Т. Дүйсенова 2022 жылды қорытындылап, қазақстандықтарды келе жатқан Жаңа жылмен құттықтады

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова Министрліктің 2022 жылғы жұмысын қорытындылап, барлық азаматтарға денсаулық, амандық және бақыт тілей отырып, қазақстандықтарды келе жатқан 2023 жылмен құттықтады.

«Құрметті қазақстандықтар! Өткен 2022 жыл біздің еліміз үшін оңай болған жоқ, бірақ соған қарамастан мемлекеттің барлық әлеуметтік міндеттемелері орындалды. 4,4 трлн теңгеден астам сомаға 4,3 млн-нан астам қазақстандыққа зейнетақы, жәрдемақылар және басқа да әлеуметтік төлемдер уақтылы төленді.

Өткен жылы 1,3 миллионнан астам отбасы мемлекет кепілдік берген төлемдер түрінде қолдау алды. Ерекше қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға және көпбалалы отбасыларға да ерекше көңіл бөлінді.

Осы жылы балалары бар отбасыларды қолдауға республикалық бюджеттен және Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан 926,6 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді. Бөлінген қаражат бала туу және бала күтімі бойынша төлемдер, көп балалы аналарға, көпбалалы отбасыларға және мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға жәрдемақы ретінде берілді. Бір отбасыға төленетін төлем 20 мыңнан 805 мың теңгеге дейінгі соманы құрады.

Өмірлік қиын жағдайға тап болған 700 мыңнан астам қазақстандық отбасы мемлекеттен 70 млрд теңгеден астам сомаға атаулы әлеуметтік көмек түрінде қолдау алды. 

Мүмкіндігі шектеулі жандар да әркез мемлекеттің ерекше назарында.

Олардың құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз ету үшін елде көп деңгейлі әлеуметтік қорғау жүйесі жұмыс істейді. Бүгінде олар бірнеше көздерден төлемдер алады: бұл мүгедектік бойынша жәрдемақы және жұмыс істейтін азаматтарға еңбекке қабілеттілігінен айырылған кезде берілетін төлемдер, сондай-ақ сақтандыру төлемдері.

530 мың отандасымызғы мүгедектік бойынша жәрдемақы және әлеуметтік төлемдер түрінде 371,4 млрд теңге төленді.

Биыл 66 млрд теңге мүгедектігі бар азамматтарымыздың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталды. 225 мың адам протездік-ортопедиялық және өзге де көмекпен қамтамасыз етілді.

Бүгінгі таңда мүгедектігі бар адамдар тек өнім берушіні ғана емес, сонымен қатар өздерінің жеке қажеттіліктерін ескере отырып, техникалық құралдар мен оңалту қызметтерін де өз бетінше таңдай алады. Осы жылдан бастап медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізудің сырттай форматы іске қосылды, ол куәландыру рәсімін әлдеқайда оңтайландырды және жеңілдетті.

Келесі жылы біз арнаулы әлеуметтік қызметтер саласын жаңғыртуды жалғастыруды жоспарлап отырмыз, ол ең алдымен оған мұқтаж әрбір қазақстандық үшін қолжетімділікті қамтамасыз етуге бағытталады.

Мемлекеттік қолдау шараларының қолжетімділігі, азаматтардың оларды алу құқығын уақтылы іске асыру Министрліктің негізгі міндеттерінің бірі. Өткен жылдың маңызды новеллаларының бірі Президенттің тапсырмасы бойынша дайындалған «Отбасының цифрлық картасы» жобасы болды. Бұл отбасы мен белгілі бір азамат үшін қиын өмірлік жағдайдың туындау қаупін уақтылы анықтауға және оған осы жағдайда мемлекет кепілдік берген қолдау шараларын ұсыну ғана емес, сонымен бірге көрсетілген шаралардың тиімділігін бағалауға мүмкіндік береді.

Осы жылы әлеуметтік-еңбек саласының 1 млн-нан астам қызметі проактивті форматта көрсетілді, оның ішінде пилоттық іске асырудың 4 айдан аз уақытында Цифрлық карта арқылы 9 қызмет бойынша 50 мыңнан астам қызмет көрсетілгенін атап өткім келеді.

Азаматтардың әл-ауқатын арттыру факторларының бірі олардың табысының өсуі екені сөзсіз.

Биыл ынтымақты зейнетақы мөлшері екі рет индекстелді. Бүгінгі күні зейнетақының орташа мөлшері шамамен 109 мың теңгені құрайды. Жалпы мемлекеттік бюджеттен 2,2 млн зейнеткерге зейнетақы төлеуге 2,9 трлн теңге бөлінді.

Келесі жылдан бастап Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша зейнетақы төлемдерін және азаматтардың зейнетақы жинақтарының кірістілігін арттыруға бағытталған зейнетақы жүйесінің тиімділігін арттыру жөніндегі жаңа шаралар пакетін іске асыруға кірісеміз.

Өтіп бара жатқан жылы білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау саласының және басқа да жекелеген санаттардың қызметкерлерінің жалақысын кезең-кезеңімен арттыру жалғасты. 1,2 млн-ға жуық азаматтық қызметшілердің жалақысы орта есеппен 20%-дан 30%-ға өсті және келесі 4 жыл ішінде 2 есеге ұлғаяды.

Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру үшін жастарды жұмыспен қамту шаралары күшейтілді. Олардың «Жастар практикасы» және «Алғашқы жұмыс орны» жобаларына қатысу мерзімі ұзарды. Халықтың әлеуметтік осал санаттарындағы жастар мен азаматтардың іскерлік бастамаларын дамыту үшін гранттардың мөлшері екі есе ұлғайды.

Жалпы, 2022 жылы 921 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылды, олардың 77% — дан астамы тұрақты жұмыс орындарында істеп жатыр, яғни олар және олардың отбасылары тұрақты табыспен қамтамасыз етілді.

Жұмысқа орналасуға жәрдемдесудің маңызды құралы – Электрондық еңбек биржасы. Бүгінде Электрондық еңбек биржасы жұмыс іздеудің ең ірі базасына ғана емес, сонымен қатар жұмыспен қамту қызметтерінің «онлайн-витринасына» айналды деп сеніммен айтамын, ол бос жұмыс орындары туралы ақпараттың қолжетімділігін ғана емес, сонымен қатар жұмысқа орналасу процесінің ашықтығын да қамтамасыз етеді.

Әрине, бұл істі жұмыс берушілердің қатысуынсыз және қолдауынсыз толық қамтамасыз ете алмас едік. Президенттің тапсырмасы бойынша біз дайындаған Кәсіби біліктілік туралы заң, Көші-қон саясатының жаңа тұжырымдамасы мен Әлеуметтік кодекс сияқты бағдарламалық құжаттардың негізгі ережелері жаңа әлеуметтік келісімшартқа негізделеді, мемлекет пен азаматтардан басқа, қоғамдық бірлестіктер мен бизнес оның негізгі тараптары болуға тиіс.

Осыған байланысты, отандық жұмыс берушілерге, үкіметтік емес ұйымдарға, қоғамдық бірлестіктер мен кәсіподақ өкілдеріне алғыс білдіріп, одан әрі өзара жемісті ынтымақтастыққа үміт білдіргім келеді.

Заманауи жаңа сын-қатерлер біздің алдымызға жаңа міндеттер қойып отыр, алдағы жылы азаматтарымыздың әл-ауқатын арттыруды қамтамасыз ету үшін біраз жұмыстар атқаруымыз керек, оған тек бірлесіп қана қол жеткізе аламыз.

Құрметті қазақстандықтар! Сіздерді келе жатқан 2023 жылмен шын жүректен құттықтаймын!

Жаңа жыл – әрқайсымыз үшін ерекше мереке. Біз жаңа жылдан өміріміздегі жақсы өзгерістерге, еліміздің сенімді дамуына үміт артамыз.

Осы жылы Отанымыздың игілігі үшін жауапкершілікпен еңбек еткен азаматтарға зор алғыс айтқым келеді. Жаңа 2023 жылы халықтың өмір сүру сапасының артуын, отбасы мен рухани құндылықтардың нығаюын шын жүректен тілеймін! Келер жылы біздің еліміз үшін жақсылық пен жасампаздыққа толы жыл болсын.

Барлық қазақстандықтарға зор денсаулық, әр отбасыға құт-береке, бақыт пен шаттық, қуаныш пен өзара түсіністік тілеймін!», – делінген Тамара Дүйсенованың құттықтауында.