Спортшылар, бапкерлер, төрешілер жалақысы, штаттық бірліктің өсуі, құрал-жабдықтар: 2022 жылы отандық спорт үшін тағы не жасалды?

Әрдайым халық назарындағы ел спорты тарихында 2022 жылы айтулы оқиғалар орын алды. Нақтырақ айтсақ, жылдар бойы шешімін таппай келе жатқан спортшыларды даярлау жүйесі, жаттықтырушылар мен төрешілердің қаржылық жағдайы, инфрақұрылымның дамуы және бірқатар нормативтік құқықтық актілерге өзгерістер енгізілді. Сонымен көп созбай солардың ең негізгілеріне қысқаша тоқталсақ:

  1. Олимпиада жеңімпаздары мен жүлдегерлерінің және Әлем      чемпиондарының ай сайынғы материалдық қамсыздандыру мөлшері өсті.

Қазақстандық спортшылар мен жаттықтырушыларға Олимпиада, Паралимпиада, Сурдлимпиада ойындары жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне және олимпиадалық спорт түрлері бойынша Әлем чемпиондарына өмір бойы берілетін ай сайынғы қамсыздандыру мөлшері 4 есеге өсті. Сабақтан тыс спорттық іс-шараларды өткізгені үшін дене шынықтыру мұғалімдеріне лауазымдық жалақыдан 100% қосымша ақы төлеу енгізілді. Сондай-ақ, мамандандырылған мектептер мен колледждер, допингке қарсы зертхана, ұлттық допингке қарсы орталық қызметкерлерінің жалақысы көтерілді.

  • Спорттағы осы уақытқа дейін 1000-нан аспаған штаттық бірлік 3000 ға дейін көтерілді. Яғни 1994 жылдан бері еліміздің ұлттық құрамасындағы жалпы бапкерлер мен спортшылар саны 1000 адамнан аспаған. Биылғы жылы бұл мәселені құзырлы министрлік үкімет  деңгейінде көтеріп үш есеге арттырды. Бұл дегеніміз енді үш мың бапкер мен спортшы құрама сапына кіріп, мемлекет қолдауына ие болады. Яғни айлық төленіп, мемлекет беретін өзгеде жеңілдіктерді ала алады.
  • Спорт инфрақұрылымы салынуда. 2025 жылға дейін 113 жаңа спорт нысаны салынып, жұмыс істеп тұрған 27 нысан қайта жаңғыртылады. Аталған екі нысанға да үкіметтен қаржы бөлініп, 2000 жылдардың басынан бері құрылысы тоқтап қалған Олимпиадалық жаттығу орталығы қайта қолға алынды. Сондай-ақ, өңірлерде 10 дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы жүргізілуде. Олимпиадалық жаттығу орталығы 2023 жылы, ал Олимпиадалық даярлау орталығының құрылысы 2025 жылы аяқталады деп жоспарлануда.
  • Спорттық-құрал жабдықтар жаңартылды. Париждегі Олимпиадаға дайындық аясында Мәдениет және спорт министрлігі арнайы бағдарлама әзірледі. Оның маңызды тармақтарының бірі заманауи жабдықтарын сатып алудың жаңа нормаларын бекіту, сондай-ақ осы мақсатқа қосымша қаражат бөлу. 2017 жылы бекітілген нормалар басқа елдердің құрама командаларына бөлінетін қолжетімді, үнемі жаңартылып отыратын және жаңа буын жабдықтарын сатып алуға мүмкіндік бермегенін атап өткен жөн. 
  • ArtSport жобасына өзгерістер енгізілді. Бұл ретте балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған бағдарламаның шарттары жетілдірілді. Сонымен қатар, 7 қалада 180 мыңнан астам адамды қамтитын «Қолжетімді спорт» жобасы жүзеге асырылуда.
  • Ұлттық құрамалардың жаттықтырушылар құрамы қайта қаралды. 20-ға жуық  жазғы олимпиадалық спорт түрлерінен жаңа бас бапкерлер тағайындалса, жалпы спорттың 13 түрінен Австрия, Германия, Сербия, Македония, Грекия, Корея, Франция және т.б. елдерден кеңесші-жаттықтырушылар шақырылған.
  • Спорт комитетіне қарасты Спорттық медициналық орталықтың жұмыс жүйесі өзгерді. Спорттық медицина және оңалту орталығының материалдық-техникалық      базасың нығайту, қалпына келтіретін өнімдер мен спорттық тамақтану, витаминдер сатып алу, жұмыс жасаушы мамандарды оқыту және шетелдік мамандарды шақыру, фармакологиялық және биомедициналық қамтамасыз ету тізбесін қайта қарау жұмыстары жүргізілуде.
  • «Ұлы дала жорығы» республикалық марафон-бәйгесі өтті. Бұл бұрын-соңды болмаған 1200 шақырымды бағындырған аламан бәйге.
  • Алматы қаласында Республикалық спорт колледжінің жанынан ҚР Спорт және дене шынықтыру істері комитеті Спортты дамыту дирекциясы РМҚК-нің филиалы ретінде Жаттығу орталығы  ашылды.

Ұлттық штаттық құрамаға кіре алмаған  №4-8 резерв спортшылары аталған орталықта жаттығуларын жалғастыратын болады. Сондай-ақ, мұндағы спортшылар әлемдік бәсекелерде бақ сынауға мүмкіндік алады, ұлттық  құрамаға бәсекелестік тудырады.

  1.  2022 жылы спортшыларымыз 600-ге жуық түрлі старттарға қатысып,  нәтижесінде 800 ден аса медаль жеңіп алды.

ҚР МСМ баспасөз қызметі