Бейбіт Исабаев жаңа жыл қарсаңында еңбек ардагерлерінің қабылдауын өткізді

Облыс әкімі Бейбіт Исабаев еңбек ардагерлерімен, құрметті демалыстағы көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлерімен жыл сайынғы дәстүрлі кездесу өткізді. Оған өңірдің және тұтас елдің қоғамдық-саяси және әлеуметтік — экономикалық дамуына елеулі үлес қосқан 80-нен астам азамат қатысты, — деп хабарлады облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Ардагерлерді келе жатқан Жаңа жылмен құттықтаған Бейбіт Исабаев олардың өнегелі өмір жолы мен бай еңбек тәжірибесі әрқашан жас ұрпаққа үлгі болатынын, ал үлкендерге деген құрмет өзгермейтін дәстүр мен ортақ парыз екенін атап өтті.

— Бәріңіз де еліміздің, соның ішінде Жетісу өңірінің өсіп-өркендеуіне еңбек сіңіріп, қызмет еттіңіздер. «Тәлімі мол қария – толып аққан дария», — дейді халық даналығы. Жетісу бүгінде қандай да бір жетістікке жетсе, онда сіздердің де үлестеріңіз бар, — деп атап өткен Б.Исабаев Мемлекет басшысының облысқа келген сапарында берген тапсырмалары мен олардың орындалу барысын, жалпы 2022 жылдың қорытындысы мен алдағы жылдардың жоспарлары туралы ардагерлерге кеңінен баяндап берді.

Мәселен, өз алдына жеке бөлінгеннен кейін Жетісу облысы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері жағынан 20-шы орында болған. Мемлекет қолдауы мен қабылданған шаралардың арқасында өңір 11 айда 8-9 орындарға көтерілді. Ауыл шаруашылығында жалпы өнім көлемі 476 млрд. теңгеден, өнеркәсіп өндірісінің көлемі 247 млрд. теңгеден асты. Облыс экономикасына 217,3 млрд. теңге инвестиция тартылды. Облыстың 2025 жылға дейінгі дамуының стратегиялық жоспары бекітілді, жоспар толық іске асқанда 2025 жылға қарай жалпы өңірлік өнім 1,7 трлн. теңгеден асады. Жетісудың аграрлық бағыттағы ерекшелігін ескерсек, алдағы уақытта АӨК-ге, соның ішінде ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуге, сол сияқты бизнес пен өнеркәсіпті дамытуға, инвестициялық жобаларды іске асыруға, соның ішінде өңірде кең өріс ала бастаған тау-кен өндірісіне ерекше мән беріледі.

Өз сөзінде облыс әкімі Президент тапсырмасына орай қолға алынып жатқан шараларға да тоқталды. Атап айтқанда, қант қызылшасы өндірісін дамыту, Ақсу қант зауытының жұмысын жандандыру, пайдаланылмай жатқан жерлерді мемлекет меншігіне қайтару сияқты маңызды мәселелердің шешіміне қатысты жоспарларын ортаға салды. Туризмді, қысқы спорт түрлерін дамыту, шекаралық аймақ ретіндегі артықшылықтарды экономикалық тұрғыдан тиімді пайдалану жобалары жайлы да сөз етті.

Кездесу соңында облыс әкімі Бейбіт Исабаев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жаңа Қазақстан құру жолындағы іргелі бастамаларын іске асырудағы, ұрпақ тәрбиесіндегі аға буынның рөлін ерекше атап өтті:

Уақыт бір орнында тұрмайды. Қазір әлемдегі жағдай күн сайын өзгеріп отыр. Жаһанданудан тыс қалған ел жоқ. Сондықтан жастарымызды жаңа заманның озық үлгілерін өз түп-тамырынан ажырамаған болмысымен қабылдай алуға бейімдеуіміз керек. Қазір жастарды елітетін қатерлер көп. Түрлі діни секталар, синтетикалық ескірткі, құмар ойындар – айта берсек олар аз емес. Осының бәрінен оларды қалай қорғаймыз? Пәле-жалаға ұрындырмай жастарды қалай қатарға қосамыз? Бұл – бір отбасының ғана мәселесі емес, тұтас қоғамның проблемасы. Сондықтан жұмыла жұмыс істеп, оған өздеріңіздей көпті көрген, ақыл-кеңеске бай ағаларымыз бен апаларымыз атсалысады деп ойлаймын, — деді Б.Исабаев.

Өз кезегінде кездесуге қатысушылар да ұсыныс-тілектерін жеткізіп, облыс дамуы, салт-дәстүрді сақтау, ел бірлігін нығайту мен жастарды елжандылыққа баулуға қатысты ой бөлісті.