Жаңа жыл қарсаңында Қарабұлақ ауылында «Алақай» балабақшасы бүлдіршіндерге өз есігін ашты

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында 2025 жылға дейін 6 жасқа дейінгі балалар мектепке дейінгі тәрбиелеу және оқытумен 100% қамтамасыз етілуі тиістігін айтқан болатын. Аталмыш мәселені жолға қою бағытындағы іргелі істер Жетісу өңірінде сәтті жүзеге асырылуда.
Ескелді ауданындағы 1992 жылы салынған «Березка» балабақшасының ғимараты бұған дейін «Қарабұлақ қант зауыты» акционерлік қоғам меншігінде болған.


2020 жылы Акционерлік қоғам балабақша ғимаратын Ескелді ауданының коммуналдық меншігіне өткізіп, өткен жылдың мамыр айында балабақша ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстарын «ШАХ Құрылыс компаниясы» ЖШС жүргізіді. Балабақша ғимараты жоспарланған мерзімнен бұрын қолданысқа берілді.
Күрделі жөндеуден кейін ел игілігіне беріліп отырған балабақшаның ашылу салтанатына аудан әкімі Елдос Ахметов, аудандық білім бөлімінің басшысы Мұрат Бектуров және Қарабұлақ ауылының тұрғындары қатысты.

Бүгін ауданымызда жаңа жыл қарсаңында 120 орындық балабақша кішкентай бүлдіршіндерімізге есігін айқара ашпақ. «Баланы бесіктен» деп қазақ халқы бекер айтпаған. Елін сүюге, халқын қадірлеуді үйретудің маңызы зор. Осы қасиеттерді «Алақай» балабақшасының тәрбиешілері балалардың бойына сіңіру бағытында жұмыс жасайтынына сенімдімін, — деді аудан басшысы құттықтау сөзінде.
Ашылу салтанатында ауданның құрмет азаматтары сөз сөйлеп, баталарын берді. Балабақша іші талапқа сай заманауи қондырғылармен жабдықталған. Бүлдіршіндерге арналған арнайы ойын бөлмелері, жатын бөлме, кіреберіс бөлмелерімен қамтылған. Сонымен қатар, ән-әуен залы, психолог, әдіскерлер бөлмесі бар. Балабақшаға 3 жастан 6 жасқа дейінгі балалар қабылданады. Бүлдіршіндерге тек тәрбие беріп қана қоймай, олардың спортпен, музыкамен айналысуына да баса назар аударылған. Нысанда 27 жұмыс орны құрылып, 5 балалар тобы тәрбиеленбек.