Екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Нұрмолда Алдабергеновтың туғанына 116 жыл толуына орай
Еңбектің дара тұлғасы
Қазақстанның өткен ғасырдағы тарихында ел экономикасының өсіп-өркендеуіне мол үлес қосып, халықтың шынайы құрметіне бөленген шаруашылық басшылары аз болған жоқ. Солардың бірі Ұлы Отан соғысы ардагері, колхоз құрылысын алғаш ұйымдастырушылардың бірі, қоғам қайраткері, «Дала академигі», Екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Нұрмолда Алдабергенов.
Халқымызда «Елдің атын ер шығарады» деген даналық сөз бар.Осы орайда, адал еңбек, озық тәжірибе, жанкешті еңбекқорлығының арқасында алақандай ауылын, күллі облысты ғана емес, кең жазиралы республика атын әлемге танытқан Нұрмолда Алдабергеновтың есімін ардақ тұтып,өнегесін жас ұрпаққа үлгі ретінде мадақтағанымыз елдігіміздің белгісі деп білемін.
Нұрмолда Алдабергенов — Жетісу өңірінде алғашқылардың қатарында қант қызылшасын өсіруді қолға алып, өзін колхоз өндірісінің ірі ұйымдастырушысы, ауыл шаруашылығының білгір басшысы ретінде көрсеткен — еңбектің дара тұлғасы
Қазақ елінің біртуар азаматы Нұрмолда Алдабергенов Өмірдің ащы-тұщысын жастайынан тартқан тағдырдың талай сынағына төтеп берді. Жастайынан жетім қалып, малшы, жалшы да болды, білек күшін бұлдамай, кетпен-күрек көтерді, қиын-қыстау заманда қолына қару алып, қан майданда болды. Қанша сынға түссе де, мұқалуды білмеген, қиындықта шыңдалып, еңбегімен ерлеген Нұрмолда Алдабергенов тағылымы халқына – мұра, ұрпағына – ұлағат.
Нұрмолда Алдабергеновтің жетекшілігімен Жетісу өңірінде тұңғыш су электр станциясы салынды. Өзі басқарған колхозға тұрғын үйлер, орталық мәдениет үйі, сауда орталығы, балалар бақшасы, орта мектеп, аурухана салынып, пайдалануға берілді. Ол ауыл шаруашылығында егіншілік мәдениетін арттыру және мал тұқымын асылдандыру ісінде ғылым жаңалықтары мен озат тәжірибені өндіріске батыл енгізіп, жоғары өнімге қол жеткізді. Алайда Нұрмолда Алдабергеновтай ұйымдастырушылық қабілеті жоғары кемеңгер тұлғаның алған асу биігіне дәл қазірге шейін ешбір адам қол жеткізбеген шығар.
Абыройы биік алып тұлғаның аңызға айналған жетістігі, шыққан биігі, қажырлы еңбегі туралы, ауыл шаруашылығын дамытудағы әдіс-тәсілін, үлгілі ісін насихаттап, оны ұрпақтан ұрпаққа мирас етіп қалдыру үшін кемеңгер тұлғаның өз халқына, еліне тигізген шарапатын, сіңірген еңбегін көрсету мақсатында Н.Алдабергеновтың мемориалды музейінің қызметкерлері тарихи тұлғалардың ғибратты ғұмырларын насихаттай отырып, қоғамдық санада ұлттық құндылықтарымызды жаңғырту мақсатында Еңбек Ерлеріне, Ұлы Отан соғыс ардагерлеріне көрмелер мен тақырыптық экскурсиялар, танымдық шаралар жүргізілуде.
Биыл Екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Нұрмолда Алдабергеновтың туғанына 116 жыл толуына орай музей қызметкерлері іс-сапармен «Тұғыры биік нар тұлға» атты жылжымалы көрмелер ұйымдастырды. Көрме барысында 1955 жылы Еңбек Ерінің көзі тірісінде экранға түскен және колхоз қозғалысының тарихы туралы бейнефильмдері көрсетілді сонымен қатар музей қорынан алынған Н. Алдабергеновтың жеке заттары, фотосуреттері көпшілік назарына ұсынылды.
Қазіргі таңда Н. Алдабергеновтың салған сара жолы, оның серіктестерінің нақтылы істері жалғасын табуда. Бүгінде өзінің есімімен аталатын шаруашылық Еңбек Ерінің асыл бейнесін ардақ тұтып, әспеттеп болашаққа батыл қадам басқан берекелі-бірлігі, ынтымағы жарасқан ұйымшыл ұжым. Олардың діттеген мақсаттары, міндеттері ұйымдаса еңбек етіп, жаңа бір деңгейге көтеру.
Нұрмолда Алдабергеновтың кемеңгерлік тұлғасы мен келбеті жадымыздан өшпей, еңбексүйгіштік қасиеті ұрпақтарға мәңгі үлгі өнеге болып қала бермек.
Ж.Ө.Ахатаева,
Н.Алдабергеновтың мемориалды экскурсия жүргізуші