ҚР ЕХӘҚМ Көші-қон комитеті төрағасының м.а. Ильяс Испанов ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша әзірленген Қазақстанның 2023-2027 жылдарға арналған көші-қон саясатының жаңа тұжырымдамасы туралы айтты.
Ильяс Испанов өз сөзінің басында Тұжырымдама елдің экономикалық дамуын кадрлық қамтамасыз етуге жәрдемдесуге бағытталғанын атап өтті. Онда негізгі мәселелердің 3 блогы анықталған. Олар: елімізге білікті кадрлардың келуін ынталандыру, шетелде жұмыс істейтін қазақстандықтардың құқықтарын қорғау, ел өңірлері арасындағы демографиялық теңгерімсіздіктерді жою, сондай-ақ Қазақстанға тапшы кәсіптер бойынша 500 үздік маман тарту көзделетін 7 бағыт.
«Бірінші бағыт – білім беру иммиграциясы, оның мақсаты Қазақстанды өңірлік білім беру хабы ретінде айқындау болып табылады. Профессор-оқытушылар құрамын күшейту және білім беру сапасын арттыру үшін Қазақстанға сұранысқа ие мамандықтар бойынша 100 үздік оқытушы мен сұранысқа ие технологиялар бойынша ғалымдарды тарту ұсынылады.
Тұруға ықтиярхат алу құқығымен он жылдық «Ғылыми-педагогикалық виза» берудің оңайлатылған тәртібін және кейіннен Қазақстан азаматтығын енгізу көзделеді. Осындай мүмкіндіктерді тапшы мамандықтар бойынша оқитын шетелдік студенттер арасынан магистранттар мен бакалаврлар үшін тарату ұсынылады», – деді Ильяс Испанов.
Екінші бағыт – бизнес-иммиграция. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша және ЭЫДҰ елдерінің тәжірибесіне сүйене отырып, инвестициялық виза берудің шегін 300 мың АҚШ долларына дейін төмендету ұсынылады. Мигранттардың осы санаты үшін тұруға ықтиярхаты бар және бизнесті тіркеу, меншікке иелік ету, персоналды жалдау, қаржылық төлемдер жүргізу және олардың кәсіпкерлік қызметінен туындайтын кез келген операцияларды еркін жүзеге асыру құқығы бар «Инвесторлық визаны» енгізу көзделеді.
Үшінші бағыт шеңберінде елімізге жиі тартылатын және бір мезгілде Қазақстан үшін тапшы кәсіптер бойынша 100 үздік шетелдік мамандарды тарту ұсынылады. Олар үшін тұруға ықтиярхаты бар «Бағалы дағдылар визасы» енгізіледі және бағалы дағдылардың (тапшы кәсіптер мен мамандықтар) үнемі жаңартылып отыратын рейтингі қалыптастырылады.
Бұл ретте көрші елдерден, оның ішінде бейресми арналар арқылы келетін еңбек мигранттарының қозғалысын есепке алуды күшейту көзделеді.
Еңбек мигранттарын тарту жеке тұлғалардың нақты қажеттілігін ескере отырып айқындалатын болады, сондай-ақ мигранттардың еңбек қызметінің орнын қатаң бақылау қамтамасыз етілетін болады.
2022 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша жергілікті атқарушы органдар жұмыс берушілерге Қазақстанға шетелдік жұмыс күшін тартуға 14 957 рұқсат берді және ұзартты, оларға 6,6 млрд теңгеден астам салық алымы төленді.
«Келесі бағыт этникалық көші-қонды реттеуге қатысты. Мұнда жұмыс екі негізгі аспект бойынша жүргізіледі.
Біріншісі – шетелде тұратын этникалық қазақтардың әлеуетін пайдалану. Осы мақсатта этникалық қазақтарға, басқа елдердің азаматтарына, жоғары деңгейдегі кәсіпқойларға немесе өз елдерінде табысты бизнес-кейстерді іске асырған және оларды Қазақстанда масштабтауды қалайтын «Ата жолы» картасын енгізу ұсынылады. Олардың тарихи отанын дамытуға қосқан үлесін жыл сайынғы «Парыз» байқауы аясында Президенттік сыйлықпен марапаттауды ұсынамыз.
Екіншісі – елге келетін қандастардың көші-қонын реттеу тетіктерін жетілдіру. Қандастарды қоныстандыру саясатын елдің демографиялық және экономикалық үрдістерін ескере отырып, оларды құжаттарды қабылдаудың бастапқы кезеңінде қоныстандыру өңірлеріне қоныстандыруды қосымша ынталандыра отырып түбегейлі реформалау ұсынылады», – деп хабарлады Испанов.
1991 жылдан бастап республикаға 1 млн 105,7 мың этникалық қазақ, оның ішінде биылғы 11 айда 17 888 адам оралды. Осы жылдың басынан бастап Қазақстанға қандастардың жартысынан көбі (63,5%) Өзбекстаннан, 9,9% – Ресейден, 9,1% – Түркіменстаннан, 8,6% – ҚХР-дан, 4,9% – Моңғолиядан, сондай-ақ басқа елдерден 4%.келген.
Елге келген этникалық қазақтар негізінен Алматы (27,1%), Маңғыстау (17,7%), Түркістан (8,3%) және Жамбыл (6,1%) облыстарында, сондай-ақ Астана (9,1%), Шымкент (6,6%) және Алматы (5,5%) қалаларында қоныстанды.
Бесінші бағыт – пана іздеушілер және босқындармен жұмыс. Министрлік уәкілетті мемлекеттік органдармен бірлесіп БҰҰ стандарттарымен ұлттық заңнама нормаларын сай келтіру жөнінде ұсыныстар әзірлейтін болады.
Қазіргі уақытта елде 438 босқын және пана іздеуші 722 адам тіркелген. Олардың көпшілігінде Ауғанстан (415 босқын), Украина (537 пана іздеуші) және т. б. азаматтары бар. Негізінен босқындар мен пана іздеушілер Алматы қаласында (343 босқын, 193 пана іздеуші), Шымкент қаласында (81 босқын, 48 пана іздеуші), Алматы облысында (11 босқын, 58 пана іздеуші) және Астана қаласында (98 пана іздеуші) шоғырланған.
Алтыншы бағыт – шетелде жұмыс істейтін Қазақстан азаматтарының құқықтарын қорғауды қамтамасыз етуді көздейді. Қазақстандықтардың саны жағынан ең көп жұмыс істейтін елдерде қазақстандық еңбек мигранттарының құқықтарына кепілдік беретін мемлекетаралық келісімдер пакетін қабылдау ұсынылады.
«Тұжырымдаманың соңғы бағыты халықтың ішкі ұтқырлығын ынталандыруды көздейді, еліміздің еңбек күші артық өңірлерінен еңбек күші тапшы өңірлеріне көшу. Негізгі шарт жұмыс орындарының болуы және тұрғын үймен қамтамасыз ету мүмкіндігі. Оны сақтау үшін жұмыс бір мезгілде бірнеше бағыт бойынша жүргізілетін болады: жұмыс берушілердің жергілікті жерлерде жұмыс орындарын құруы; елдің басқа өңірлерінде табысты іске асырылған жобаларды, сондай-ақ Жамбыл облысының ауыл шаруашылығы кооперациясындағы тәжірибесін солтүстік өңірлерге трансферттеу және масштабтау; гранттар беру, қоныс аударушылар мен қандастарды оқытуды ұйымдастыру, кейіннен жұмысқа орналасуға жәрдемдесу; жұмыс беруші растаған жұмыс орны болған жағдайда тұрғын үй құнының 50% мөлшерінде шығындарды өтеуге құқық беретін экономикалық ұтқырлық сертификаттарын беру», – деп толықтырды Ильяс Испанов.
2022 жылы қоныс аударушыларды қабылдаудың өңірлік квотасы 8 086 бірлік мөлшерінде белгіленді, оның ішінде қандастар үшін 1 499 және қоныс аударушылар үшін 6 587 болып отыр. Осы жылғы 1 желтоқсанға квотаны орындау 7 552 адамды (1 235 қандас және 6 317 қоныс аударушы) немесе белгіленген көлемнің 93,4%-н құрайды. Еңбекке жарамды жастағы 3 485 қоныс аударушының 2 447-сі немесе 70%-ы тұрақты жұмыс орындарына орналастырылған.
Сөз соңында Ильяс Испанов көші-қон ағындарының қозғалысын есепке алу мақсатында мигранттардың 13 бағыты бойынша қозғалысты есепке алудың бірыңғай интеграцияланған ақпараттық жүйесі құрылатынынан хабардар етті. Бұл қызмет алушыларға «бірыңғай терезе» қағидаты бойынша рұқсат құжаттарын онлайн ресімдеуге мүмкіндік беретін болады. Сондай-ақ, ақпараттық жүйе көші-қон процестеріне мониторинг жүргізуге, мигрантты цифрлық сәйкестендіруге, оның қаржылық операцияларын бақылауға, қажет болған жағдайда нақты орналасқан жері мен қозғалысын бақылауға мүмкіндік береді.