжырымдамасы негізінде құрастырылған жаңа буын оқулықтарын қолдана отырып сабақ жүргізу.

2. Мектепішілік іс-шаралар мен түрлі музыкалық өнерге баулитын үйірмелер.

Жастардың жан-жақты терең білімді, саяси-экономикалық сауатты, яғни интеллектуалды деңгейі жоғары болуын жаңа заман талап етеді.

Бүгінгі қоғам талабына сай мектептегі мұғалім ой-өрісі жаңашыл, шығармашылық деңгейде қызмет атқара алатын, дүниетану мәдениеті жоғары ізденімпаз ғалым, нәзік психолог, тынымсыз еңбекқор, терең қазыналы білімпаз, кез-келген ортаның ұйытқысы болатын өнерлі, рухани бай, шеберліктің шыңына шыққан ұстаз болуы керек. Сондықтан бүгінгі таңда әрбір оқушыны жеке тұлға ретінде жан-жақты дамыған білімді азамат етіп тәрбиелеу- біздің парызымыз.

Бұл процесті игеру үшін мұғалімнің жан-жақты білімі мен дүниетанымы қажет. Мұғалім керекті материалдарды пайдаланса ғана баланың кітапқа құмарлығы, өз бетінше іздену дағдысы дамиды, музыкалық танымы кеңейеді.

Мұғалімнің зерттеу жұмысын жүргізе білуі — баланың дамуына сай музыкалық білім мен тәрбиені берудегі шешуші фактор. Қоршаған ортадағы, қоғамдық өмірдегі өзгерістерге байланысты қойылып отыратын жаңа талаптардың күнбе-күн өсуі мұғалімнің өмірден кенже қалмай, білімін үнемі жетілдіруді қажет етеді. Жалпы музыка сабағында дәстүрлі емес, сайыс, ойын, кіріктірілген сабақ, саяхат, аралас сабақ түрлері өткізіледі. Заман талабына сай оқытудың жаңа технологиясын игере отырып, пәнаралық байланысқа үнемі көңіл бөлінеді.

Ойын әдісі арқылы дидактикалық ойындарға баланың танымдық ынта- ықыласын күшейтіп, оқудың қиын процесін жеңілдету көзделеді. Мысалы өз сабақтарымда пайдаланатын «Орамал тастамақ» ойынын үй тапсырмасын тексеру кезінде, «Даусынан таны» ойынын жаңа сабақты қорытындылау кезеңінде, «Әуендік үзіліс» -қайталау , «Ойлан тап» ойындарын сабақты бекіту кезеңдерінде қолданамын. Бұл ойындарға бастауыш сынып оқушылары қызығушылықпен қатысады. Ойын деген аты ғана, ал шынында ол сабақтың, еңбектің жиынтығы.

«Балалығын тыйған, оның есейгендегі даналығын тыйғанмен бірдей» деп Ж.Баласағұн айтпақшы, музыка сабағында жаңа технологияларды пайдалану, оқушыларды аялап, эстетикалық, рухани байлығын кеңейтіп, қанаттандыру керек екендігін дәлелдеп отыр. Қазіргі жедел, күрт даму (акселерация) кезеңінде оқушылардың музыкалық талғамы мен ой-өрісі әлдеқайда жоғары. Олардың музыкалық тәрбиесіне тек қана мектеп емес, қоршаған орта (театр, радио, теледидар, компьютер, тіпті ұялы телефондар) айрықша ықпал етуде.

Сабақта қолданылатын музыкалық материалды таңдай білудің маңызы зор. Өйткені сол шығармалар арқылы балалар өмірдің сан қилы оқиғаларынан мағлұмат алып, музыкалық материалдар уақыт өткен сайын өзгеріп, толықтырылып отырады.

К.Р. Каирбекова,

Жетісу облысы,

Талдықорған қаласы

Н.Тілендиев атындағы

балалар музыка мектебі