Қар көшкіні – бұл тау беткейлерінің қар жамылғысымен толық жабылып, қар қабатының температура әсерінен тығыздығы артып, қар қайтадан кристалданып, ішінде қиыршық горизонттың пайда болуынан қар массасының тау беткейімен төмен қарай жылдам қозғалуы.
Жетісу Алатауының солтүстік және солтүстік – батыс беткейлерінде ( Қора шатқалы мен Текелі өзені алаптарында) қар көшкіні қаупі жоғары 45 ошақ тіркелген. Оның ішінде 9 потенциалды қауіпті ошақ, 10 – нан астам әртүрлі объектілер, 2 – ға жуығы жергілікті тұрғындарға және маңызды автожолға қауіпті саналады.
Текелі қаласы аумағында, қар көп жауатын, қолайлы геоморфологиялық және топырақтық – ботаникалық жағдайлары бар Жетісу Алатауының солтүстік және солтүстік – батыс жоталарында ірілі – ұсақты қар көшкіні болып тұрады. 20 – 60 грдустық құлама тау беткейлерінде, қар жаңа жауған және ауа – райы құбылмалы болып, циклондық, антициклондық құбылыс кезіндекөшкін болудың ықтималдығы жоғарылайды. Сирек қайталанатын көшкіннің көлемі 1млн. текше метрге қозғалысының ең үлкен жылдамдығы 100 метр секундқа дейін жетеді. Барлық көшкіндердің 50 % — ке жуығы жазыққа дейін жетіп, халық пен шаруашылық объектілеріне тікелей қауіп төндіреді. Көшкіннің кедергіге көрсететін қысымы 1 шаршы метр үшін бірнеше жүз тоннаға жетүі мүмкін.
Тауда және тауға жақын елді мекендегі кез келген адам қыс мезгіліндегі таудағы қауіптерді, сақтандыру шараларын білуге міндетті.
Жай адамдар көшкінге қыстың суық мезгілінде тауда жүрудің қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтамаудан тап болса, ол альпинистер мен тауға шығуды әдет қылған туристер бұған жыл бойы әзір болуға тиіс. Тау әуесқойлары тап келетін барлық бақытсыз оқиғалардың 25 % — жуығы көшкіннің еншісінде. Ол әдетте бағыт пен қозғалыс уақытын дұрыс таңдай алмаудан, көшкін қаупі бар беткейлерден тәуекелшілдікпен етуден, көшкіннің пайда болу табиғаты туралы білмеуден, тәртіп бұзудан болады.
Тауға шығарда қауіпті қар көшкіні болатын картамен танысып, мамандармен ақылдасу, бұқаралық ақпарат құралдарынан таудағы жағдайларды үнемі тыңдап отыру керек. Тауда болған кезде бірден тік құздарға шықпаңыз, бұталар мен ағаштар жоқ жерге бармаңыз, тек қана тапталған жолмен жүру керек. Сонымен қатар, қоршаған ортаға мұқият қарап, кездескен жабайы хайуанаттардың мінезін зерделеген жөн (тау ешкілері қар көшкінінің ықтималдығын алдын ала сезіп, қауіпті аймақтан кетеді), сондай – ақ беткейдегі қардың төзімділігін қолда бар қауіпсіз әдістермен тексеру қажет.
Текелі қаласы аумағында қар көшкінін алдын ала ескертіп, қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында «Қазселденқорғау» ММ Текелі қалалық бөлімінің ұйымдастыруымен қар көшкіні қаупі бар телімдерде 10 – нан астам ескрту және ақпараттық қалқандар орнатылды. Соңғы уақытта қалыптасқан күрделі ауа – райына сараптама жасай отырып, көшкін кезеңінің ұзақтығы аталған аймақта қардың барына және жиналу кезеңіне сәйкес болады. Көшкіннің ең белсенді уақыты көктем мезгілі болып саналады, абай болыңыздар дейміз!
Байланыс телефондар;
8(728-35) 5-20-96; 8(728-35) 4-92-29 – факс; 8 777 388 92 34.
А. Т. Сазанбаев, ҚР ТЖМ «Қазселденқорғау» ММ-нің
«ЖААПБ» филиалының Текелі өндірістік – пайдалану бөлімінің басшысы .