Бүгін жаңа облыстық «Вестник Жетісу» басылымының тұсаукесері болды. Ақпарат айдынында жаңадан шыққан жас басылымның таныстырылуын «Огни Алатау» газетінің бас редакторы Хасан Еспанов пен басылымның бас редакторының орынбасары Забира Сайдильдина Өңірлік коммуникациялар алаңында өткізді.
Спикерлердің сөзінше Алматы облысының бөлінуіне байланысты «Огни Алатау» газетінің редакциясын Жетісу өңірінде қайта құру қажеттігі туындады. Мемлекеттік мекемелер үшін облыс бөлінісі азырақ уақыт алса, «Огни Алатау» редакциясына жарты жылдан астам уақыт қажет болды.
«Бұған өзіндік себептер бар. Олардың бірі оқырмандар мен әлеуметтік желідегі жазылушылар алдындағы жауапкершілігіміз. Басылымда бүгінгі күнге дейін Алматы облысы мен Жетісу облыстары аумағында тұратын 10 мыңнан астам оқырманы бар. 2022 жылға жоспарланған барлық межелерге қол жеткіздік. Жаңа жылдан Жетісу өңірінде жаңа басылымның тұсауын кесу бұйырып отыр. Бұл басылымның ашылуына шығармашылық ұжымның үлесі зор. Тілшілер, дизайнерлер, бет әрлеуіш мамандармен бірлесіп жаңа басылымның ашылуына бірлесіп еңбек еттік. Облыс басшысы Бейбіт Өксікбайұлының өзі қолдау танытты. Бірлескен еңбек нәтижесінде жаңа басылым «Вестник Жетісу» деп аталып, Жаңа жыл басында өз қызметін жаңа парақтан бастады. Басылым атауы да облыс басшысының көңілінен шықты», — дейді Хасан Еспанов.
Бүгінде жаңадан құрылған Жетісу облысында бүгінгі күні жүздеген БАҚ өкілдері өз қызметін атқаруда. Олардың қатарында 10 аудандық басылым, 5 республикалық телеарна, облыстық радио мен телеарна. Әрқайсысы өңірдің ақпараттық алаңына өзіндік үлесін қосуда.
Жаңа жылдан бастап Жетісу облысында жаңадан облыстық «Вестник Жетісу» газеті құрылды. Қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық тақырыптарды қамтитын жаңа басылым аптасына 3 рет жарық көреді. Басылым әр сейсенбі, бейсенбі, сенбі күндері оқырмандарға жол тартпақ. Айта кетерлігі, жаңа газет ҚР ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің ақпарат Комитетінде тіркелген.
Жаңа газет редакциясында 25-тен астам қызметкер жұмыс жасайды, олардың қатарында – тілшілер, фотокорреспонденттер, дизайнер-бет әрлеушілер, корректорлар, аудандардағы меншікті тілшілер. Жақында газеттің арнайы веб-сайты әзірленіп, әлеуметтік желілерде арнайы парақшаларымен өз алдына жеке желілік басылым ретінде жұмысын жүргізеді деп жоспарлануда.
Басылым Жетісу облысының барлық саласындағы өзекті мәселелері мен жаңалықтарын қамтитын болады.
«Мен «Вестник Жетісу» газетінің жарқын болашағына деген сенімім мол. Себебі бірлігі мен берекесі жарасқан ұйымда еңбек ететін өз кәсібіне адал тілшілер қаламынан шыққан әрбір мақала оқырман жүрегінен орын алары сөзсіз. Көп ұзамай біздің басылым мәдениет мәйегіне айналып, өңірдің барлық саласынан айшықты ақпарат тарататын тағы бір іргелі газеттердің бірі болады», — деп қорытындылады Забира Сайдильдина.