2023 жылдан бастап жылу желілерін жөндеу бойынша ауқымды бағдарлама басталады (Видео)

2023 жылдан бастап жылу желілерін жөндеу бойынша ауқымды бағдарлама басталады 

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында еліміздің энергетикалық объектілер мен жылу желілерінің жай-күйін ревизиялау барысы қаралды.

Энергетика министрі Болат Ақшолақовтың хабарлауынша, ведомство 37 жылу электр орталығының техникалық жай-күйіне талдау жүргізді. Мәселен, қызыл аймаққа 19, сары аймаққа 11 және жасыл аймаққа 7 жылу электр орталығы кірді. Жылу электр орталықтарын тәуекел аймақтары бойынша анықтау кезінде 4 өлшемшарт ескерілді: жабдықтың тозуы, технологиялық бұзушылықтар саны, пайдалану мерзімі (республика бойынша орташа пайдалану мерзімі – 61 жыл) және кадрлардың жетіспеушілігі.

Қызыл аймақтағы жылу электр орталықтары үшін келесі күзгі-қысқы кезеңде тәуекелдерді азайту мақсатында 2023 жылы іске асыру мерзімімен негізгі жабдыққа күрделі жөндеу, реконструкциялау, жаңғыртуды (98 қазандық, 54 турбина) жүргізу көлемі айқындалды.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаевтың мәліметінше, бүгінгі күні қалалардағы жылу желілерінің жалпы ұзындығы 12,1 мың шақырымды құрайды, оның 6,7 мың шақырымы ауыстыруды талап етеді, орташа тозу деңгейі – 55%. 2015 жылдан 2022 жылға дейін «Нұрлы жер» және «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламалары аясында бюджеттік кредит және субсидиялау тетіктері арқылы 295 млрд теңге бөлінді, 3 546 шақырым желілер салынды және реконструкцияланды.

Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев Семейдегі ЖЭО-1-дің үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету, Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев Ақтауда ыстық сумен жабдықтауды қалпына келтіру, Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев Қарағанды тұрғындарын жылумен жабдықтау және Теміртаудағы ЖЭО-2-нің жұмысы, Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов Екібастұздағы ахуал және қабылданып жатқан шаралар туралы баяндады.

Премьер-Министр қыркүйек айында өңірлердің әкімдері жылу беру маусымына дайынбыз, ешқандай проблема жоқ деп баяндағанын атап өтті. Бірақ күн суытқанда бірнеше төтенше жағдай орын алды.

«2 айдың ішінде 2 бірдей ірі апат болды. Риддер мен Екібастұзда. Сонымен бірге Өскемен, Рудный, Теміртау, Семей, Ақтау және Павлодар қалаларының жылу беру жүйесінде де қауіпті жағдайлар орын алды. Жылу беру жүйелері мен инженерлік желілердің тұрақты жұмысын қамтамасыз ету үшін белсенді шараларды қабылдау қажет. Оларды кейінге шегеруге болмайды», — деді Әлихан Смайылов.

Оның айтуынша, тексерулер басталды, өңірлердегі нақты жағдай бұған дейін берілген ақпараттан да нашар болып шықты. Проблемалар жасырылып келді.

Премьер-Министр бөлінген қаржы жеткіліксіз болғандықтан, жаңғырту мен сапалы жөндеу жүргізілмегенін атап өтті. Станциялар мен желі иелері жеткілікті инвестиция салмаған. Қараусыз жатқан желілердің мәселесі де шешімін тапқан жоқ.

«Бізде қыс айлары өте қатал. Яғни, апаттар бұған дейін де болып тұрды. Бірақ олар саны жағынан да, ауқымы жағынан да мұндай болған емес. Баспасөз бен әлеуметтік желідегі шағымдарға қараңыздар. Барлық өңірден мыңдаған шағым бар. Бұл бір күннің ғана проблемасы емес. Жылдар бойы қордаланып келді», — деді Әлихан Смайылов.

Оның айтуынша, қалалар кеңейіп, құрылыс секторы қарқынды дамуда. Абоненттердің саны да артты. Мұның барлығы, қолданыстағы жылу резервтерінің сарқылуына алып келді. Мұндай жағдай Астана, Алматы, Павлодар Ақтауда тіркелді. 

Сонымен қатар аудандардың дұрыс жоспарланбауы, тұрғын үйлер мен жылу желілерін бейберекет салуы суық түсе апатты жағдайларға соқтырып жатыр. Қала ішінде ауаны ластайтын автономды қазандықтар салынуда. 

Сондай-ақ желілер мен жылу орталықтарына және қазандықтарға сапасыз қызмет көрсетіледі. Тұтынушылардың қарыздары және газдандыруда қиындықтар бар. Жаңадан жылу орталықтарын салу жұмыстары созылып кетті. Бұған мысал ретінде, елордадағы 3-ші жылу орталығының құрылысын айтуға болады.

Осыған орай, Премьер-Министр электр станцияларын тексеруді 2023 жылдың 1-ші тоқсанында аяқтауды тапсырды. 

«Келесі жылдан бастап жылу желілерін жөндеу бойынша ауқымды бағдарлама басталады. Бірінші кезекте тозу деңгейі 70%-дан асып кеткен жылу желілері ауыстырылады. Мұндай желілер 1600 км! Екінші кезеңде 4 мың километрге жуық желі жаңартылады. Бұл өте ауқымды жұмыс әрі көп қаражатты талап етеді», – деді Әлихан Смайылов.

Қорытындылай келе, Премьер-Министр жылу желілерін реконструкциялау бойынша қажетті құжаттарды әзірлеу жұмыстарын бірінші жартыжылдықта аяқтауды, тиісті жұмыстарды қаржыландыру үшін нысаналы трансферттер бөлу мәселесін пысықтауды, сондай-ақ 2 апта ішінде мемлекеттік энергетикалық бақылауды күшейту тәсілдерін қарастыруды тапсырды. 

Цифрландыру, инфрақұрылымды және кадрлық әлеуетті дамыту: Үкімет геологиялық саланы дамытудың жаңа тұжырымдамасын мақұлдады

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Геологиялық саланы дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасының жобасы қаралды.

Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешевтің айтуынша, Тұжырымдаманың негізгі мақсаты – пайдалы қазбаларды барлауға инвестиция тарту үшін жағдай жасау. Сонымен қатар саланың негізгі проблемаларын шешу үшін келесі төрт бағыт бойынша жұмыс жүргізу жоспарланып отыр: 1) жер қойнауын геологиялық зерттеудің тиімділігін арттыру және минералдық-шикізат базасын толықтыру; 2) геология саласын цифрландыру және ақпараттандыру; 3) ғылыми-зерттеу және кадрлық қамтамасыз ету; 4) инфрақұрылымды дамыту.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаевтың айтуынша, Тұжырымдама шеңберінде жер қойнауын пайдалану саласында лицензиялар алу жөніндегі рәсімдерді барынша жеңілдету, инвесторлар мен уәкілетті мемлекеттік органдар арасындағы бизнес-процесті автоматтандыру, қатты пайдалы қазбаларды барлау мен өндіруге лицензиялар беру процесінің «ашықтығын» қамтамасыз ету жоспарланып отыр.

Әрі қарай осы тақырып бойынша энергетика министрі Болат Ақшолақов баяндама жасады.

Баяндамашыларды тыңдап болған Премьер-Министр Қазақстан минералдық-шикізаттық ресурстардың саны мен түрі жағынан әлемде жетекші орындардың қатарында екенін, алайда соңғы жылдары пайдалы қазбалардың көптеген түрі бойынша жаңа қорларды ашу жұмыстары мардымсыз жүріп жатқанын атап өтті. Мысалы, таяу онжылдықта Шығыс Қазақстанда Орлов, Малеев, Тишинское және Риддер-Сокольное сияқты ірі металл кен орындары игерілетін болады. 

«Өнеркәсіптік шикізатқа сұраныстың өсуі жаңа кен орындарын іздеп-тауып, минералдық-шикізат базасын кешенді дамытуды талап етеді. Осыған байланысты геологиялық барлау саласына инвестициялар тарту үшін тиісті жағдай жасау қажет», — деді Әлихан Смайылов.

Үкімет басшысының айтуныша, бүгінде инвесторларға кешенді сервистік қолдау көрсету мақсатында Ұлттық геологиялық қызмет құрылды, KAZNEDRA ақпараттық платформасы пилоттық режимде жұмыс істеп тұр және жер қойнауын пайдалану саласында нормативтік-құқықтық база түбегейлі өзгерді. Бұл жер қойнауы мен геологиялық ақпараттың барынша қолжетімді болуына, кен орнын ашқан компаниялардың оны әрі қарай игеру үшін құқықтарын қорғауды күшейтуге және барлық процедураны айтарлықтай жылдамдатуға мүмкіндік берді.

«Бүгін қаралып отырған Тұжырымдама жер қойнауын мемлекеттік геологиялық зерттеудің тиімділігін арттыруға бағытталған жаңа шаралар ескеріле отырып, әзірленді. Онда саланы цифрландыру, инфрақұрылымды дамыту, кадрлық әлеуетті арттыру сияқты саланы дамытудың басым бағыттары көрініс тапқан»,  деді Премьер-Министр. 

Ұсынылған тұжырымдама бойынша дауыс беру рәсімі өткізілгеннен кейін Әлихан Смайылов экология, геология және табиғи ресурстар министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, оған енгізілген бастамалардың тиімді іске асырылуын қамтамасыз етуді тапсырды.

«Тарифті инвестицияға айырбастау» жаңа бағдарламасы жыл сайын салаға 400 млрд теңге инвестиция тартуға бағытталған

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында еліміздің энергетикалық объектілері мен жылу желілерін тексеру барысы қаралды. Осы тақырып бойынша энергетика министрі Болат Ақшолақов, индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі – Қайырбек Өскенбаев баяндама жасады. Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев Семейдегі ЖЭО-1-дің үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету, Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев Ақтауда ыстық сумен жабдықтауды қалпына келтіру, Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев Қарағанды тұрғындарын жылумен жабдықтау және Теміртаудағы ЖЭО-2-нің жұмысы, Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов Екібастұздағы ахуал және қабылданып жатқан шаралар туралы айтып берді. 

Энергетика министрі Болат Ақшолақовтың хабарлауынша, ведомство 37 жылу электр орталығының техникалық жай-күйіне талдау жүргізді. Мәселен, қызыл аймаққа 19, сары аймаққа 11 және жасыл аймаққа 7 жылу электр орталығы кірді. Жылу электр орталықтарын тәуекел аймақтары бойынша анықтау кезінде 4 өлшемшарт ескерілді:

Бірінші. Жабдықтың тозуы, оның орташа көрсеткіші 66%-ды құрайды, бұл ретте Орал, Степногорск, Тараз, Қызылорда, Кентау қалаларында ЖЭО тозуы 80%-дан асады.

Екінші. Технологиялық бұзушылықтар саны, талдауға сәйкес 2021 жылдың қорытындысы бойынша электр станцияларында авариялық ажыратулар 2020 жылмен салыстырғанда 5%-ға өскені анықталды.

Үшінші. Пайдалану мерзімі. Жылу электр орталығының орташа пайдалану мерзімі – 61 жыл. Олардың шамамен 76%-ы 50 жылдан астам жұмыс істейді.

Төртінші. Жалақының төмен деңгейіне байланысты кадрлардың жетіспеушілігі.

«Қазақстандағы жылу электр орталығы өндірістік персоналының орташа жалақысы 2021 жылы 224 100 теңгені құрады. Өздеріңіз білетіндей, жылу электр орталығында шығындар жылу және электр энергиясы бойынша бөлінеді. Жылу электр орталықтарында жылу энергиясының тарифтерінде 5% жыл сайынғы еңбекақы төлеу қорының өсуіне көзделеді. Энергетика министрлігі электр энергиясына шекті тарифтерді қарау кезінде электр энергиясын өндіруге тартылған персонал үшін жалақының 15% өсуін көздеді», — Б. Ақшолақов.

Қызыл аймақтағы жылу электр орталықтары үшін келесі күзгі-қысқы кезеңде тәуекелдерді азайту мақсатында негізгі жабдыққа күрделі жөндеу, реконструкциялау, жаңғыртуды жүргізу көлемі айқындалды. Алдын ала деректер бойынша, жоғарыда аталған жұмыстарды орындау үшін 182 млрд теңге көлемінде қаржыландыру қажет. Бұл есеп бенчмаркинг шеңберінде жүргізілді.

Энергетика министрінің айтуынша, электр және жылу энергиясына бекітілген тарифтерді ескере отырып, энергия өндіруші ұйымдарды жөндеу үшін көзделген ақшалай қаражат 93 млрд теңгені құрайды.

Қазіргі уақытта электр станцияларының бекітілген тарифтер шеңберінде электр және жылу энергиясын өткізуден түсетін кірістері толыққанды жөндеулерді орындау үшін шығыстарды өтемейді. Жеткіліксіз қаржы сомасы 88 млрд теңгені құрайды.

Коммуналдық және квазимемлекеттік меншіктегі 12 жылу электр орталығы бойынша жоғарыда аталған жұмыстарды іске асыру үшін мемлекеттік бюджеттен, ал 22 жеке жылу электр орталығы бойынша – меншік иесінің өз қаражаты есебінен қаржыландыру ұсынылады.

Мемлекет басшысының 2022 жылғы 1 қыркүйектегі Жолдауын іске асыру үшін 2023 жылы «Тарифті инвестицияға айырбастау» жаңа бағдарламасын қабылдау мәселесі пысықталуда. Электр станцияларына инвестицияларды қамтамасыз ету қолданыстағы резервтерді ең жылдам және тиімді түрде тартуға мүмкіндік береді. Бағдарлама энергия өндіруші ұйымдардың қолданыстағы активтерін реконструкциялауға, жаңғыртуға және кеңейтуге, сол арқылы энергия жүйесі жұмысының сенімділігін арттыруға және 2035 жылға қарай өндіруші қуаттардың тозуын 15%-ға төмендетуге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар бағдарламада:

  • салаға жыл сайын 400 млрд теңгеге дейін инвестиция тарту;
  • нарыққа қатысушыларды қарсы міндеттемелермен қамтамасыз ету көзделген.

«Жылумен жабдықтауды жүзеге асыратын және қатты тозған станциялардың техникалық аудиті негізінде инвестицияларды талап ететін басым жобалар айқындалатын болады», — деді Б. Ақшолақов.

Сонымен қатар:

  • электр қуатының әзірлігін ұстап тұру жөніндегі қызметке шекті тарифті айына 1 МВт үшін 590 мың теңгеден 2 млн теңгеге дейін ұлғайту, кейіннен инфляция деңгейіне индекстеу.
  • Бекітілген шекті тарифтерде электр және жылу энергиясын өткізуден алынатын электр қуатының әзірлігін ұстап тұру қызметін (технологиялық минимум, орталықтандырылған сауда-саттық) және амортизациялық аударымдарды іске асырудан алынатын қаражатты нысаналы пайдалану бойцынша заңнамаға өзгерістер енгізу қажет.

Энергетика министрінің айтуынша, қазіргі уақытта Қазақстан Республикасында электр желілерінің орташа тозуы шамамен 66% құрайды, бұл ретте Шығыс Қазақстан облысында 81%, Батыс Қазақстан облысында 80%, сондай-ақ Қостанай облысында 74%. Осыған байланысты 2022 жылы 2021 жылмен салыстырғанда технологиялық бұзушылықтар саны 183 жағдайға және өндірістік жарақаттану саны 7 жағдайға ұлғайды.

«Жоғарыда айтылғандарға байланысты жергілікті атқарушы органдар деңгейінде шешуді талап ететін мынадай шұғыл жүйелік шараларды қабылдау қажет деп санаймын: бұрын бөлінген жер учаскелерін инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету; иесіз электр желілерін анықтау және оларды коммуналдық меншікке қабылдау, құқық белгілейтін құжаттарды ресімдеу және осы объектілерді энергия беруші ұйымдардың теңгеріміне одан әрі беру жөніндегі жұмысты жандандыру қажет», — деді Б. Ақшолақов.

Сонымен қатар Энергетика министрлігі еліміздің электр станцияларына тәуелсіз техникалық аудит жүргізу бойынша жұмысқа кірісті. Техникалық аудитті жүргізу Дүниежүзілік банктің техникалық көмегі арқылы жүзеге асырылады. Техникалық аудиттің бірінші кезеңін өткізуге арналған ашық конкурс шеңберінде Дүниежүзілік банк KPMG Үндістан, KPMG Қазақстан және Acelerex Inc кіретін компаниялардың консорциумын таңдады, жобаның жергілікті үйлестірушісі «Электр энергиясы мен қуаты рыногының Қазақстандық операторы» АҚ болып табылады. Техникалық аудитті аяқтау мерзімі 2023 жылдың бірінші тоқсанының соңына жоспарланған.

Сондай-ақ Дүниежүзілік банкпен электр желілерінің жай-күйіне техникалық аудиттің екінші кезеңін өткізу жөнінде уағдаластық бар, қазіргі уақытта техникалық тапсырма келісілуде.

Осы жұмыстың қорытындысы бойынша техникалық аудиттің үздік әлемдік тәжірибелерін қолдана отырып және физикалық тозуды азайту, жұмыс сенімділігін арттыру және энергия жабдықтарын қауіпсіз пайдалану бойынша тиісті ұсынымдар бере отырып еліміздің энергетикалық кәсіпорындарына техникалық аудит алу жоспарлануда.

Кәсіпкерлік кодекске сәйкес субъектілерді тексеру нормативтік құқықтық актілердің талаптары көрсетілетін тексеру парақтары негізінде жүргізіледі. Алайда тексеру парақтарына жергілікті пайдалану нұсқаулықтарында және нормативтік құқықтық актілерге жатпайтын өндіруші зауыттардың нұсқаулықтарында көрсетілген энергия жабдықтарын пайдалану жөніндегі талаптар кірмеген. Бұл талаптар энергия кәсіпорындары мен тұтынушылардың энергия жабдықтарының тиісті техникалық жай-күйін қолдау үшін міндетті болып табылады.

Жоғарыда айтылғандардың негізінде Энергетика министрлігі мемлекеттік энергетикалық қадағалау органының функциясын күшейту бойынша түзетулер дайындады және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жылу энергетикасы және электр энергетикасы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасына енгізді. Сондай-ақ мемлекеттік энергетикалық бақылауды күшейту бөлігінде реттеушілік әсерге талдау жүргізілді.

Энергетика министрлігінің энергетикалық бақылауды күшейту жөніндегі тәсілдері:

  • электр станцияларына, жылу және электр желілеріне энергетикалық бақылау жүргізе отырып, Кәсіпкерлік Кодекс шеңберінен шығару;
  • тәуекел дәрежесін бағалау өлшемшарттарын және тексеру парақтарын қолданбай бақылауды жүзеге асыру;
  • станцияларды, жылу және электр желілерін жыл сайын кемінде 4 рет тексеру;
  • магистральдық жылу желілерін бақылауды жергілікті атқарушы органдардан Комитетке беру;
  •  ұйғарымдарды сот тәртібімен мәжбүрлеп орындау;
  • авариялар мен технологиялық бұзушылықтардың туындауына қарай бақылау жасау;
  • жөндеу жұмыстарына және инвестициялық келісімдердің орындалуына тексеру жүргізу;
  • Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексте айыппұлдарды ұлғайту және оларды кәсіпорындардың бірінші басшыларына салу.

Сондай-ақ мемлекеттік энергетикалық бақылау жөніндегі органның штат санын көбейтпесе, мемлекеттік энергетикалық бақылауды күшейту тиісті нәтиже бермейтінін атап өткен жөн.

«Атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитетінің 20 аумақтық департаментінде 3 қызметкер – мемлекеттік техникалық инспектор жұмыс істейді. Мемлекеттік инспекторлардың осы құрамы Қазақстан Республикасы объектілерінің электр қондырғыларының пайдаланылуы мен жұмыс қауіпсіздігін толық және сапалы бақылау үшін жеткіліксіз. Жоғарыда айтылғандардың негізінде, жұмыстың ауқымды көлемін ескере отырып, мемлекеттің атом энергиясы мен электр энергиясы саласындағы бақылауды жоғалтуына жол бермеу мақсатында Комитеттің аумақтық департаменттері персоналының штат санын ұлғайту ұсынылады», — деп түйіндеді Б. Ақшолақов.

ҚР индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаевтың хабарлауынша, бүгінгі күні қалалардағы жылу желілерінің жалпы ұзындығы 12,1 мың шақырымды құрайды, оның 6,7 мың шақырымы ауыстыруды талап етеді, орташа тозу деңгейі – 55%. Қажетті инвестиция көлемі шамамен 2,2 трлн теңге.

Әкімдіктердің деректері бойынша табиғи монополиялардың 83 субъектісі 74 қалада жылумен жабдықтау қызметтерін көрсетеді, оның ішінде 61 коммуналдық кәсіпорынның теңгерімінде 10,2 мың шақырым, 22 жеке субъектінің теңгерімінде 1,9 мың шақырым жылу желілері бар.

«45 қаладағы желілердің тозу деңгейі 50%-дан төмен, ұзындығы 4,3 мың шақырым. Желілердің 1,4 мың шақырымы ауыстыруды талап етеді, оларға 52 табиғи монополиялар субъектісі қызмет көрсетеді. 19 қаладағы желілердің тозу деңгейі 50-ден 70%-ға дейін, ұзындығы 5,9 мың шақырымды құрайды. Соның ішінде 3,7 мың шақырымы ауыстыруды талап етеді, желілер 20 субъектінің теңгерімінде. 7 қаладағы желілердің тозу деңгейі 70%-дан асады, ұзындығы 1,9 мың шақырым. Соның ішінде 1,6 мың шақырымы ауыстыруды талап етеді, олар 7 субъектінің теңгерімінде. Риддер, Шемонаиха және Арқалық қалаларындағы төрт субъект бойынша ұзындығы 52 шақырым болатын желілердің нормативтік пайдалану мерзімі өтіп кеткен», — деді Қ. Өскенбаев.

2015 жылдан 2022 жылға дейін «Нұрлы жер» және «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламалары аясында бюджеттік кредит және субсидиялау тетіктері арқылы 295 млрд теңге бөлінді, 3,5 мың шақырым желілер салынды және реконструкцияланды. Бұл ретте 2020 жылдан бастап тарифтердің шектелуіне (тарифтердің өсуін тежеу) және қаражаттың қайтарымдылығын қамтамасыз ету үшін табиғи монополиялар субъектілерінің шығынына байланысты жергілікті атқарушы органдардың бюджеттік кредиттеуге қызығушылығы төмен екені байқалады.

Осыған байланысты, жылу желілерін кезең-кезеңімен жаңғыртудың келесідей тәсілін ұсынамыз.

Бірінші кезең: 2023-2030 жылдары тозуы 70%-дан асатын жылу желілерін ауыстыру ұсынылады. Бұл 1,6 мың шақырымды құрайды.

Екінші кезең: 2030-2040 жылдары тозуы деңгейі 50-ден 70%-ға дейінгі жылу желілерін ауыстыру ұсынылады. Бұл 3,7 мың шақырымды құрайды.

«Тозуы 50%-дан төмен жылу желілерін субъектілердің инвестициялық бағдарламалары шеңберінде ауыстыру ұсынылады», — деді индустрия және инфрақұрлымдық даму министрі.

Бірінші кезең бойынша 10 қалада 11 субъект қаралатын болады, желілердің ұзындығы 1,9 мың шақырым, оның ішінде ауыстыруды талап ететіні – 1,6 мың шақырым. Шығыс көлемі шамамен 538 млрд теңгені құрайды. 7 жыл ішінде тарифтің тиісті деңгейін белгілей отырып, бюджеттік кредиттеу арқылы жыл сайын 75 млрд теңге сомасына 225 шақырым жылу желілерін ауыстыру ұсынылады.

Екінші кезең бойынша 19 қалада 20 субъект қаралатын болады желілердің ұзындығы 5,9 мың шақырым, оның ішінде 3,7 мың шақырымы  ауыстыруды талап етеді. Шығыс көлемі шамамен 1,2 трлн теңгені құрайды.

«10 жыл ішінде тарифтің тиісті деңгейін белгілей отырып, бюджеттік кредиттеу арқылы жыл сайын 122 млрд теңге сомасына 370 шақырымды ауыстыру ұсынылады», — деді Қ. Өскенбаев.

Бүгінгі күні жылу желілерін реконструкциялау мен салуды қаржыландырудың үш тетігі жұмыс істейді:

Бірінші – бюджеттік кредит, сыйақы мөлшерлемесі – жылдық 0,01%, кредит беру мерзімі – 20 жылға дейін, негізгі борышты төлеу бойынша жеңілдікті кезең – 6 жыл;

Екінші – халықаралық қаржы институттарымен бірлескен қаржыландыру арқылы субсидиялау. Мұнда қаржы институттары арқылы 50% және бюджеттен субсидиялар арқылы 50% қаржыландырылады.

Үшінші – әкімшісі Ұлттық экономика министрлігі болып табылатын «Моно және шағын қалаларды дамыту» бюджеттік бағдарламасы шеңберінде нысаналы трансферттер бөлу.

Қаржылық тұрақтылығы төмен мемлекеттік субъектілер үшін бюджеттен нысаналы трансферттер арқылы қаржыландыру ұсынылады. Жылу желілерінің жағдайын жақсарту үшін әкімдіктер келесідей шараларды атқаруы қажет:

  • жылумен жабдықтау желілерінің тозу деңгейін ескере отырып, әрбір субъект бөлінісінде іс-шаралар жоспарын бекітуі;
  • 2023 жылғы 1 маусымға дейін жылу желілеріне техникалық тексеру жүргізуі;
  • 2023 жылдың І жартыжылдығында 2023 жылы жоспарланған құрылыс-монтаждау жұмыстарын қамтамасыз ету үшін жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеуді аяқтауы;
  • 2024 жылдың соңына дейін 1-кезең бойынша жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеуді аяқтауы;
  • нысаналы трансферттерге бюджеттік бағдарлама ашуы тиіс.

Сондай-ақ мәліметтердің қолжетімділігін қамтамасыз ету және табиғи монополия субъектілерінің желілерін дамытуды жедел жоспарлау үшін инженерлік инфрақұрылымның деректерін және олардың техникалық жай-күйін қала құрылысы кадастры жүйесіне енгізу қажет. 

Абай облысының әкімі \нұрлан Ұранхаевтың хабарлауынша, өңірде орталықтандырылған жылумен жабдықтау 44 жылу көзімен қамтамасыз етіледі, оның ішінде: 4 қуаты сағатына 100 Гкал-дан астам және 40 қуаты сағатына 100 Гкал-дан аз.

«Облыстың жылу көздерінің көпшілігі 35 жылдан астам пайдаланылуда, 44 жылу көздерінің орташа тозуы 46,17% құрайды. Өңірде 455,2 км жылу желілерінің орташа тозуы 63,8% құрайды. Оның ішінде Семей қаласының 315 км желілерінің тозуы 68%. Семей қаласындағы желілердің көп бөлігі 40 жылдан астам пайдаланылып келеді, ал Семей қаласының оң жағалауында жылу желілері 1963-1965 жылдары салынған», — деді облыс басшысы.

Биыл жылыту маусымына дайындық шеңберінде облыста 585,6 млн теңге сомаға 3,2 км желіні және 1034,08 млн теңге сомаға жылу көздерін қайта жаңартумен жөндеу жұмыстары жүргізілді. Жоспарланған іс-шаралар толық көлемде орындалды.

Алайда, Семей қаласын жылумен жабдықтау бойынша жағдай күрделі күйінде қалып отыр. Егер 2021-2022 жылғы жылыту маусымында 310 технологиялық бұзушылық тіркелген болса, оның ішінде: 31 жылу көздерінде, 279 жылу желілерінде, содан кейін 2022-2023 жылғы жылыту маусымының 2,5 айында ғана 168 технологиялық бұзушылық орын алды, оның ішінде: 25 жылу көздерінде, 143 жылу желілерінде технологиялық бұзушылықтар, бұл технологиялық бұзушылықтардың алдыңғы жылыту маусымымен салыстырғанда көбеюін болжайды.

Жылу көздері мен желілердің жоғары тозуының сыни болуына, сондай-ақ Семей қаласының өсу перспективасын ескере отырып, жылу энергиясының тапшылығына байланысты біз желілер мен қазандықтарды қайта құру іс-шараларының кешенді жоспары дайындалды, оларды іске асыруға 2023 жылы республикалық бюджеттен 12,5 млрд теңге сомасында қаржыландыруды қолдау сұралды.

Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаевтың хабарлауынша, өңірде тіршілікті қамтамасыз ететін негізгі кәсіпорын «МАЭК» ЖШС болып табылады. Энергия кешені электр және жылу энергиясын, ауыз суды, ыстық және техникалық суды өндіреді.

МАЭК құрамына – екі жылу электр орталығы, бір электр станциясы, дистиллят дайындау және өнеркәсіптік жылу-сумен жабдықтау зауыты кіреді.

«Кәсіпорынның негізгі құрал-жабдықтары 1962-1990 жылдарда іске қосылған, тозу деңгейі – 81% құрайды. 2023 жылдан бастап кәсіпорын облыстық коммуналдық меншікке беріледі, содан кейін энергетикалық жабдықтарға техникалық аудит жүргізілетін болады», — деді Н. Ноғаев.

Кәсіпорынды жаңғырту аясында жобамен құны – 127,7 млрд теңге құрайтын 6 жобаның құрылысын және жаңғырту жұмыстарын іске асыру жоспарланып отыр. Оның ішінде:

  • 1 су тұщыту қондырғысының құрылысына (24,0 мың м3/тәулік) жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп, мемлекеттік сараптаманың қарауында, шығу мерзімі  2023 жылдың қаңтар айы. Іске асыру мерзімдері – 2023-2024 жылдары;
  • 1 бу-газ қондырғысының құрылысын (139 МВт) – электр энергиясы қуатына арналған жеке инвестициялық тариф арқылы іске асырылу көзделген, осы жылдың 12 қарашасында ҚР Энергетика министрлігімен инвестициялық келісім жасақталды. Іске асыру мерзімдері – 2024-2026 жылдары;
  • 1 қазандық құрылысына (100 Гкал/сағат), 2 қазандық агрегатын  (377 Гкал/сағат) және 1 турбоагрегатты (65 МВт) жаңғыртуға техникалық-экономикалық негіздемесі әзірленуде, аяқтау мерзімі 2023 жылдың 2 тоқсан. Іске асыру мерзімдері – 2024-2028 жылдары. 

Өңірде Ақтау қаласының жылу жүйелерін қайта жаңарту мәселелері өте өзекті болып отыр. Жылу желілерінің тозуы 88% құрайды (жалпы ұзындығы 438 км тозғаны 386 км). Осы мәселелерді шешу үшін 2026 жылға дейін кезеңмен (5 аймақта) Ақтау қаласында жалпы құны 79,0 млрд.теңге құрайтын 25 шағынауданда 386 км жылу желілеріне қайта жаңарту жұмыстары жүргізілетін болады.

«Бүгінгі күні 1 кезеңдегі 9 шағынауданның жылу желілерінің жай күйіне техникалық зерттеу жұмыстары жүргізіліп, 3 шағынауданның 10,2 км жылу желілерін қайта жаңартуға жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне 11,5 млрд теңгені қаржыландыруға бюджеттік өтінім берілді. Қалған 6 шағынаудан бойынша жобалық-сметалық құжаттамалар әзірленуде, 2023 жылдың 1-тоқсанында аяқталатын болады», — деді Маңғыстау облысының әкімі.

Сонымен қатар кезеңмен 16 шағынаудандағы жылу желілерінің жай күйіне техникалық зерттеу және жобалық-сметалық құжаттамалар әзірленеді. 

Павлодар облысының әкімі Асайын Байхановтың айтуынша, қазіргі уақытта Екібастұз жылу электр орталығы штаттық режимде жұмыс істеуде, жылу параметрлері тұрақты. 6 қазандық жұмыс істеп тұр, біреуі резервте, үшеуі жөнделуде.

Қаланың барлық көпқабатты және жеке меншік жер үйлері жылумен қамтамасыз етілген.

«Жылыту жүйесінде тұрақты теңгерімнің болмауы салдарынан жылу сапасына шағымдар келіп түсуде. Олар бойынша температура параметрлерін теңестіру және реттеу жұмыстары атқарылуда. Тұрғын үйлердегі шағымдарға қатысты 109 бірыңғай байланыс орталығы тәулік бойы жұмыс істейді. Келіп түскен барлық өтініштер дереу арнайы жұмыс тобына беріліп, тиісті іс-әрекеттер қабылданады», — деді А. Байханов.

Қаланың мектептері мен балабақшалары осы аптада оқушыларын қайта қабылдай бастады.

«Жылыту кезенінің тұрақты өтуін қамтамасыз ету үшін өңірде жедел жоспар әзірленді, тәулік бойы ерекше бақылауға алынған неғұрлым осал обьектілер айқындалды», — деді өңір әкімі.

Оқиғаны қайта болдырмау үшін бірнеше бағыттарда жұмыс атқарылып жатыр:

Бірінші – жақын арадағы мақсат – жылыту маусымының соңына дейін қосымша қуатпен қамтамасыз ету. Осыған орай жылумен қамту станциясының 3 қазандығы жөнделіп жатыр.

Екінші – Екібастұз қаласының жылу жабдықтаудың барлық жүйелеріне кешенді жылу-энергетикалық аудит жүргізу үшін техникалық тапсырма әзірленді. 

Үшінші – әкімдік Екібастұз жылу электр орталығы иелерімен бірлесіп, алдағы көктемгі және күзгі гидравликалық сынақтарға дайындалуға кірісті. Көпқабатты үйлердің шамадан тыс жылудан ажыратылуына себеп болған зақымдалған құралдар ауыстырылады.

Төртінші – жылумен жабдықтаудың жаңа желілерін қайта құру ушін жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеу қолға алынды. Құжаттаманы 2023 жылдың наурыз айының ортасына дейін дайындау көзделіп отыр.

primeminister.kz