«Ауыл – Ел бесігі»: Қазақстанда 3,5 мың ауыл толығымен жаңғыртылуда

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту арқасында ауылдағы өмір сүру сапасын жақсарту бойынша «Ауыл – Ел бесігі» жобасын іске асыру барысы қаралды. 

Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров республикада 6 293 ауылдық елді мекен бар екенін, онда 7,8 млн адам тұратынын баяндады. Олардың қатарынан даму әлеуеті жоғары 3,5 мың ауыл іріктелді (барлық ауыл тұрғындарының 90%-ы). Оларды жаңғырту «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында басым тәртіппен жүзеге асырылады.

Мәселен, 2019-2022 жылдары 326 млрд теңгеге 3,7 мың жоба іске асырылды. Бұл тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы 334 объектіні, 1,2 мың әлеуметтік инфрақұрылым объектісін (білім беру, денсаулық сақтау, спорт) және 2 мыңнан астам көлік инфрақұрылымы объектісін (ауыл ішіндегі жолдар) салуға және жөндеуге мүмкіндік берді.

Биыл 736 ауылда 143 млрд теңгеге тағы 1,5 мың жобаны іске асыру жоспарланған: 119 жоба ТКШ саласында, 275 жоба әлеуметтік инфрақұрылым бөлігінде, сондай-ақ 1,1 мың жоба ауыл ішіндегі жолдардың жағдайын жақсарту бойынша іске асырылмақ.

Өңірлерде «Ауыл – Ел бесігі» жобасын іске асыру туралы Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды, Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы және Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев баяндады.

Премьер-Министр 2027 жылға қарай әлеуеті жоғары 3,5 мың ауылдың бәрін Өңірлік стандарттар жүйесіне сай дамыту жоспарланып отырғанын атап өтті.

«Оған сәйкес ауылдарда сапалы жолдар мен мәдениет, спорт және денсаулық сақтау объектілері, мектептер міндетті түрде болуы тиіс, сондай-ақ ауыл инфрақұрылымын дамытуға баса мән беріледі. Біздің басты мақсатымыз – ауылдағы өмір сапасын жақсарту. Қазірдің өзінде нақты нәтижелер бар», деді Әлихан Смайылов.

Үкімет басшысы Атырау, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Түркістан облыстарында жобаларды пайдалануға беру қарқыны жақсы екенін атап өтті. Бұл орайда Ұлытау және Батыс Қазақстан облыстары осы көрсеткіш бойынша артта қалып отыр.

«Аталған өңірлердің әкімдері бұған ерекше назар аударуы қажет. Сонымен қатар іске асыру мерзімдері бойынша артта қалуға жол бермеу керек», деді Әлихан Смайылов. 

Премьер-Министр барлық жоспарларды жүзеге асыру 40 мыңға жуық жұмыс орнын құруға мүмкіндік беріп, ауылдық аумақтарды дамытуға жаңа серпін беретінін айтты.

«2027 жылға қарай ауылдық елді мекендерде судың сапасы мен жолдардың жағдайы жақсарады, инженерлік желілер жөнделіп, әлеуметтік, мәдениет және спорт объектілері салынады»,  деді Әлихан Смайылов. 

Сөз соңында Үкімет басышысы Ұлттық экономика министрлігі Ауылдық аумақтарды дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасын әзірлеу барысында болашағы бар ауылдарды айқындау әдістерін өзектендіріп, Өңірлік стандарттар жүйесін жетілдіру жөніндегі жаңа тәсілдерді ескеруі қажет екенін атап өтті.

Әлихан Смайылов: Жаңа тұжырымдама ауылдық аумақтардың экономикалық әлеуетін кеңейтуге мүмкіндік береді

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен кеңесте салалық тұжырымдамалардың жобалары мен Астана маңындағы елді мекендерді әлеуметтік-экономикалық дамытудың кешенді жоспары қаралды.

Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров Астана маңындағы елді мекендерді әлеуметтік-экономикалық дамытудың кешенді жоспарында 2025 жылға дейін мектептер, балабақшалар, автожолдар, газ, жылу, электрмен, сумен жабдықтау және су бұру желілерін салу, өнеркәсіпті дамыту, сондай-ақ азаматтарды спортпен және медициналық қызметтермен қамтуды арттыру және т. б. көзделгенін хабарлады.

Премьер-Министр ұсынылған Кешенді жоспардың жобасын республикалық бюджет комиссиясы мақұлдағанын ескере отырып, оны қолдайтынын айтты. 

Сондай-ақ кеңесте ұлттық экономика министрі Қазақстан Республикасының ауылдық аумақтарын дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасының жобасымен таныстырды. Оның айтуынша, ауылдық аумақтарда әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымды (мектептер, ауруханалар, интернет, су қоймалары және т. б.) жаңғырту, кәсіпкерлік арқылы ауыл тұрғындарының табысын арттыру, жеке қосалқы шаруашылықтар мен кооперацияларды дамыту және т. б. шаралар іске асырылады. 

Тұжырымдама ауылдық аумақтарды дамыту тәсілдерінің тиімділігін арттыру, өмір сүру сапасын жақсарту және ауылдық жерлерде жайлы өмір сүруге қолайлы орта құру үшін Мемлекет басшысының тиісті жарлығы мен Сайлауалды бағдарламасын іске асыру үшін әзірленеді.

Сондай-ақ кеңесте республиканың отын-энергетика кешенін 2026 жылға дейін және электр энергетикасы саласын 2032 жылға дейін дамыту тұжырымдамаларының жобалары қаралды.

Премьер-Министр ұсыныстар мен ескертулерді ескере отырып, оларды пысықтауды тапсырды.

Әлихан Смайылов: жайылымдық жерлердің қолжетімділігі Қазақстанның азық-түлік қауіпсіздігіне тікелей қатысы бар аса маңызды мәселе

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында қазақстандықтарды жайылымдық жерлермен қамтамасыз ету шаралары талқыланды.

Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеевтің хабарлауынша, бүгінгі таңда жайылымдық жерлер 183,4 млн гектарды құрайды, оның ішінде 82,4 млн га – ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер, 63,9 млн га босалқы жерлер; 21,2 млн га елді мекендерге іргелес жерлер; 15,9 млн га басқа санаттағы жерлер (орман қоры, ерекше қорғалатын табиғат аумағы, өнеркәсіп жерлері).

Оның айтуынша, 15 өңірде, әсіресе Түркістан, Қызылорда, Алматы және Атырау облыстарында жеке қосалқы шаруашылықтарда мал жаю үшін жайылымдардың тапшылығы байқалады. Атап айтқанда, бұл ауыл шаруашылығы жануарлары санының айтарлықтай өсуіне байланысты. Соңғы 10 жылда тек ірі қара мал басы 7,7%-ға өсті, кейбір өңірлерде бұл көрсеткіш 16%-ды құрайды. 

Өткен жылы мемлекетке 5,2 млн гектар пайдаланылмаған және заңнаманы бұза отырып берілген ауыл шаруашылығы жерлері қайтарылды. Бұл 2021 жылмен салыстырғанда 10 есе көп (0,4 млн га). 2022 жылы тиісті шаралар қабылданғаннан кейін жер пайдаланушылар 1,85 млн гектар алаңда өздерінің ауыл шаруашылығы жерлерін игеруге кірісті.

16 қаңтарда елімізде мемлекетке қайтарылған ауыл шаруашылығы жерлерінің интерактивті картасы jerkarta.gharysh.kz геосервисі іске қосылды. Ол азаматтардың ауыл шаруашылығы жерлеріне құқық беру туралы жергілікті атқарушы органдарға өтініш берулеріне бағдар және жылдар бойы пайдаланылмаған ауыл шаруашылығы жерлерін айналымға тартуға негіз болады.

Осы тақырып бойынша Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев пен Жетісу облысы әкімінің орынбасары Әлібек Жақанбаев баяндама жасады.

Премьер-Министр жайылымдық жерлермен қамтамасыз етпейінше мал шаруашылығын толыққанды дамыту мүмкін емес екенін атап өтті. Бұл – еліміздің азық-түлік қауіпсіздігіне тікелей қатысы бар аса маңызды мәселе.

«Осыған байланысты, заңсыз берілген, бос жатқан жерлерді қайтарып алу жөніндегі арнайы Комиссия былтырғы сәуір айынан бері жұмыс істеп келеді. Нәтижесінде өткен жылы мемлекет пайдасына 5,2 млн гектар жер қайтарып алынды. Оның ішінде 4,8 млн гектары – жайылымдық жерлер», – деді Әлихан Смайылов.

Бұған Мемлекет басшысының Агроөнеркәсіп саласындағы микро және шағын бизнес субъектілеріне қатысты тексеру жүргізуге мүмкіндік беретін Жарлығы ерекше серпін берді.

«Осы жылы тағы 5 млн гектар жерді қайтарып алу жоспарлануда. Бұл орайда, елді мекендердің маңында орналасқан ауыл шаруашылығы құрылымдарының жерлерін қайтарып алу маңызды. Оларды қоғамдық пайдалануға немесе жеке қосалқы шаруашылық кооперативтеріне беру қажет. Қолданыстағы заң бұған мүмкіндік береді», — деді Премьер-Министр.

Сонымен қатар Әлихан Смайылов жайылым жерлерді ауылдан сырт жаққа көшіріп, отарлық мал шаруашылығын дамыту және шалғайдағы жерлерді сумен қамтамасыз ету қажет екенін атап өтті. 

«Жер қоры шектеулі аудандарда әкімдіктер жеке қожалықтарды кооперативтерге біріктіріп, малды қолда ұстау мәселесін пысықтауы тиіс. Жалпы өңір әкімдері жайылым мәселесін, оның ішінде қайтарылған жерлерді бөлуді ерекше бақылауда ұстауы қажет», – деді ол.

Қорытындылай келе, Премьер-Министр ғарыштық мониторингті қолдана отырып, бос жатқан және мақсатсыз пайдаланылған жерлердің бар-жоғына бағалау жүргізу керек екенін айтты. Ол үшін жерді ұтымды пайдалану мониторингінің «JerInSpectr» платформасын енгізу жұмыстарын, сондай-ақ жерді пайдалану процестеріне бақылауды күшейту қажет.

primeminister.kz