Сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұру – Қазақстан саясатындағы аса маңызды стратегиялық басымдықтың бірі әрі бірегейі. Өсіп келе жатқан жас ұрпақтың бойында жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруда үлкен орын алады . Жетісу орта мектебінде жасөспірімдердің мінез-құлқында жемқорлыққа қарсы стандарттарды қалыптастыру мақсатты әрі жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Осы бағыттағы жұмыстарда «Адал ұрпақ» ерікті мектеп клубының орны ерекше.
«Адал ұрпақ» ерікті мектеп клубы негізгі үш бағытта жұмыс жүргізеді.Олар : сыбайлас жемқорлыққа қарсы ақпарат және шығармашылық, сыбайлас жемқорлыққа қарсы білім, мәдени-көпшілік іс-шаралар.
Әрбір қазақстандық, әрбір отбасы жемқорлықпен күрестің қоғамға ортақ іс екендігін, сонымен бірге әр азаматтың борышы болып саналатындығын жете түсінуге тиісті. Сондықтан да баланы кішкентай кезінен отансүйгіштікке, қоршаған орта мен салт-дәстүрлерді құрметтеуге, білім мен еңбекке, тәртіп пен адалдыққа баулу керек. Білім мен тәрбие адам бойында жемқорлыққа қарсы мәдениеттің қалыптасуының негізі болып саналады. «Адал ұрпақ» ерікті мектеп клубтары оқушылар бойында жемқорлыққа қарсы көзқарас қалыптастыратын, құқықтық сана мен мәдениеттің деңгейін арттыратын ерікті бірлестік. Бұл қозғалыс мектептердегі жемқорлықа қарсы мәдениетті қалыптастырып қана қоймай, құқықтық білімді де кеңінен насихаттайды.
«Адал Ұрпақ» ерікті мектеп клубтарының негізгі міндеттері мектепте сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру, сыбайлас жемқорлыққа қарсы көзқарасты нығайту бойынша бастамаларды көтермелеу, сыбайлас жемқорлыққа қарсы сипаттағы іс-шараларды ұйымдастыру болып табылады. Осындай міндеттерді негізге ала отырып, Жетісу орта мектебінде өз-өзіне қызмет көрсету жүйесіне негізделген «Адалдық» дүкені ашылды. Мұнда білім алушылар мен мұғалімдер өздеріне қажетті тауарларды алып, алынған тауардың ақшасын кассалық жәшікке қалдырып отырды. Дүкенге кеңселік тауардың 20-ға жуық түрлері қойылды. Білім алушыларға дүкен ережесі таныстырылды. Дүкенді ашуға демеушілік көмек көрсеткен қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, педагогика ғылымдарының магистрі, педагог-шебер Зайтбекова Раушан Исабайқызына алғыс айтамыз.
«Адалдық» дүкені білім алушылар арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы жоғары сана мен мәдениетті дамыту, ішкі парасаттылықты, адалдықты және бір-бірімізге деген сенімді қалыптастыру мақсатын көздейді.
Ар-ожданның мекеніне айналған «Адалдық» дүкенінің болашақ ұрпақ үшін өнегелі тәрбие көзі болатынына сеніміміз мол.
С.А.Кулбосынова,
Педагог-ұйымдастырушы,
Жетісу орта мектебі