2022 жылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша 140,6 мың отбасындағы 724,1 мың адамға атаулы әлеуметтік көмек (бұдан әрі – АӘК) тағайындалды. Биыл осы мақсаттарға бюджеттен 59,4 млрд теңге бөлінді.
АӘК отбасының әрбір мүшесіне жан басына шаққандағы орташа табысы өңірлік ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70%-ынан төмен азаматтарға тағайындалады.
Бұдан басқа, АӘК көрсетудің жаңа тетігін іске асыру шеңберінде еліміздің барлық өңірінде табысы аз отбасылардың мектеп жасына дейінгі балаларын кепілдік берілген әлеуметтік топтамамен (бұдан әрі – әлеуметтік топтама) қамтамасыз ету бойынша жұмыс жүргізілуде.
2022 жылғы 1 желтоқсанда АӘК алушылар қатарындағы 1 жастан 6 жасқа дейінгі 191,1 мың балаға азық-түлік және тұрмыстық химия жиынтығы түрінде әлеуметтік топтама тағайындалды.
Азаматтардың әлеуметтік топтаманы заттай форматтан ақшалай форматқа ауыстыру туралы ұсыныстарын ескере отырып, 2023 жылдан бастап мектеп жасына дейінгі балалар үшін кепілдендірілген әлеуметтік топтаманы монетизациялау жүзеге асырылады. Азық-түлік пен тұрмыстық химия жиынтығының орнына әр балаға 1,5 АЕК мөлшерінде қосымша төлем белгіленеді. Осылайша, ата-аналарға балалардың жеке қажеттіліктеріне қарай өз бетінше азық-түлік сатып алу мүмкіндігі беріледі.